25 Маусым, 2015

Қазақстан – ЭЫДҰ: білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық

646 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ОЭСРЭкономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы демократия мен еркін нарық қағидаттарын басшылыққа алып жұмыс істейтін әлемнің дамыған елдерінің халық­аралық экономикалық ұйымы болып табылады. Ол 1948 жылы құрылған. Штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан. Ұйымға Батыс Еуропаның көптеген елдері, АҚШ, Канада, Түркия, Мексика, Оңтүстік Корея, Жапония және жағдайы мығым тағы бірқатар елдер  мүше. Осы ұйымға кіруге Қазақстан да ынта танытуда. Өйткені, дамыған елдердің басын біріктіріп отырған ұйымға мүше болудың мәні зор. Бір қуаныштысы, көп елдерге жылы қабақ таныта бермей­тін, қатарына кіргісі келген бірқатар елге тоқтау салған осы бекзат ұйым да Қазақстанмен ынтымақтастық орнатудан кетәрі емес. Қайта жылдан-жылға қарым-қатынасын жақсартып келе жатыр. Соның бір дәлелі осы ұйым мен Қазақстан арасында елдік ынтымақтастық бағдарламасының  әзірленуі болып табылады. Осы бағдарламаға сәйкес мемлекеттік басқару, фискалдық саясат, бәсе­келестік және іскерлік ахуалды жақсарту, орнықты даму бағы­тында бірлескен баста­малар жүзеге асырылатын болады. Алдағы уақытта бұл бағдарламаның аясы одан әрі кеңейе түсуі тиіс.  Қазақстандық бірқатар мамандардың болжауынша, біз алдағы уақытта бұл ұйыммен  білім және ғылым саласында да тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізе аламыз. Міне, осындай бағытта зерттеулер жүргізіп жүрген Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жібек Несіпбаеваны  әңгімеге тарттық.  – Жібек Жұмабекқызы, Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назар­баев өзі­нің халыққа арнаған Жолдау­ында қазіргі күні іргелі даму көрсеткіштерін Эко­но­микалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымына қатысушы мемлекеттердің көрсетіп отырғандығын айтқан болатын. Алдағы уақыттарда біздің бұл ұйыммен араласуымыздың қандай мүмкіндіктері бар? – Белсенді интеграциялық және модернизациялық үдерістердің қазіргі кезеңдерінде әрбір ел әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде оның алдыңғы қатарлы елдеріне бейімделудің жолдарын қарастыруда. Біздің еліміздің жыл өткен сайын жаңа технологияларды игеріп, халықаралық ұйымдар қызметіне қатысушылығын арттырып келеді. Жалпы, сыртқы саяси және экономикалық қызмет саласында  қол жеткізген табыстарымыз да  баршылық. Мәселен, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз осының бір жарқын көрінісі болды. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бәсекелестік жөніндегі комитетімен қазірдің өзінде жақсы ынтымақтастық орнатып отырғандығын айтуымыз керек. Сондықтан, түбі бұл ұйымның мүшелігіне өтуіміз де әбден мүмкін. Былай деп айтуымызға Қазақстан мен аталған ұйым арасындағы қарым-қатынастардың жыл өткен сайын жақсара түсуі себеп болып отыр. Бұл ұйым басында Еуропалық ынтымақтастық ұйымы деп аталған болатын. Содан кейін оның іргесі кеңейіп, әлемнің басқа да өңірлерінде орналасқан дамыған елдерді қамтып отыр. Қазіргі күні оның құрамында қырыққа жуық ел мүше болып табылады. Бұл елдер қосыла келіп әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіреді. Елбасымыз осы ұйым жайында айта келіп, оған мүше  елдердің жаңғырту жолдарынан өткендігін, инвестициялар, ғылыми әзірлемелер, еңбек өнімділігі, бизнестің дамуы, халық тұрмысының стандарттары жөнінде жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгендіктерін, бұл көрсеткіштердің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруде