Әлем елдерінің басшылары мен саясаткерлері, өнер қайраткерлері Президент Н.Ә.Назарбаев туралы
Барак ОБАМА, АҚШ Президенті:
Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде өзінің дамуында маңызды табыстарға қол жеткізді. Мен Қазақстанға Ауғанстандағы тұрақтылық пен қалпына келтіру ісіндегі ұстанымы үшін ризашылығымды білдіремін және мен Сіздің ұлтаралық және діни төзімділікті алға жылжыту жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалаймын.
Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Ресей Федерациясының Президенті:
Мен Сізге алғыс білдіремін. Маған көрсеткен бүгінгі қошеметтеріңіз біздің елдеріміз арасындағы айрықша сенімге негізделген қарым-қатынастардың дәлелі болып табылады. Біздің халықтарымыз ғасырлар бойы бірге өмір сүрді. Соғыс кезіндегі және тың игеру кезіндегі барлық қиындықтарды тең көтерді. Достық, түсіністік, сыйластық тіні міне, осында.
Ху ЦЗИНЬТАО, ҚХР Төрағасы:
Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбек сүйгіш те ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді. Бүгінде Қазақстанда экономика тұрақты даму үстінде, халықтың әл-ауқаты артып, қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы сақталып отыр. Соңғы жылдары Қытай – Қазақстан қатынастары белсенді дамуда.
Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы:
Қазақстан Президентінің көреген саясаты болмағанда, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді. Сіздің Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру бастамаңызбен Солтүстік жарты шарда ондай аумақ тұңғыш рет құрылғанын зор ризашылықпен айта аламын.
Абдулла ГҮЛ, Түрік Республикасының Президенті:
Әр келгенімде гүлдене түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегенділігін бейнелейтін ең үлкен туынды. Астананың құрылыс жұмыстарына түрік фирмалары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі деп білеміз.
Ангела МЕРКЕЛЬ, ГФР Канцлері:
Жауапты міндеттерді одан әрі атқаруыңызда Сізге зор табыстар мен сәттілік тілеймін. Экономикалық, қоғамдық және саяси реформаларды жүргізуде Қазақстан бұдан былай да Германия тарапынан болатын қолдауға сенім арта алатын болады.
Хосни МУБАРАК, Египет Президенті:
Қазақстан халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіңізде Сізге табыстар тілеймін, сондай-ақ екіжақты қатынастардың одан әрі дамуына сенім білдіремін.
Марк Перен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы:
Қазақстан Президенті Орталық Азияда тұрақтылық орнатуда аса маңызды рөлге ие және жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне айрықша үлес қосты. Оның салиқалы саясатының нәтижесінде Қазақстан әлем қауымдастығының құрметті мүшесі атанды. Бүгінде Қазақстан өзгелерге үлгі.
Ислам КАРИМОВ, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Өзбекстанда Сізді Қазақстан тарихының бетбұрыс сәтінде саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың барысына басшылық еткен аса көрнекті мемлекет қайраткері деп біледі. Өзбекстанда Сізді біздің халқымыздың нағыз досы деп біледі, әрі өзіміздің өзбек-қазақ қатынастарының серпінді дамуына қосқан үлесіңіз баға жеткісіз деп біледі.
Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынастар әрдайым тарихымыздың, мәдениетіміздің, тіліміз бен дініміздің жақындығына негізделіп келеді. Біз ғасырлар бойы қатар өмір сүрдік, өмір сүріп келеміз және мәңгілік бірге өмір сүре беретінімізге сенімім кәміл.
Эмомали РАХМОН, Тәжікстан Республикасының Президенті:
Ашық-жарқындығы, шыншылдығы, тартымдылығы, адамға деген сүйіспеншілігі – мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының табиғатына тән қасиеттер. Қазақ жұртының, елінің көпұлтты халқының алдындағы, тарихтың алдындағы жоғары жауапкершілік сезімі оның бойынан әманда ажыраған емес.
Ол ұлы ұйымдастырушы ретінде Қазақстанды кеңестен кейінгі кеңістіктің дамыған мемлекеттерінің біріне айналдырды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстары тағылым аларлық. Нағыз басшы ғана осындай нәтижелерге жете алады, бұл жағынан алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы өз халқының даусыз басшысы.
Ли Мен БАК, Корея Республикасының Президенті:
Корея Қазақстанмен кең ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге әзір. Қазақстан Орталық Азиядағы белді мемлекет болып табылады, ал Нұрсұлтан Назарбаевты мен әлемдік деңгейдегі көшбасшы деп білемін. Оның басшылығымен Қазақстан дамудың қайран қаларлық биігіне көтерілді.
Владимир ПУТИН, Ресей Үкіметінің Төрағасы:
Қазақстан халқы өзінің әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік құрылыстағы қол жеткен табыстарын орынды мақтан ете алады. Республиканың халықаралық беделі жылдан-жылға артып келеді, қоғамдағы ұлтаралық қатынастар да жетілдіріле түсуде. Ресей мен Қазақстан халықаралық аренадағы, Еуразия кеңістігіндегі аймақтық интеграциялық құрылымдардағы күштерін үйлестіруі өзінің тиімділігін көрсетті.
Эдуард ШЕВАРДНАДЗЕ, Грузияның бұрынғы президенті:
Біртұтас Еуразиялық кеңістік құру бастамасын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәл өзі көтергенін атап айту керек... Тарихтың осынау аса жауапты белесінде Қазақстан кемесінің штурвалында аса көрнекті саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны – бәріміздің бағымыз.
Қазақстан – ұлы мемлекет, оны ұлы адам басқарады.
