08 Шілде, 2010

ЕР МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

741 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар мен Достастық елдерінің өкілдері Елбасымызды құттықтауда Мемлекет басшысының атына Елорда күніне және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың мерейжасына байланысты Қа­зақ­стан азаматтары мен ұйымдарынан көптеген құттықтау жеделхаттар мен хаттар келіп түсуде. “Сіз біздің республикамыздың дамуына және өркендеуіне баға жеткізгісіз үлес қостыңыз, Сізді – Елбасы деп тану, сондай-ақ, Сіздің атыңызбен халықаралық деңгейдегі жаңа университеттің аталуы – Сіздің қызметіңізге берілген лайықты баға”, – деп жазады Қазақстан Республикасының халық әртісі, 94 жастағы ақсақал Ораз Әбішев. Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, өскемендік Бошай Кітапбаев Тұңғыш Президентке деген жүрекжарды тілегін біл­дірген хатында: “Еліміздің бүгінгі өркендеуі, тәуелсіздігіміздің тұғырлануы, елдігіміздің әлемге жария болуы – Сіздің арқаңызда! Бей­біт еліміз дамып, өркендей берсін!”, – деп жазады. Белгілі қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев те Мемлекет басшысын 70 жасқа толған мерей­тойы­мен ағынан жарыла құттықтапты: “Жет­піске әркім келеді. Бірақ тағдырдың жазуымен, тәңірдің сыйымен Қазақ елі тарихының ең бір толағай тұлғасына айналған Сіздің жетпісіңіздің жөні бөлек. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы түгелдей Сіздің есіміңізбен бай­ла­нысты. Жастайыңыздан атқа қондыңыз. Үлкен шыңдалу мектебінен өттіңіз. Сөйтіп, тарихтың сын сағаты соққанда туған халқы­ңыздың көреген көшбасшысына, тұғыры биік қай­раткеріне айналдыңыз. Халқыңызды талқы­сы мол қиындықтардан алып шығатын, нұрлы бо­лашаққа бастайтын тарих таңдауы Сізге түсті”. Көптеген құттықтаулар еңбек және соғыс ардагерлерінен келді. Олардың қатарында Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысының ардагері А.Өтеулин, Астанадан тыл ардагері Айман Нұрқасымова, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Едіген Жүнісбеков, Алматы облы­сындағы Райымбек ауданының құрметті аза­маты Совет Оразаев, Оралдан Темірболат Құ­башев, астаналық зейнектер Социал Құмартегі және Қызылордадан Т.Сырлыбаев бар. Президентті “Астана қаласындағы зейнет­керлер қоғамы” қоғамдық бірлестігінің дирек­торы Алла Пусторжевская құттықтады. “Уақыт Сіздің дана көрегендігіңізбен 1998 жылы астананы Қазақстанның орталығына ауыстыру туралы батыл шешіміңіздің дұрыстығын дә­лелдеді. Әлемдік дағдарыстың ауыр жыл­да­рын­да қатал дала төсінде, облыс орталығы – Ақмо­лада қысқа мерзімде, сөз жоқ, ғажайып, бей­не-бір ертегідегідей Сіздің арманыңыздағы қала орныққаны таңдандырады”, – делінген оның хатында. Алматы қаласынан хат жолдаған Сұлтан Жиенбаев Елбасының елорданы Арқа төсіне кө­шірудегі ерлігіне ризалығын былай жеткі­зіпті: “Кезінде астананы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстырудың мәнін көп адам түсінбеді, бірақ уақыт бұл шешімнің орынды болғанын дәлелдеп берді. Бұл мәселеде Сізді саз батпақтың үстіне керемет қала тұрғызған І Петрмен ғана салыстыруға болады”. Атыраудан соғыс және еңбек ардагері Оңайбай Көшеков, еңбек ардагері Амангелді Сел­баев және композитор Илья Жақанов ұжым­дық құттықтау жолдаған. “Бүгінде сан-салалы дамуымыздың өрлеуіне басшылық етіп, Қазақстанның беделін бүкіл әлемге танытып, болашағымызды жарқын етіп, ұлтымыздың шын мәніндегі кемеңгер көшбасшысына ай­нал­дыңыз. Біз Сіз бастаған тарихи ұлы істердің ортасында жүргенімізді мақтан тұтамыз және бар күш-жігерімізді Сіз көрсеткен міндеттерді орындауға арнаймыз”, – делінген хатта. Президент поштасында еңбек ұжымдары­нан көптеген құттықтаулар бар. Олардың қатарында Үлбі металлургиялық зауытының ұжымы, “Семей мәшине жасау зауыты” АҚ, сондай-ақ, Өскемен қаласынан “Кэмонт” АҚ жұмысшылары мен Петропавл қаласынан “Винзавод” ЖШС еңбеккерлері бар. Құттықтау жеделхаттарын “Қазфосфат” ЖШС басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов пен бас директоры Мұқаш Искандиров, “Востокмашза­вод” АҚ бас директоры Леонид Бердус, Маңғыстау облысынан еңбек сіңірген мұнайшы Қуанышнияз Тоқпанов, “Азиа-авто” АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин мен осы АҚ-тың президенті Ержан Мандиев жолдады. