Оқиға • 26 Желтоқсан, 2025

Өскеменде подъезд тұтқасын ұстаған жас жігітті ток соғып, жүрегі тоқтап қалған

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемен қаласында 25 желтоқсан күні кешкі уақытта бес қабатты тұрғын үйде төтенше жағдай болды. Оқиға салдарынан жас жігіт ауыр халге түсті. Подъезд есігінен электр тогы ұрып, ол ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Өскеменде подъезд тұтқасын ұстаған жас жігітті ток соғып, жүрегі тоқтап қалған

Тұрғындардың айтуынша, Протозанов көшесі, №31 үйдің бірінші подъезіндегі домофоны бар кіреберіс есік бір ай бойы адамдарды токпен соғып келген. Алайда мәселе тиісті орындар тарапынан шешілмей, соның салдарынан қайғылы жағдай орын алған.

«25 желтоқсанда үлкен қайғылы жағдай болды. Жігітті ток қатты соққаны сонша, ол ұшып кетті. Біз бірден жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер келген соң реанимациялық шаралар жүргізді, жүрегі тоқтап қалған. Жігітті ауруханаға алып кетті, қазір жансақтау бөлімінде.

Бұған кім жауап береді? Неге ешкім ештеңе істемеді, апат болғанша күтті ме? Біздің подъезде көп қарт адамдар тұрады, егер тағы біреуді ток ұрса, соңы өте ауыр болуы мүмкін», дейді подъезд тұрғындары.

Оқиға туралы ақпарат қала әкімдігіне жеткізілді. Электр тогының ағып кету себептерін анықтау үшін оқиға орнына «Исток» көппәтерлі тұрғын үйді басқару, күтіп-ұстау қызметкерлері шақырылды.

«Электр тогымен зақымдану фактісі тіркелді. Алдын ала дерек бойынша, ток көзі «Алма домофон» ЖШС қызмет көрсететін ұйымға тиесілі болуы мүмкін. Оқиға орнына тұрғын үй қатынастары бөлімі келді. Қажетті тексеру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында зақым келтірген нысан электр желісінен ажыратылды», деп түсіндірді Өскемен қаласының әкімдігі.

Кейінірек электр тогының ағып кетуіне есік маңында орнатылған прожектор шамы себеп болуы мүмкін екені хабарланды. Ол ажыратылып, қауіп жойылды. Оқиғаға қатысты жауапкершілікті тиісті органдар анықтайтын болады. 

Соңғы жаңалықтар