Құрылыс • Кеше

Тасашылықтардың қуанышын тасытты

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Кеген ауданында бірқатар жаңа нысандар ашылып, ел игілігіне берілді, деп жазады Egemen.kz.

Тасашылықтардың қуанышын тасытты

Соның бірі, «Тасашы ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің жаңа әкімшілік ғимараты 8 ай ішінде салынып, округ тұрғындарына есігін айқара ашты. Құрылыс жұмыстарын «Астана – Құрылыс» компаниясы атқарған. 3 гектар аумаққа орналасқан нысанның құрылыс жұмыстары мен абаттандырылуына бюджеттен 349,6 млн теңге бөлініп, игерілген. Әкімшілік үйі мемлекеттік қызметкерлерге арналған 7 кабинет пен конферец залдан тұрады. Олар қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Бақыткерімұлы, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Рақымхан Нүптекеев пен мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан – ең алдымен, өңірлердің тең дамуы мен ауылдың өркендеуінен басталады», деген болатын. Бұл нысан ауыл тұрғындарына сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған игілікті істердің бастамасы болады», деген облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Бақыткерімұлы жиылған қауымды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Бүгін Тасашы ауылы үшін тарихи әрі қуанышты сәт, жаңа салынған заманауи, сәнді де сәулетті жаңа ғимарат ауыл тұрғындары үшін үлкен жетістік. Бұл ғимаратта мамандар бөлмесі, мәжіліс залы бар, сондай-ақ, ыстық-суық су қосылып, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Осындай жылы да жайлы орында мемлекеттік қызметкерлер өнімді әрі сапалы қызмет көрсететініне сенімдеміз», деген аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы ғимараттың құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген құрыш қолды құрылысшыларға тұрғындар атынан алғыс айтты.

Келесі кезекте мінбеге көтерілген Райымбек ауданының Құрметті азаматы Рақымхан Нүптекеев, ардагер ұстаз Жеңіс Қарабалаев, ауыл тұрғыны Сәрсенбай Мамырбаевтар ыстық ықыласқа толы ізгі тілектерін жеткізіп, ақ батасын берді.

Салтанатты шара барысында «Астана-Құрылыс» компаниясының директоры Нұрлан Қасымбаев Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаевқа ғимарат кілтін табыс етті. Көптен күткен сәулетті ғимараттың лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.  Ал, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, мерекенің маңызын арттырды.

Алматы облысы,

Кеген ауданы.

Соңғы жаңалықтар