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев былай деп ой толғапты: “Мемлекетіміздің мүд­десі үшін нағыз тарихи шешімдер қабылдап келе­сіз. Сіздің қол жеткізген жетістіктеріңіз тек қана Қазақстан халқының емес, мұсылман және түркі тілдес елдердің де ортақ мақтаны­шына айналып отыр. Оған біз куәміз. Бүгінгі жетістіктеріміз – ертеңгі толағай табыстары­мыз­дың іргетасы. Оның абыроймен атқарылуы – Сіз бастаған Қазақстанның барша азамат­тарының мәртебелі міндеті”. “Менің анам Ресейде тұрады. Мен Қазақстан туралы, шығармашылығымды жүзеге асыра алатын менің қалам Ақтау туралы оған айтқанымда, ол қуанады. Менің анам маған: – Вера, шын мәнінде, сен ұлы елде өмір сүріп жатырсың! – дейді. Мен осындай елде тұрып жатқаныма бақыттымын және мұндай бақытты менің балаларым да сезінсе екен деймін”, – деп жазады Ақтау қаласынан Вера Биндюг. Мемлекет басшысының атына хаттар Маңғыстау облысындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент директоры Клара Шкодинадан, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ақтау қаласының құрметті азаматы Жәмила Ғабитовадан, экономикалық лицей директоры Людмила Рябовойдан, сондай-ақ бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабер­геновтен келді. Олар: “Біздің еліміздің және сүйікті елордамыз – Астананың жаңғыруы, экономикалық, саяси және әлеуметтік саладағы жетістіктер ауқымы мақтаныш пен патриотизм сезімін тудырмауы мүмкін емес. Ең бастысы, Сізге – біздің Президентімізге – Елбасына алғысымыз шексіз”. “Елімізде Сіз орнатқан бейбітшілік пен келісім арқасында әрбір қазақстандық әр салада өзінің қабілетін танытып, жемісті еңбек ету мүмкіндігіне ие болды. Сіздің сарабдал саясатыңыздың шапағаты тиген көптің бірі мен соңғы 20 жылда 5 роман жазып, жарыққа шығардым. Көп көңілінен шыққан көркем шығармаларымның алды Парижде, Мәскеуде, соңы Орта Азия республикаларында жеке кітап болып шығып, әлемнің әйгілі әдебиетшілерінен жоғары баға алды. Сол жетістіктерім үшін Сізге, Сіздің елімізді өркендеткен дана саяса­ты­ңызға қарыздармын. Олай дейтінім, Отанымыз 20 жылда 20 ғасырлық табысқа жетпесе, кейбір елдер құсап береке, бірліктен айырылып қалса, мұншалықты өнімді еңбек ете алмас едім”, – дейді өзінің Елбасына Алматыдан жолдаған құттықтау хатында жазушы Сәбит Досанов. “Қазрена” Қазақстанның ғылыми-ағар­тушылық компьютерлік желісін пайдалану­шылар қауымдастығының атынан Нұрсұлтан Әбішұлын мерекесімен директор Борис Жапа­ров құттықтайды. “Сіздің халықаралық ауқым­дағы стратегиялық мақсаттарға жетудегі жоғары беделіңіздің, алғыр да дана саясатыңыздың арқасында біздің қауымдастық мақсаты Орталық Азия мен Закавказье елдерінде ғылым мен білім саласын қолдау болып табылатын НАТО-ның Ғылым комитетінің “Бейнелік Жібек жолы” жобасына қатысатын болдық”, – делінген оның хатында. Академик Ғайрат Сапарғалиев өз құттық­тауын­да былай деп жазады: “Сіз – жаңа мем­ле­кетті құрушысыз. Сіздің идеяңыз бен іс жүзін­дегі басшылығыңыз арқасында Қазақстан өркендеді. Халық ерен жетістіктердің бәріне Сіздің идеяңызбен және іс жүзіндегі басшы­лығыңызбен қол жеткізді. Сіз, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, халықаралық