Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:15

Қордаланған мәселелерді қамтыған заңдар

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Президент Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдаған 82 заңға қол қойыпты. Мемлекет басшысы жыл соңына дейін әлі де осы бағыттағы бірнеше құжатқа қол қоюы мүмкін. Ал сол заңдардың ішінде қоғамның талқысына көп түсіп, ел ішінде резонанс тудырғандары да жоқ емес. Мәселен, елдің ығырын шығарған электр самокаттар мен саудагерлерді сарсаңға салған салық жүйесін жүгендеп, жасанды интеллект, цифрлық даму бастамалары мен құрылыс заңнамаларын жүйелеген заңдарды атауға болады.

Қордаланған мәселелерді қамтыған заңдар

Осы жылдың алғашқы аптасынан-ақ аймақтарды аралауды бастап кеткен Мәжіліс депутаттары 15 қаңтарда палатаның алғашқы жалпы отырысын өткізіп, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады.

Ол түзетулердің басым бөлігі 2022 жылы Президент Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Заң жобасының негізгі бастамаларының бірі – пара беруді талап еткені, уәде бергені немесе ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу. Айта кетерлігі, бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанына 15 жылдан асқан екен. Яғни бізде бұған дейін параны алған адам ғана жазаға кесіліп келген. Бір жағынан тиісті заңға мұндай норманың енгізілуіне еліміз сонау 2008 жылы ратификациялаған БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы да себеп болған.

Сондай-ақ Мәжіліс дене шынық­тыру және спорт, сондай-ақ нор­ма­лардың артық (шамадан тыс) заң­на­ма­лық регламенттелуін болғызбау мә­селелері туралы заңды қабылдады. Бұл ең алдымен, елдегі легионерлерге қатысты дау-дамайлар мен спортсүйер қауымның көкейінде жүрген күпті мәселеге нүктесін қойды. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Нартай Сәрсенғалиев заң жобасын әзірлеу барысында депутаттар оған бірнеше маңызды түзету енгізгенін айтты. Мысалы, спорт түрлерін мемлекеттік қаржыландыру тәсілдері қайта қара­лады.

– Заңға жоғары жетістіктер спорты деген түсінік енді, салаға бөлінген мем­ле­кеттің қаржысы бұдан былай соларға бағытталады. Жоғары жетістіктер спортына: Олимпиада, Паралимпиада, Сурдоолимпиада, Азия, пара Азия ойын­дары және ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұрын уәкілетті министрлік 180-нен аса спорт түрін тіркеп қойып, оның барлығына қаржы беріп келген болса, енді олардың саны 3 есеге қысқарады, – деген депутат енгізілген тағы бір маңызды өзгеріс легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектор бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатынын мәлімдеді.

Осыған дейін сырттан келген «саңлақтарға» оңды-солды шашылып келген қаражат енді тек жоғары жетіс­тіктер спорты мен басым спорт түр­­лерін дамытуға, мемлекеттік ұйым­­­дардың жұмыс істеуіне, бұқара­лық спортқа және спорттық инфра­құры­лым­ды дамытуға бөлінбек.

Сондай-ақ жедел жәрдем фельдшер­­­лері мен өзге де дәрігерлерге кім-көрін­геннің күш көрсетіп, қол жұмсау фактілері де кейінгі кезде көбейіп кетті. Мәселе Мемлекет басшысына дейін жетті. Көп ұзамай Президент медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсы­нысын қолдайтынын мәлімдеді. Бұны жұртшылыққа Президент көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Осылайша, дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керектігін айтқан Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырған-ды. Бірнеше айға созылған талқылаулардан кейін осы айда бұл заң да қабылданды.

Елімізде электр самокат мәселесі мезі қылмаған елді мекен қалған жоқ шығар. Мопедпен тайраңдап кеткен жастардың желігін былтыр әрең басып едік, енді биыл ол түйткілдің орнын электр самокат басты. Қысқасы, осы желтоқсанда қабылданған жаңа заңға сәйкес, электр самокатты пайда­­лануға қатысты ережелер де күше­йіп, тәртіп орнатуға негіз қаланды.

Бұл заң аясында электр самокатты пайдалану ережелері ғана күшей­тілген жоқ, сонымен қатар жалға беру­ші компанияның да жауап­кер­ші­лігі қатайтылды. Енді бұдан былай электр самокат тепкің келсе, жүр­гізуші куәлігің, сақтандыру полисің заңға сай болуы керек, онсыз тротуарда тайраңдап жүрсең, өзіңе де, жалға берушіге де жаза қарастырылған.

Біз бұл мәселені тағы да жете түсі­ну үшін Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақты заң қабылданған күні-ақ сөзге тартқан едік.

– Электр самокаттарды пайдала­ну мәселесі қоғамда кең талқыла­нып жатыр. Бүгінде біз самокат­тар­дың жаяу жүргіншілер жүретін орындарға кіруіне рұқсат бермей келеміз. Егер рұқсат берсе, соған сай тиісті жауапкершілік те жүктелуі керек. Негізінде, басты мәселе – самокат қозғалысына байланысты жауапкер­ші­лікті нақтылау. Егер электр самокат қозғалысына жол ашылатын болса, онда оны прокатқа беретін компаниялар азаматтық-құқықтық сақтандыруды қамтамасыз етуге міндетті, – дейді депутат.

Сондай-ақ ол автомобиль жүргізу­шісі мен электр самокат жүргізу­шісінің белгілі деңгейде теңестірілуін заңда көрсетілген нормаларға сәйкес қабылданған шешім екенін айтты. Электр самокаттарға қатысты нақты шешімнің жедел қабылданбай келе жатқанына біздегі жол инфрақұры­лым­да­рының жүйесіздігі де себеп болып отырғаны белгілі. Мұны депутат та құптады.

