есімін ұлықтауды жерлестері тағы бір игілікті шарамен атап өтті
Қызылжардың құйқалы топырағынан өсіп-өніп, әдебиеттегі өзгеге ұқсамайтын айшықты қолтаңбасымен жете танылған жерлестеріміздің бірі Сафуан Шаймерденов екені еш талас тудырмайды. Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов секілді тау тұлғалы ағаларының ізін басып, Мұқаңдай ұлы тұлғадан бата алған, шынайылық пен шындықты үйлестіре білген прозалық шығармалары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы марапаттарымен, қоғамдағы қайраткерлігі «Отан» орденімен атап өтілген көркем сөздің көшелі иесі көзі жұмылғанша туған жерге деген перзенттік парызын өтеумен болды.
Соның мысқалдай ғана бір мысалына 2014 жылы 24 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен есімі берілген Петропавл қалалық қазақ гимназиясының жеделдетіп салынуына қосқан ерен үлесін айтсақ та жеткілікті. 1992 жылы іргетасы қаланса да, қаражаттың жетіспеушілігінен құрылысы тоқтап қалған ұлттық білім ордасына республикалық ведомстволардан тиісті ақшаны лезде бөлдірткен болатын. Сөйтіп, 320 орынды гимназия 1996 жылы есігін айқара ашып, бір мың бала оқитындай дәрежеге жетті.
Жақында осы мектептің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Онда саналы ғұмырын Тәуелсіздік күресіне арнаған айтулы азаматтың тасқа басылған суреті бейнеленіп, атақ-марапаттары жазылған. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов мұндай ұлықтау шаралары алда да жалғаса беретінін жеткізді. Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Александр Липовой, Литер Медиа баспа үйінің бас директоры Сайын Есмағи, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы Жарасбай Сүлейменов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ғалым Серік Негимов сөз алып, естеліктер айтты, жылы лебіздерін білдірді. Астаналық айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы «көркемсөздің жұлдызын» жырға қосты.
Мәртебелі меймандар гимназияның бай мұражайымен танысты. Жас өнерпаздардың сөз зергерінің 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тұсындағы бірбеткей, турашыл мінезін сомдайтын сахналық қойылымын тамашалады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.