деңгейдегі танымал саясаткерсіз”. Сондай-ақ, Түркістан қаласында тұратын ардақты ақсақалымыз, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Рахманқұл Бердібай өзінің жеделхатында Елбасын мерейтойымен қызу құттықтай келе, ақ батасын былайша ақтарыпты: “Халқымызға аса қадірлі, дарынды Президентіміз Нұрсұлтан! Мерейтойың құтты болсын! Өмір-жасың ұзақ болсын! Алға қойған мақсаттарың орындала берсін!” ҚР Ұлттық ғылым академиясының акаде­миктері Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова да Мемлекет басшысын жетпісті бағындырған мерейлі күнімен құттықтап, жеделхат жолдап­ты. “Тәуелсіз Қазақстанның орнығуы мен бүгінгі жеткен биігі түгелдей Сіздің адал ең­бегіңіз. Халқыңыз құрметтеп, Елбасы атандыр­ды. Ұзақ өмір сүріп, еліңізді алға бастай беруі­ңізге тілектеспіз”, – деп жазады академиктер. “Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің еңбек жолыңыз – өз халқына, оның мүддесіне мінсіз қызмет жасаудың жарқын мысалы. Сіз – жаңа қоғамдық құрылыс, жаңа мемлекет, жаңа Қазақстан құрған Елбасысыз. Сіздің пре­зиденттік қызметіңізді әлем жоғары бағалады, біздің халқымыз өз болашағын Сізбен бай­ланыстыра қарайды”, – деп жазады Қарағанды қаласының құрметті азаматы С.Досмағамбетов. Елорда күнімен және Президенттің мерей­жасымен әлеуметтік және білім саласының қызметкерлері құттықтайды. Олардың қатарын­да Алматы қаласының балалар құқығын қорғау жөніндегі департаментінің қызметкерлері, “Коррекциялық педагогика ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығы” ММ ұжымы, КСРО меди­цинасының үздігі Құлтас Әшірбаев, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауда­нындағы Бескөл орта мектеп-гимназия­сының ұстаздары, Астана қаласындағы интер­нат-үйінің директоры Б.Нарбаев, ОҚО балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы Д.Мәуленов, Қостанай қаласы орта мектебінің түлектері, Бесқарағай ауылындағы балалар бақшасы тәрбиеленушілерінің ата-аналары бар. Өз құттықтауларын, сондай-ақ М.Оспанов атындағы қоғамдық қор, Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы бойынша Қоғамдық кеңесінің төрағасы Анатолий Еременко, “Жасыл ел” жас­тар еңбек отрядтары республикалық штабының жетекшісі Искандир Салиходжаев, Ақмола облы­сындағы “Халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғы” ММ ұжымы, Д.А.Қонаев атындағы ха­лықаралық қордың президенті Елдар Қонаев жолдаған. Мемлекет басшысының атына көптеген хаттар мен жеделхаттар қарапайым қазақстан­дықтардан – Талдықорғаннан Шахназар Ер­ланұлы, Алматыдан Нұртілеу Бәтірұлы, Пав­лодардан Серғазы Қырықбаев, Ақтау қаласынан Еламан Оңдағанов, Маңғыстау облысынан Шынар Кендінқызы, Жолдасбек Ынтымақов, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласынан К.Естаева, Алматыдан Ермек Қайыңбайұлы мен Светлана Сағындыққызы, Өскеменнен Еркеш Бейсенова, Семей қаласының тұрғындары Г.Богомолова мен Б.Ботантаева, көп балалы отбасы Қалтаевтар, Итеғұловтар, Қапышевтар, Ыдырысовтар отбасынан, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының тұрғындарынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданындағы “Қамысты” шаруа қожалығының жетекшісі В.Акуловтан келді. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы­нан Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, еңбек ардагері Тұтқан Мырзаханов, Ұлы Отан соғысының ардагері Байғанбек Құдабаев, жа­зушы Қалибек Алтыбаевтар да жеделхат жол­дап, Мемлекет басшысын аудандағы ақсақал­дар атынан құттықтапты: “Биылғы жылы Қа­зақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының төрағасы ретінде биік тұ­ғырға көтерілді. Азия, ТМД елдерінің арасында алғашқы болып Еуропа төріне шықты. Батыс та, Шығыс та мойындап, санасатын, құрметтейтін ел болдық. Бұл – елдің Тұңғыш Президенті, ұлтымыздың ұлы перзенті, адамзат тарихынан лайықты орын алатын – Сіздің ерен еңбегіңіздің нәтижесі”. Ал Шымкент қаласынан тілек білдірушілер – облыстағы Азаматтық альянс президенті  К.