Тағзым • Кеше

Абайтанушыға арналған ғылыми жиын

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көрнекті абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми мұрасына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция ғалымның туған жерінде өтті.

Абайтанушыға арналған ғылыми жиын

Түркістан өңірінің Түл­кібас ауданында «Тәуел­сіздік құндылық­тары: өткенге тағзым, болашақ­қа аманат» тақырыбында өткен кон­фе­рен­цияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Жазушылар одағының өкілдері, жоғары оқу орын­дарының ректорла­ры, ға­лымдар, педагогтер, Мекемтас Мырзахметұлының шәкірт­тері қатысты. Конферен­ция­да ғалымдар саналы ғұмы­рын ғы­лымға арнап, ұлы ақын Абай ілімін, Қожа Ахмет Ясауи­дің хик­меттерін, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов пен даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығар­­­маларын зерттеген Мекем­­тас Мырзахметұлының ғылы­­ми еңбектері мен тарихи мақала­ларына жан-жақты талдау жасап, ой-пікірлерін ортаға салды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Президенттің ішкі саясат мәселе­лері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырық­баевтың және бірқатар облыс әкім­дерінің ғылыми-практи­калық конференцияға жолдаған құттықтау хаттары оқылды.

Жиында экономика ғы­лым­да­рының докторы, академик Ораза­лы Сәбден Мекем­тас Мырзах­метұлының Абайды ғылыми тұрғыда танытқан еңбегіне тоқта­лып, бірқатар ұсыныс-тілек­терін ортаға салды. «Абай­ды танытқан екі адам десек, бірі – Мұхтар Әуезов әдеби тұрғыда, екіншісі – Мекемтас Мырхазметұлы ғылы­ми тұрғыда танытты. Министрлік мекемтас­тану идеясын қолдап, қаржы бөлетін болса, Мекемтас Мырзах­метұлы еңбектерін зерттеу бойынша докторлық қорғалуға тиіс. Аты­рауда өткен Ұлттық құрыл­тай­ отырысында Абайды балдырғандарға балабақшадан бастап үйрету қа­жет­тігін айтқан едім. Ұлы Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» дейді. Сонда елден бөлек «толық адам» боласың. Осы орайда, абайтану, мекемтастануды мектепте оқыту, факультативтік сабақтар өткізу қажет. Яғни Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Ме­кемтас Мырзахметұлы, Шер­хан Мұрта­за, Мархабат Байғұт сынды тұлға­ларды тану, зерттеу, насихат­тау Түлкібастан басталуға тиіс», деді академик Оразалы Сәб­ден. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова ғалымның универси­тетте «Ясауитану» атты арнайы курс оқуды алғаш қолға алу­ға, Ясауи ілімі мен мұрасын зерт­тейтін ғылыми зертхана, кейін­нен орталық ашуға қосқан ерек­ше үлесін атап өтті. Сондай-ақ ға­лымдар «Абайдың толық адам ілімі М.Мырзахметұлы зерт­­теулерінде», «Абайтанушы ғұла­ма», «Мекемтас Мырзахмет­ұлы және Абайдың адамгершілік ілімі», «Мекемтас Мырзахметұлы және Абайтанудың кейбір мә­селелері», «Ұстаз» тақы­рып­та­рында тағылымы терең баян­да­малар жасады. «Конфе­рен­ция­да ғалым Мекемтас Мыр­зах­метұлының еңбектері жан-жақты айтылып, ғылыми баға­лар бе­рілді. Ғалым ағамыз­дың еңбек­терін дәріптеу, насихаттау мақ­сатында осындай басқосулар жиі өткізілу қажет деп білемін», деді конференцияны жүргізіп отырған Шерхан Мұртаза атын­д­ағы Халықаралық Тараз уни­верситетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков. Жиынды саяси ғылымдар докторы, Шерхан Мұртаза атын­дағы қайырымдылық қордың төрағасы Қайрат Айтбай қоры­тындылады.

Сондай-ақ конференция аясында Мекемтас Мырзахмет­ұлының шәкірттері шығарған қос кітаптың тұсауы кесілді. Заңғар ғалым М.Мырзахметұлының «То­лық адам ілімі» атты зерт­теулері енген кітапта Абайдың адам­гершілік мұраттарына талдау­лар жасалып, Шығыс мәде­ниетіне қарым-қатынасы ғылыми тұрғыда жүйеленген. Ал Ж.Шойынбеттің «Мекемтас Мырзахметұлы – Абай жолымен» атты жинағы ғалымның өмірі мен ғылыми шығармашылық жолын зерттеген абайтанушы ғалымдардың еңбектерінен құрастырылған. Айта кетерлігі ғалымның шәкірт­тері аталған кітаптарды өз қаржы­сына шыға­рып, осылайша ұстазға деген ерекше құрметін білдірген.

Ғалым Мұрат Мекемтасұлы әкесі туралы естелік айтып, ресми құжатта туған жылы «1930 жыл» деп жазылғанымен кемеңгер тұлға Мекемтас Мырзахметұлы 1928 жылы дүниеге келгенін, мұсылманша жыл санау бойынша абзал да абыз ғалым дүниеден 100-ге қараған шағында қайтқа­нын, ғасыр жасаған ғұламаның ғибратты ғұмыры кейінгі ұр­паққа өнеге екенін, Мекемтас Мырзахметұлы өсиеті бойынша сүйегі кіндік қаны тамған қасиет­ті де киелі Түркістан өңірінің Түркібасы топырағындағы Шіл­төбе (Шөлтөбе) қорымына қойыл­ғанын, сондай-ақ ғалымның аманатымен Абайдың «Әділет пен ақылға Сынатып көрген-білгенін, Білдірер алыс, жақынға Солардың сөйле дегенін» деген өлең жолдары зиратына қойылған тасқа ойып жазылғанын айтты. Түркібасы төріндегі тарихы терең қорым бүгінде «Шілтөбе – Мекемтас биігі» деп аталады.

Айта кетелік, Шөлтөбе қоры­мы жөнінде деректер V–VIII ға­сыр­лардан басталады. Мекем­тас Мыр­захметұлы Шөлтөбе қо­рымы­­на «Шілтөбе» деп дұрыс әрі тарихи атаудың қайтарылуына ұйытқы болды. «Шіл» парсы тілінен аударғанда «қырық» деген ұғымды білдіреді. Осыдан қазақта: «шіл­дехана», «шілде айы – 40 күн» деген ұғымдар шыққан. Яғни Ме­кемтас Мырзахметұлы «Шіл, шіл­тен» мағыналарын тереңінен зерт­теп-зерделеп, ұғымын айқындады.

Тағылымдық іс-шара соңында «Шілтөбе – Мекемтас биігі» тағ­зым кешенінде ғалымның рухына Құран бағышталып, аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында ас берілді.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар