Батыс Алтай
Шығыс Қазақстан облысы, Риддер өңіріндегі мемлекеттік табиғи қорық – қыста ерекше сұлулыққа бөленетін Алтай тауларының інжу-маржаны. Әсіресе қыс мезгілінде ерекше сәнге бөленіп, көркем көз тартады. Қалың шыршалы тайга, ақ қарға оранған тау бөктерлері мен әсем тыныштық бұл аймақты демалысты мазмұнды өткізетін тамаша мекенге айналдырады. Өңір экотуризмді дамытуға да барынша сұранып тұр. Мұнда тау шаңғысы, фрирайд, сноуборд, қысқы хайкинг, фототурлар сияқты қызмет түрлері көрсетіледі.
Катонқарағай
Еліміздегі ең ірі ұлттық парктердің бірі қыста мүлде бір бөлек көрініске енеді. Берел қорғаны, Рахман қайнары, Қаракөл көлі, мұзды шыңдар және қалың қарағайлы ормандарымен кеңінен танымал. Қыс мезгілінде қар жамылған тау шатқалдары, тылсым тыныштық, саф ауа туристерге ерекше көңіл күй сыйлайды. Мұнда түрлі экотурлар, хайкинг, табиғатқа фото-жорықтар ұйымдастыруға болады. Жалпы, аудан көлемінде қысқы туризмнің әлеуеті жоғары. Мұнда алдағы уақытта тау шаңғы трассаларын дамыту, туристік кешендер салу жоспарланып отыр. Бұл аймақты қысқы демалыс пен балық аулау сияқты іс-әрекеттерге барынша бейімдеп, қонақтарды тартуға тиіс.
Алматы, Іле Алатауы
Алматы қаласы – еліміздің қысқы туризмімен танымал ірі орталығы. Шымбұлақ шатқалы – түрлі деңгейдегі трассалармен жабдықталған Орталық Азиядағы ең әйгілі тау-шаңғы курорты. Медеу мұз айдыны да туристер, демалушылар арасында кеңінен танымал, барша тұрғындар асығып тұратын тартымды орын. Іле Алатауының тамаша ландшафты мен табиғи қары қысқы демалысқа қолайлы жағдай тудырады. Басты артықшылығы, қала орталығынан тау бөктеріне небәрі 20–30 минутта жетуге болады. Алматы маңындағы қысқы туризм «Almaty Superski» сияқты әлемдік деңгейдегі жобалармен, тау-шаңғы курорттарының дамуымен, инфрақұрылымды жетілдіру арқылы қауырт өсіп келеді. Бұл да болса, аймақты туризмнің табысты саласына айналдыруға бағытталған мемлекеттік қолдау мен жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Алматының қысқы туризмі – тау-шаңғы спортынан бөлек, мұздықтар, жайлаулар мен табиғи көріністерді көруді қамтитын, жан-жақты туризмді дамытуға бағытталған кешенді бағыт.
Бурабай
Қыста ерекше сұлулыққа бөленетін Бурабай – отбасылық демалысқа таптырмайтын орын. Аңызға толы тарихи
орындары, Оқжетпес, Бурабай көлі, қарағайлы ормандардың қарға оранған көрінісі, тыныш әрі таза ауа, жайлы демалыс базалары аймақты жылдың барлық мезгілінде де тартымды етіп тұрады. Курорт аумағы шаңғы, коньки тебу, қысқы серуендер құруға өте қолайлы. (Бурабай, Көкшетау өңірінің қысқы туризмінің тыныс-тіршілігі туралы газеттің осы санында арнайы жазылып отыр).
Шалқар, Имантау көлдері
Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне кіретін бұл аймақ – қысқы оңаша демалыс пен тыныштықты бағалайтындарға лайықты мекен. Ақ қарға оранған қайың тоғайлары, таза көлдер, тыныш экожүйе туристерге, қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлайды. Мұнда қарлы орман арасындағы серуен, қысқы балық аулау, табиғат аясындағы фотосессиялар, тыныш экодемалыс сынды қызмет түрлері көрсетіледі.
Жоңғар Алатауы
Жер жәннаты Жетісу өңіріндегі Жоңғар Алатауы – еліміздің жас әрі әлеуеті жоғары экотуристік бағыты. Туристерге, демалушыларға биік тау жоталары, қарлы асулар, жабайы табиғат көріністерімен етене таныс, барынша тартып тұрады. Табиғаты бастапқы күйінде сақталған аймақ фрирайд әуесқойлары, қысқы жорық жасаушылар, табиғат зерттеушілеріне, шытырман оқиғалар туризмімен әуестенетіндерге өте қолайлы.
Баянауыл
Мемлекеттік ұлттық табиғи парк қыста ерекше тылсым, әсем бір көрініске бөленеді. Жасыбай көлі, Қоңыр әулие үңгірі, Ботакөз шатқалы, Торайғыр көлі, тағы басқа да тарихи, табиғи орындар жылдың қай мезгілінде болсын баршаны өзіне баурап, тартып тұрады. Ал қыс мезгілінде қар жамылған тау жоталары, орман массивтері аймақты фототуризмнің сүйікті мекенін айналдырады.
* * *
Жалпы, қысқы спорт түрлері – шаңғы, сноуборд, коньки тебу, таза ауада серуен құру иммунитетті нығайтады, денсаулыққа аса пайдалы. Сондай-ақ қар басқан тау аңғарлары, даланың тамаша көріністері, ұсынылатын ұлттық тағамдар, ұйымдастырылатын дәстүрлі ойындар туристерге ерекше әсер қалдырады. Қысқы туризм – тек демалыс емес, экономикалық, әлеуметтік әрі мәдени дамудың бір бағыты. Ұтымды ұйымдастыра білсе, жергілікті орындарда инфрақұрылым дамиды – тау шаңғысы базалары, қонақүйлер, дәмхана-мейрамханалар бой көтереді, жолдар төселеді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Бір сөзбен, еліміз әлеуетін тиімді пайдаланса, әлемдік туристік нарықта өз орнын таба алады. Сала табыс көзіне айналып, экономиканы дамытуға ықпал етеді.