Халықаралық жұмысты үйлестіру үшін екі қазақстандық волонтер БҰҰ-ның өңірлік хатшылықтарына жіберілді. Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша Халықаралық волонтерлер жылының (IVY 2026) өңірлік үйлестірушісі Қазақстанның жаһандық волонтерлік қозғалысқа қатысуы мен оның маңызы туралы айтып берді.
«Бұл жерде жүріп, көптеген мәселе бойынша Қазақстанның расымен көшбасшы ел екеніне көзім жетті. Мысалы, мен келген бағдарлама көп елде жоқ. БҰҰ еріктісі болып жұмыс істеу үшін азаматтарын мемлекет есебінен жіберетіндері санаулы ғана. Қазақстан 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Демек бүкіл әлем ел Президентінің бастамасымен волонтерлер жылын атап өтеді. Бұл – біздің жаһандық үрдістерге ілесіп қана қоймай, оны қалыптастырып отырғанымыздың тағы бір мәрте дәлелі», деп атап өтті Зарина Мирабдуллаева.
Сондай-ақ толық қаржыландыру бағдарламасы аясында биыл Кения, Түркия, Таиланд елдеріне 7 отандасымыз барып, өз жұмысын абыроймен атқарып жатыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі бойынша жыл сайынғы Достастық елдері волонтерлерінің форумы ұйымдастырылатын болды. Алғашқы форум келер жылы Астана қаласында өтеді.
Негізі елімізде волонтерліктің ұлттық инфрақұрылымы жүйелі жасақталған. Республика көлемінде Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді. Сонымен қатар бірыңғай Call-орталық қызмет көрсетеді және Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған.
Жыл өткен сайын еріктілер қатары артып келеді. Биыл белсенді волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады. Олардың ішінде 6 мың «күміс» волонтер бар, ал волонтерлік ұйымдардың саны 810-нан асты. Волонтерлердің еңбегін бағалау мақсатында Президенттің бастамасымен «Жыл волонтеры» сыйлығы тағайындалды және бұл марапат жыл сайын табысталып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей елдерінен 297 азамат лауреат атанды. Бұл сыйлық өңірде де үлестіріледі.
«Түсіне білгенге, волонтерлік – жай ғана көмектесу емес, бұл – адамның ішкі әлеміндегі мейірім мен жауапкершіліктің, жанашырлық пен азаматтық ұстанымның тоғысқан тұсы. Қоғамның ең қиын сәттерінде бірінші болып көмекке ұмтылатындар осы – волонтерлер. Олар көп жағдайда үнсіз еңбек етіп, жарияға шықпайтын игі істер атқарады әрі қолынан келген көмектен бөлек, жүрек қалауымен қызмет етеді. Сондықтан волонтерлікті адамға, қоғамға және өмірге деген сүйіспеншіліктің ең жоғары көрінісі деп бағалаймын. Еріктілерге атақ та, марапат та керек емес. Алайда осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген жандарды қолдау, олардың еңбегін бағалау және қоғамға үлгі ету – барша азаматтың ортақ міндеті. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен құрмет волонтерлерге жаңа серпін беріп, алдағы жұмыстарға ынталандырады. Осы тұрғыда Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жыл волонтерлерін марапаттау» іс-шарасының маңызы ерекше. Барша волонтерлерге қоғам игілігі жолындағы адал еңбегі мен жүректеріндегі мейірімі үшін алғыс білдіремін», деді «Жаныңдамын» волонтерлік ұйымының жетекшісі Мира Есниязова.
«Игі істер марафоны» жобасы да қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Осы жылы отандастарымыз 9 мыңнан аса игі іс атқарып, жобаға 40 мың адам қатысты. 56 волонтерлік жоба іске асырылып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант бөлінді. Жылды қорытындылай келе, Қазақстан волонтерлік қозғалысты нығайтуды жалғастыра береді.