Ли Куан Ю, Сингапур үкіметінің аға министрі:
Президент Назарбаев – түрлі республикалардың ішіндегі кесек тұлға. Қазақстан басшысы – керегінше қатал, ұсынақты, қағілез әрі батыл кісі, өзіне тартып тұратын, талантты әрі табанды тұлға, ол бұрынғы Одақтың басқа да республикалары таныған жетекші.
Шыңғыс АЙТМАТОВ, жазушы:
Әлемдік БАҚ-тар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген табыстарын лайықты атап көрсетуде. Бұған қосымша ретінде өзін осы жағдайда төл перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрпатында лайықты түрде және аса айқындылық тұрғысында астастырған осы заманғы қазақ халқының ұлылығы мен тарихи сенімділігін атап өту қажет.
Жак ШИРАК, Француз Республикасының бұрынғы президенті:
“Мен өзіңізбен кездесулерімді әрдайым үлкен ілтипатпен еске аламын.
Мен 1991 жылы Қазақстанда болған өзгерістерді Францияның маңызды әрі шешуші өзгерістер ретінде бағалайтынын айтқым келер еді. Алмағайып әрі аса күрделі жағдайда Сіздің еліңіз өзінің ұлттық құндылықтары мен ұзақ тарихына адалдығын сақтай отырып, сонымен қатар демократияның адамзат баласына ортақ қағидаттары мен құқықтық мемлекетке бейілдігін паш ететін мемлекет орнатудың айнымас жолына түсті. Аз ғана жылдың ішінде Қазақстан тұрақты институттары мен серпінді экономикасы бар елге айналды. Ол сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың өңірлік және халықаралық деңгейдегі жауапкершілікті терең пайымдайтын мүшесі болды, мұны Сіздің көптеген бастамашылықтарыңыз, соның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру және діндер мен мәдениеттер арасындағы үндесуді дамыту жөніндегі бастамаларыңыз айғақтайды, бұларға қатысты Франция өздеріңізбен әрдайым ынтымақтас екенін білдіреді”.
Маргарет ТЭТЧЕР, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі
“Мен Қазақстан Президентінің бүгінгі күні өзіміз ұшырасып жүрген проблемаларды талқылау үшін алуан түрлі діни нанымдардың соншама көп өкілдерін шақыру жөніндегі бастамашылығын барынша құптаймын. Мұндай Форум өткізу үшін бірде-бір ел дәл Қазақстандай қолайлы бола алмас еді. Тәуелсіздік алған сәттен беріде Сіздің көреген саясатыңыз еліңізді бостандыққа апаратын сара жолға түсірді. Уайымшылдар, сірә, Сіздің еліңіздің этностық және діни саналуандығы алауыздық пен араздық туғызып, Қазақстанды әлсіретеді деп ойлаған болуы да мүмкін. Бәрі де керісінше болып шықты. Қайта саналуандығының арқасында Қазақстан көркейе түсті, қайта сан түрлі дәстүрлері мен діни нанымдарының байлығы арқасында қуаттана түсті.
Сіздер басқаларға өнеге болып отырсыздар”.
Зураб ЦЕРЕТЕЛИ, Ресей Көркемсурет академиясының президенті:
Президент Н.Ә.Назарбаев оңтайлы сәтті сезіне де, дәл пайдалана да білді, ол уақыт тақтасында еш қатесіз күшті жүріс жасап, Қазақстанның жаңа астанасын тұрғызды. Оның Астананы осы заманғы астанаға айналдыру үшін қолынан келгеннің бәрін де істейтініне менің еш күмәнім жоқ.
Илья ГЛАЗУНОВ, Ресей суретшісі:
Қазақстан Президентінің жанарларында ой ұшқындап тұрады, ол жаны жай таппайтын, жанып тұратын қайратты тұлға.
Никита МИХАЛКОВ, Ресей кинорежиссері:
Назарбаев – нағыз ел ағасы. Ол тыңдап қана қоймай, ести де біледі, менің ойымша, бұл – төбесі көкке жеткендердің көпшілігінің бойынан табыла бермейтін аса сирек қасиеттердің бірі.
Ести білу де аз. Шешім қабылдай білу керек. Төзім керек. Аяныш керек. Билікті аңсаған жанның соры қалың. Мұндай жан оған тоймақ та емес, оны қоймақ та емес. Мұндайда оның қабырғаны қайыстырар ауыртпалығына қарамай, қажымай-талмай алға сүйреген жанды айт! Түсіне тұра, біле тұра мемлекеттік мүдделердің үскірік желінің өтіндегі саяси биліктің ұшар биігіне шыққан жанның қашанда серігі болатын құлақ тұндырар жалғыздықты қыңқ етпей көтере білген жанды айт!
Грэм АЛЛИСОН, АҚШ-тағы Гарвард университеті мемлекеттік басқару мектебі Ғылым мен халықаралық қатынастар орталығының директоры, профессор:
Ядролық жарылыстардың қандай зардаптарға соқтыратыны жайында толық пайымдай отырып, Назарбаев бұрынғы КСРО елдері президенттерінің ішінде ядролық қаруды жойып, Орталық Азия өңірінде ядролық қарусыз аймақ құруға шақырған бірінші адам болды. Теориялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан ядролық астам державалардың біріне айнала алар еді. Егер ол кезінде КСРО ыдырағаннан кейін өз аумағында қалған 1400-ден астам ядролық оқтықтарды бақылауына алғанда, оның қарауында сан жағынан Ұлыбританияны, Франция мен Қытайды қоса алғандағыдан асып түсетін қару-жарақ қоры қалған болар еді. Оқтықтардың көпшілігі АҚШ-қа кезелген ракеталарға орнатылған болатын. Қазақстан болса, өзінің аумағындағы барлық ядролық қаруды өз еркімен Ресейге беріп, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды, сөйтіп, ядролық қарусыз мемлекетке айналды.