Құрылыс кодексінің негізгі мақсаты – архитектура, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнаманы жаңарту, сондай-ақ халықтың қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру. Маңызды жаңалықтардың бірі − нысандарды жобалау барысында сейсмикалық микроаудандау карталарын міндетті түрде пайдалану.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуанышбек Қажкеновтың айтуынша, Қазақстан аумағының 45%-ы сейсмоқауіпті аймақтарда орналасқан.
«Осыны ескере отырып, Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіз құрылысқа арналған бөлек бағыт қарастырылды. Бұл бағыт аясында сейсмотұрақты жүйелерді жаңғырту, сынақтар жүргізу және сейсмикалық микроаудандау карталарын әзірлеу көзделген. Олар жобаларды, бас жоспарларды және детальды жоспарлау кезеңінде қолданылады. Сейсмоқауіпті аумақтарда тұрғын және қоғамдық нысандарға арналған арнайы сейсмоқорғау аймақтары құрылатын болады», деді ол.
Қазіргі таңда мұндай карталар тек Алматы қаласында бар, ал басқа өңірлер үшін енді әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар сенаторлар «Банктер және банк қызметі туралы» заңды және оған қатысты қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелерін реттейтін заңды қарады.
Жалпы, сенаторлар келесі мақсаттарға бағытталған заңдарды қолдады:
-
банктік жүйенің тұрақтылығы мен ашықтығын арттыру;
-
салымшылар мен қарыз алушылардың құқықтарын қорғау;
-
цифрлық қаржы құралдарын дамыту;
-
алаяқтыққа қарсы күресті күшейту;
-
қаржы нарығына деген сенімді арттыру.
Алайда мұқият қарастыру барысында сенаторлар кейбір баптарға жаңа талаптарды енгізуді ұсынды.
Лицензиялау және банктерге қойылатын талаптар бойынша олар базалық және әмбебап банктік лицензия моделдерін енгізуді ұсынды. Белгіленген актив шегінен асып кетсе, банк пруденциялық нормативтерді сақтай отырып, базалық лицензияны әмбебап лицензияға ауыстыруға немесе активтерді қысқартуға міндетті болады. Сондай-ақ исламдық банктер мен резидент емес исламдық банктердің филиалдарының қызметіне біртекті тәсілдер бекітіліп, инвестициялық қызметке қатысты ережелер де нақтыланды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ашықтықты қамтамасыз ету үшін сенаторлар банктік қарыздарға алынатын комиссияларды заңда қарастырылған мөлшерден артық ала алмайтынын нақтылады. Жеке тұлғаларға берілетін банктік қарыз бойынша фиксирленген сыйақы мөлшерін біржақты өзгертуге тыйым салынды. Сонымен қатар азаматтардың қарыздарын сотқа дейін шешу кезінде банктік, сақтандыру және микроқаржы қызметтері бойынша бірыңғай қаржы омбудсмені офисі құрылды.
Антифрод және цифрлық қауіпсіздік аясында банктер клиент алдындағы жауапкершілікті қабылдайды және аударма алаяқтық белгілері бар антифрод орталық базасында тұрған тұлғаға жасалса, қаражатты қайтаруға міндетті. Жеке тұлғалармен банктік қарыз келісімдерін қашықтан биометриялық аутентификациясыз жасауға тыйым салынды. Сонымен қатар бақылау, ерте тәуекелді анықтау және ақпарат қауіпсіз алмасу үшін «мәлімет витринасын» қалыптастыру талаптары енгізілді.
Әлеуметтік және төлем құралдарын қорғау мақсатында төтенше жағдайдан зардап шеккендерге арналған төлемдерге және банкаралық және карточкалық төлемдерді қолдауға арналған қаражатты тәркілеуге тыйым салынды.