Фото: Ашық дереккөз
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Saryarqa» телеарнасына берген сұхбатында өңірдегі туризмді дамыту жоспарларын бөлісті. Әкімнің айтуынша, Балқаш әуежайын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. 1967 жылы салынған және соңғы рет 2007 жылы жөнделген бұл нысанды модернизациялауға Арнаулы мемлекеттік қордан 945 млн теңге бөлінген.
«Қазір Балқаш бойынша өте ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл тұтас кешенді бағдарлама. Әуежайды реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын, келесі жылдан бастап ол толық күшінде жұмыс істеп, күн сайын 8-9 бортты қабылдайды. Сонымен қатар қала жағалауын абаттандырып, жағажай аймақтарына инфрақұрылым тартып жатырмыз. Торанғалыққа бұрын-соңды болмаған ауыз су жеткізіп, кәріз жүйесін орнатамыз», деді аймақ басшысы.
Модернизация толық аяқталғаннан кейін Балқаштан Шымкент, Жезқазған және Түркістан қалаларына жаңа бағыттар ашылып, ұшу географиясы кеңейтілмек. Бұл шаралар демалушылар ағынын айтарлықтай арттыруға тиіс.
Сонымен қатар Балқаш өңірін дамытудың кешенді бағдарламасы аясында қала жағалауын абаттандыру, жағажай аймақтарына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа демалыс орындарын салу үшін барлық коммуникациясы бар жер телімдеріне аукциондар өткізіліп жатыр.
Облыс басшысы Қарқаралы ауданындағы туризмнің жай-күйіне де тоқталды. Ондағы 75 гектар аумақты алып жатқан «Бұғылы» демалыс аймағы жыл бойы жұмыс істейтін болады. Биыл Қарағанды – Қарқаралы тасжолы толық жөндеуден өтсе, келер жылы Қарқаралы қаласының ішкі жолдары жаңартылмақ.