Әлем • Бүгін, 12:20

Түркияда Ливия ұшағы апатқа ұшырады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияда Ливия Қарулы күштері Бас штабының бастығы Мохаммед Али Ахмед Аль-Хаддад мінген жеке бизнес-джет апатқа ұшырады. Falcon 50 үлгісіндегі ұшақ Анкара маңында радардан жоғалып кеткен. Бұл туралы Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары мәлім қылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркияда Ливия ұшағы апатқа ұшырады

Фото: https://www.aa.com.tr/ru

Ұшақ радардан жоғалып, байланыс үзілген

Түркияның Ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәліметінше, 9H-DFJ борттық нөмірлі Falcon 50 ұшағы Анкара әуежайынан 20:10-де Ливия астанасы Триполиге бағыт алған. Ұшу кезінде экипаж Хаймана ауданы маңында шұғыл қонуға сұраныс білдіріп, көп ұзамай байланысқа шықпай қалған. Сағат 20:52-де ұшақпен байланыс толық үзілген.

Кейін жандармерия бөлімшелері әуе кемесінің қалдықтарын Хаймана ауданындағы Кесиккавак ауылынан оңтүстікке қарай 2 шақырым жерден тапқан.

Бортта 8 адам болған

Апат кезінде ұшақта 8 адам, оның ішінде Ливия Бас штабының бастығы Мохаммед Али Ахмед Аль-Хаддад болған. Ол сол күні Анкараға ресми сапармен барған.

Ливия премьер-министрі Абдель Хамид Дбейба Аль-Хаддадтың қаза тапқанын растады. Оның айтуынша, ұшақта сондай-ақ Ливия құрлық әскерлерінің қолбасшысы, әскери өндіріс басқармасының директоры, Бас штаб бастығының кеңесшісі мен фотографы, 3 экипаж мүшесі болған. Барлығы қаза тапқандар қатарында деп есептеліп отыр.

Алдын ала себеп және тергеу

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апатқа техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Ливияда аза тұту жарияланды

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Ливия үкіметі 3 күнге созылатын ресми аза тұту күндерін жариялады. Айта кетелік, 24-25 желтоқсан күндері елде Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтпек болған.

Соңғы жаңалықтар