Алипова, Балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Ғ.Жүсіпова, Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, белгілі ақын Х.Есенқараева және әлемге әйгілі гимнаст Ә.Юсупова: “Қазақстан халқының дамыған елдермен иық тіресіп, озық ұлт өкілдерімен терезесі теңелгенін әрбір қазақстандық Елбасының көрегендікпен жүргізген сара саясатының арқасында келген бақ деп біледі”, – дейді құттықтаушылар. Қазақстанның халық әртісі, белгілі сазгер Базарбай Жұманиязов та ақтарылып шыққан ақ тілегін жеделхат арқылы жолдай отырып: “Дәуірдің ғұлама, дархан данасы, қазақтың бағына туған құдіретті қыраным, тоқтама, самғай бер, самғай бер!”, – деп жігерге толы сөз арнапты. Тағдыр тауқыметімен дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай тарап кеткен, Ата­жұрт­тан жырақ жүрсе де ондағы жаңалыққа құлағын түріп, елеңдеп отыратын қан­дас­тардан да құттықтаулар көптеп келуде. Солардың бірінде: “Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында Моңғолия­дағы қазақтардың мәдениетін зерттеу, жинақтау, қайта жаңғыртуда дәйекті шаралар жүзеге асырылса екен. Халқыңызбен бірге бақыт пен берекеге кенеле беріңіз”, – деп тілек білдіріпті Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан ұстаз Ғазиза Сағдолдақызы. Мемлекет басшысының поштасына кеңейтілген корреспонденциялар ТМД елдерінің ресми адамдарынан, азаматтар мен ұйымдардан келіп түсті. Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федералдық Кеңесінің төрағасы С.М.Миронов Мемлекет басшысын 70 жылдық мерейжасы­мен шын жүректен құттықтады. “Федералдық Кеңесте Сізді Ресей Федерациясы мен Қазақ­стан Республикасы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық саласын одан әрі дамытуға үлкен үлес қосқан дана мемлекет қайраткері ретінде жақсы біледі, – деп жазады өзінің құттықтау жеделхатында С.М.Миронов. – Сіздің өмірлік және мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибеңіз Ресей мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігін алға апаратынына, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы, өзге де халықаралық ұйымдардың аясындағы интегра­циялық үдерістер мен одақтастық өзара іс-қимылды тереңдете түсетініне сенемін”. Украина Министрлер Кеңсесінің атынан және жеке өз атынан Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевты мерейтойымен Украина Премьер-Министрі Н.А.Азаров шын жүректен құттықтады: “Сізді Украинада өз еңбегімен және қайратты күш-жігерімен, бастамашылды­мен және табандылығымен Қазақстан Респуб­ликасын дамытуға, сондай-ақ өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықтың белсенділігін арттыруға баға жеткізгісіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері, талантты ұйымдастыру­шы және басшы ретінде біледі және құрмет­тейді. Сіздің халықтың игілігі жолындағы белсенді және табысты қызметіңіз өз Отанына қызмет көрсетудің үлгісі болып табылады”. Украина Үкіметінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, ұзақ бақытты ғұмыр, отбасылық қуаныш, бейбітшілік пен жаңа жетістіктер тілеген. Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов Нұрсұлтан Назарбаевты 70 жылдығымен шын жүректен құттықтады. “Қазақ мемлекеттігінің барлық жаңа тарихы – шын мәніндегі ұлттың көшбасшысы, тәжіри­белі, көреген саясаткер және мемлекет қай­раткері, беделі Қазақстанның аумағынан тыс­қары жайылған Сіздің атыңызбен байланысты. Туған халқыңыз бен еліміз үшін президенттік екі онжылдықта Сіздің атқарғаныңыз үлкен әсер қалдырады, – деп атап өткен өз хатында бауырлас Татарстан басшысы. – Қазақстанның үні барлық кезде және халықаралық аренада салмақты шығады”. Р.