Фото: Ашық дереккөз
Minval басылымы жазғандай, Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин жолдаған қылмыстық істі тоқтату туралы хат Баку үшін күтпеген жағдай болғанын айтты.
Министрдің айтуынша, Әзербайжан тарапы бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын ресми түрде жеткізген. Баку тергеу ісі соңына дейін жеткізіледі деп үміттенеді. Бұл Ресей президенті бұрын Душанбе қаласында өткен келіссөздер барысында айтқан мәлімдемелерге сай келуі тиіс.
«Біздің күткеніміз – екі ел басшылары арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сай процестің толық аяқталуы», деді Джейхун Байрамов.
Сонымен қатар AZAL ұшағының Маңғыстау облысында апатқа ұшырағанына бір жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі «аралық хабарлама» деп аталған материал жариялады. Құжат әуе апатының бір жылдығына орай дайындалған.
Хабарламада мамандар экипажға қатысты деректерді, ұшу параметрлерін, ауа райы жағдайын және әуе кемесінің техникалық жай-күйін зерттегені көрсетілген. Сараптамалар нәтижесінде жарылғыш заттардың іздері анықталмаған.