Қоғам • 24 Желтоқсан, 2025

Алматыда әскери қызметшілер ардагер майдангерді құттықтады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

23 желтоқсан күні Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Фомич Шипилев 102 жасқа толды. Қарияны Алматы қаласы Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері туған күнімен құттықтады, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда әскери қызметшілер ардагер майдангерді құттықтады

Фото: gov.kz

Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хаты мен сыйлықтар табыс етті.

«Соғыс ардагерлері ерекше назар мен құрметке лайық. Олардың біздің игілігіміз үшін жасаған еңбегін бағалап, алғыс білдіру өте маңызды», деді Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының топ бастығы капитан Гүлсім Бакирова.

Егде тартқанына қарамастан ардагер қонақтарды жақсы көңіл-күймен қарсы алып, соғыс жылдарындағы естеліктері туралы сыр шертті.

Василий Фомич 1923 жылы 23 желтоқсанда Алтай өлкесінің Карпово ауылында дүниеге келген. Ол кіші авиация мамандары мектебінде оқып, әуе атқышы және радист мамандықтарын меңгерген.

Жауынгерлік жолын 1944 жылғы сәуірде бастаған. Ол дербес Приморск армиясының барлау полкіне жіберіліп, кейін III Беларусь майданы радиоторабының бастығы болып тағайындалған.

Василий Фомич I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Василий Шипилев соғыстан кейін де әскери қызметін жалғастырып, 1950 жылы запасқа шыққан.

Ардагер майдангер бұрғылау қондырғысында жұмысшы, кейін шебер болып жұмыс істеген. Макарон фабрикасында тер төге жүріп, 6-шы дәрежелі слесарь болған. Осы жұмыс орнында ол жұбайы Валентинаны кездестіріп, отау құрған. Екеуі 62 жыл бірге өмір сүріп, Римма, Ольга және Ирина атты үш қызды тәрбиелеген. Олардан алты немере және шөберелері бар.

Соңғы жаңалықтар