Минниханов татарстан­дықтардың атынан және жеке өз атынан Н.Назарбаевқа көпғасырлық дәстүрлі достық пен Қазақстан мен Татарстан халықтары ара­сындағы туыстықты нығайтуға қосқан үлесіне шынайы құрметі мен дән ризашылығын айтқан. Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейжасына сондай-ақ Татарстанның Тұңғыш Президенті Минтимер Шаймиевтен құттықтау хат келді. “Мен көп жыл бойы Сізбен – шын мәніндегі планетарлық деңгейдегі саясаткермен қызмет жасасу және араласу бақытын сыйлаған тағдырыма ризамын, – деп жазады Минтимер Шаймиев. – Мен бізді тек іскерлік қана емес, сол сияқты достық, біздің халықтарымыздың арасындағыдай бауырластық қарым-қатынастар байланыстыратынын мақтан тұтамын. Татарстан үшін ең қиын саяси кезеңде Сіз түсіністік танытып, белсенді қолдау көрсеттіңіз. Сіз посткеңестік кеңістіктегі жаңа геосаяси жүйенің құрылуына зор үлес қостыңыз. Сіз Қазақстанның гүлденуін қамтамасыз еттіңіз”. Минтимер Шаймиев Қазақстан Президентіне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, сергектік пен оптимизм, барлық ойға алғандарының орындалуын тілеген. Біздің Мемлекетіміздің басшысын 70 жылдық мерейжасымен шынайы ықыласты және шын жүректі құттықтауларын Ресей Федерациясы Есеп палатасының төрағасы С.В.Степашин жолдаған. С.В.Степашин өз хатында Нұрсұлтан Назарбаевты елдің келбетін мүлде өзгерткен ауқымды реформалар мен жаңғыртуларды жүзеге асыру бағытын жиырма жыл бойына батыл және мақсатты түрде жүргізіп келе жатқан қазіргі заманғы көрнекті мемлекет қайраткері деп атаған. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның 70 жылдығымен құттықтау жеделхаттары ЕурАзЭҚ ПАА жауапты хатшысы П.Б.Зверевтен, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Феде­ралдық Кеңесінің мүшелері В.Б.Рушайло мен В.С.Бабичевтен, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы-атқарушы хатшысы С.Лебедевтен келді. ҰҚШҰ-дың бас хатшысы Н.Бордюжа Н.Ә.Назарбаевтың 70 жылдық мерейжасы құрметіне орай жолдаған өзінің құттықтау хатында былай деп жазады: “Сіздің ҰҚШҰ-дың жұмысына, оның беделін арттыруға бай­ланысты мақсаттар мен міндеттерді алға жыл­жытудағы өзекті мәселелерді іс жүзінде шешуде көрсеткен ұдайы және белсенді көмегіңізге дән ризамын. Шын жүректен шыққан және шынайы ықыласқа толы құттықтауым мен Сіздің көп қырлы қызметіңізде жаңа табыстар тілеген игі тілегімді қабыл алыңыз”. Ресей Федерациясының Челябі облысының губернаторы М.В.Юревич Қазақстан Прези­дентін мерейтойымен құттықтады: “Біз Сіз арқылы тек көреген саясаткерді ғана емес, қазақ халқының лайықты ұлын танимыз. Сіздің іске деген мемлекеттік қадамыңыз, көрегендік пен патриотизміңіз Қазақстан Республи­ка­сының одан әрі дамуына қызмет ететін болады”. Біздің Мемлекетіміз басшысының атына ұжымдық құттықтаулар ресейлік ғалым-эко­номистер кеңесінің отбасынан – Г.Е.Лашшина, Д.В.Валов, Т.Д.Валова мен М.Д.Валовадан келді. “Сіздің өміріңіз кітапқа тұрарлықтай. Бұл барлығына тек қана еңбегімен және талантымен жеткен нағыз адамның тарихы”, – деп жазады ресейлік ғалымдар. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты 70 жылдық мерейжасымен ықыласқа толы құттықтаулар Украинадан – Синельниково қаласының басшысы А.Н.Матвеевтен және Днепродзержинск қаласының құрметті азаматы О.Н.Мороздан келіп түсті. Ресейдің Астрахань облысындағы қазақ­тардың, “Жолдастық” қазақ мәдениеті мен тілі қоғамы және Қазақ мәдениетін дамыту қоры атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевты мерейжасымен Астрахань қаласының тұрғыны Н.Искаков құттықтаған.