Фото: Depositphotos
Министрдің айтуынша, бұрын қолданыста болған талаптар қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келмейді. Осыған байланысты жаңа ережелер жобасы қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралуда.
«Жаңартылған жүйе қонақ үй қызметтерінің сапасын арттыруға, келушілердің қанағаттану деңгейін жоғарылатуға және Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді», деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр 2025 жылы Алматы қаласы CNN Travel нұсқасы бойынша жылдың үздік туристік бағыттарының қатарына қосылғанын, ал Қазақстанның Lonely Planet басылымының Best in Travel 2025 рейтингіне енгізілгенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Алматы Bloomberg баспасының нұсқасы бойынша 2026 жылдың ең үздік 25 туристік локациясының бірі ретінде танылды. Amazon Prime, M6 және CCTV4 телеарналарымен бірлесіп жүзеге асырылған медиа-жобалар халықаралық деңгейде миллиондаған аудиторияны қамтып, елдің туристік әлеуетінің танымалдылығын арттыруға ықпал етті.
Сонымен қатар 2025 жылы еліміздегі 8 негізгі курорттық аймаққа инвентаризация жүргізілді. Министр Ербол Мырзабосынов аталған жұмыстардың нәтижесінде 2025-2028 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасының жобасы әзірленгенін атап өтті.
Сондай-ақ биыл курорттық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуды, қауіпсіздік деңгейін арттыруды, логистиканы және туристік сервистерді дамытуды көздейтін Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың, сондай-ақ 2025-2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспары бекітілді.