Сурет: naryntany.kz
Еңбек жолым Алматы облысы, Іле ауданындағы «БЕНТ» ЖШС зауыт асханасында аспаз көмекшісі болып еңбек етуден басталды. Кейін шпал цехында металл қалыптарды тазалау, майлау жұмыстарын атқарып, өндірістің жауапты үдерісіне араластым. Уақыт өте келе кран машинистерін оқыту сынды маңызды міндет сеніп тапсырылды. Сол сәттен бастап өз ісіме бар күш-жігерімді арнап, осы салада табанды еңбек етіп келемін.
Бүгінде кәсіби біліктілігімді арттыру – басты мақсатым. 10-15 жылдық еңбек өтілі бар әріптестерімнің ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибемді толықтырып отырамын. Өндірістегі әрбір күнім – шыңдалу мен өсу мектебі. Адал еңбек еткен адамның отбасы, жора-жолдасы мен ортасында да абыройы артып, зор құрметке ие болатынын аз уақыттағы тәжірибемде айқын сезіндім.
Мен үлкен әрі тату отбасында өстім. Ата-анам, ата-әжем, бауырларыммен бірге бір шаңырақ астында тәрбиеленіп, еңбекқорлық пен жауапкершілікті бала кезден бойыма сіңірдім. Отбасым – ең басты тірегім, еңбектегі күш-қуатымның қайнар көзі. Бос уақытымда таза ауада серуендеп, күнделікті еңбектен сергіп, жаңа күш жинауға тырысамын. Бұл алдағы мақсаттарыма сеніммен қадам басуға көмектеседі.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қарапайым еңбек адамдарының еңбегі ел көлемінде лайықты бағаланып жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Осы орайда еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған бастамалары үшін Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін. Еңбекке көрсетілген құрмет – Отан болашағына салынған берік негіз.
Дильфуза БАҚЫТЖАНОВА,
«Фирма «Бент» ЖШС краншысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері
Алматы облысы,
Іле ауданы