Жасанды интеллект те біздің елдің басты мәселелерінің бірі. Тіпті мемлекеттік саясаттың бір бөлшегіне де айналып үлгерді. Себебі Президент қазір қай жиынға қатысса да ЖИ-дің бізге ашар даңғыл жолын айтып, нейрожелінің еліміздің экономикасына сыналап енуін қамтамасыз ететін заң қабылдау керектігін жиі тапсыратын. Дегенмен тиісті заңсыз-ақ бұл салада қозғалыс басталып кеткен. Бәрін тізбей, бір ғана секторды алсақ, экономикамыздың негізгі драйвері са­налатын ауыл шаруашылығы са­ла­­­сы­­ның өзінде қазірде 648 ауыл шаруа­­шылығы тауарын өндіруші өз қызметінде цифрлық шешімдер мен ЖИ-ді пайдаланып отыр екен. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми ақпараты. Көрсеткіштің қарқы­ны жақсы және технологияларды іс жүзінде қолдану мен фермерлердің қызығушылығы артқан сайын өсіп келеді.

Қысқасы, Мәжіліс пен Сенатта көп кідірмеген құжат – «Жасанды интеллект туралы» заңға 17 қараша күні Президент қол қойды. Осылайша, заң арқылы жасанды интеллект жү­йе­лері қызметінің негізгі қағи­дат­тары енгізілді. Ақорданың баспасөз қыз­ме­ті жасанды интеллект жүйелері ақпа­раттандыру нысаны ретінде анық­тал­ғанын атап өтті.

Сондай-ақ 3 желтоқсанда Мәжіліс Цифрлық кодекс пен оған ілеспе екі құжатты қабылдап, Сенаттың қарауына жіберген. Жоғарғы палата бұл маңызды Кодексті бүгінгі жалпы отырсында қарап жатыр.

Жалпы, бұл Кодекс жобасы ең алдымен, адам мүдделерінің басымдығына мән береді. Сонымен қатар цифрлық ортада жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қам­та­­­масыз етуге, қолжетімділігі шектел­меген цифрлық жазбаларды іздеу, оны қалыптастыру және беру еркін­­­­ді­гіне, қолжетімділігі шектелмеген мемлекеттік цифрлық ресурс­тар мен жүйелерге қол жеткізу ер­кіндігіне, жеке және қоғамдық мүд­де­лердің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы заңға бастамашылық етіп, жұмысшы тобына жетекшілік жаса­ған Мәжіліс депутаты Екатерина Смыш­ляе­ва бұл заң жобасы да қоғамда аз тал­қы­ланбағанын айтады.

– Жоба жұмысына жүзден аса заңгер ғалымдар, азаматтық құқық сала­­сындағы сарапшылар, бизнес өкіл­дері, ақпараттық қауіпсіздік мамандары қатысты. Біз жобаны талқылау үшін ашық ресурстардан мыңнан аса ұсыныс алдық. Жұмыс көлемі мен қарқыны өте жоғары болды, – деді Е.Смышляева.

Негізінен экономиканың әртүрлі секторындағы сараланған салық мөл­­шер­лемелеріне көшу, арнаулы са­­лық режімдерін реформалау және салық саласында әкімшілендіруді жаңартуға бағытталған Салық кодексі де ұзақ талқылаудан кейін қабыл­данып, шілдеде құжатқа Президент қол қойды. Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есепті­лігінің көлемі 30 пайызға қысқа­рады, салықтардың саны 20 пайыз­ға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтай­лан­дырылады. Елеулі өзгерістер кор­по­ративтік және жеке табыс салық­та­рынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.

Дауы мен дақпырты қатар жүрген нормативтік-құқықтық актілер жиын­ты­ғының тағы бірі – Құрылыс кодексі де бүгін Сенаттың күн тәртібінде қаралуға тиіс. Бұл заңнамалық нормалар құрылыс саласында туындаған жүйелік проблемаларды шешуге бағытталған. Сондай-ақ адамның тыныс-тіршілігі үшін қолайлы, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуді, құрылыс сала­сының барлық субъектісінің құзы­реті мен жауапкершілігін арттыруды, сәулет шешімдері мен қала құрылысы құжаттамасын талқылауға жұртшылықтың қатысуын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде жіберілген бұзушылықтарға уақтылы ден қоюды, сейсмикалық аймақтарда жобалау және құрылыс салу ерекше­лік­терін енгізуді көздейді.

Қысқасы, бұдан былай жергілікті әкімдіктер құрылысқа қатысты мәселе қарағанда дербес шешім қабылдай алмайды. Себебі қала құрылысын жоспарлау кезіндегі жергілікті мәс­ли­хаттардың рөлі күшейтілмек. Жұ­мыс­ты үйлестіретін қала құрылысы кеңестері құрылады. Елді мекеннің бас жоспарын, Республика аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу мерзімі 20 жылға дейін бекітіледі.

Сейсмикалық қауіпті аумақтарда құрылысқа қойылатын талаптар қатаң­­датылады. Яғни Алматы сияқты Ала­тау­дың етегін тықырлап, үйлері жыл өткен сайын жоғары өрмелеп бара жатқан қалаларда құрылыс жүргізу ісі айрықша бақылауға алынады. 

Соңғы жаңалықтар

Ұлттық ұлан таланттары

Айбын • Бүгін, 08:55

Майдангер марапатталды

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:53

Мәдени оқиғалар шеруі

Мәдениет • Бүгін, 08:50

Еңбек адамы – ел дамуының негізі

Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:38

Қайраткерлік қасиет

Руханият • Бүгін, 08:30