біз үшін өзіндік бір меже болып табылатындығын атап көрсеткен болатын. – Қазақстанның бұл ұйыммен қарым-қатынасы қалай өріс алып келеді? Соның ішінде білім саласында қалай ынтымақтаса аламыз? – 2011 жылы Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Кеңесінің төрт бірдей  комитетіне бақылаушы мәртебесіне ие болу үшін тапсырыс жасады. Сол төрт комитеттің бірі Білім жөніндегі комитет болып табылады. Осы оқиғадан 1 жыл бұрын Қазақстан 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға арналған PISA Халықаралық бағдарламасына бірінші рет қатысқан болатын. Осы бағдарлама еліміздегі 200 білім ошағында оқитын оқушылардың білімін бағалады. Мұндай бағалаулар бізге білімнің жаңа стандарттарына көшу және білім сапасын талдаудың ұлттық жүйесін құру мүмкіндігін береді. Дәл осы мақсат еліміздің 2011-2020 жылдарға арналған білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бекітілген болатын. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының декларациясында білім саласындағы саясат бүгінгі жедел өзгеріс үстіндегі заманда білімнің де осы үдеріске сәйкес болуын, яғни  білім жүйесінің барлық компоненттері (білім жөніндегі ұлттық стандарт, мұғалім, мектеп, оқушылар) өзгерістерді қабылдауға әзір тұру қажеттігін және жаңалықтарды алға жылжытуда белсенді әрекеттер жасауға қабілеттіліктерін есепке алатындығы айтылған болатын.  Бұл дегеніміз не? Бұл дегеніміз жүйелі түрде даму, мүмкіндіктерді тұрақты түрде кеңейтіп отыру және халықтың қалың бөлігі арасында білім алуға, дамуға тең мүмкіндік қалыптастыру  деген сөз. Міне, аталған дек­ларация осы қағидаттарды ескереді. Декларацияның қабылданғанына біраз уақыт өтсе де, онда айтылған жайттар бүгінгі күн үшін барынша өміршең болып табылады және маңызы да жыл өткен сайын артып келеді. Барлық дамыған елдер осы декларацияны есепке ала отырып,  өздерінің білім саласындағы саясаттарын жүзеге асыруда. Бәсекеге қабілетті экономиканы, орнықты қоғамды құру ісі де бүгінгі күндері мектеп қабырғаларынан бастау алатындығы жасырын емес. Бұл жағынан алғанда Қазақстанның білім мен ғылым жөніндегі қазіргі қолға алып жатқан істері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының аталған декларациясындағы көрсетілген мақсаттармен және қағидаттарымен әбден қабысып тұр. Демек біз бұл ұйыммен білім және ғылым саласында ынтымақтасып жұмыс істеуге әзірміз деп айтуға болады.  – Ал енді халықаралық ұйыммен ынтымақ­та­суда біздің білім саламызда жүргізілген қан­дай жұмыстар бар? – Егер Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму елдерінде қолданылатын халықаралық салыстырмалы бағалау зерттеулеріне қатысушылық мәселесіне келсек, біз қазір осы жолға түсе бастадық деп айтуға болады. Мұның өзі Елбасының тапсырмасымен еліміздің Үкіметі соңғы жылдары жүргізіп келе жатқан білім жөніндегі саясаттың маңызды жетістіктерінің бірі. Бұл саясат Қазақстанды дамыған елдерде мойындалған мемлекеттік басқарудың халықаралық стандарттарын енгізуге бағытталып отыр. Мәселен, осы саясаттың және Елбасының бес реформасының негізінде Қазақстан алдағы уақытта бастауыш мектептер оқушыларының оқуы мен түсінігінің сапасын бағалайтын PRILS, 11-ші сынып оқушыларының математикалық және жаратылыстану ғылымдары бағытындағы сауаттылығын бағалайтын TIMSS-ADVANCED, 8-ші сынып оқушыларының компьютерлік және ақпараттық сауаттылығын бағалайтын ICILS халықаралық зерттеу бағдарламаларына қатысуды жоспарлауда. Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде де осы бағдарламаларға мән берілетіндігін айтуымыз керек. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».