Мамандардың пікірінше, бұл шешім жолдың өткізу қабілетін, жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттырып, жүру уақытын қысқартады. Сондай-ақ еліміздің ең ірі агломерациясын орталық өңірлермен тиімді байланыстыруға мүмкіндік береді. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Қайта жаңғырту параметрлеріне сәйкес, техникалық талаптарды сақтай отырып, төрт жолақты қозғалыс ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде төрт көпір құрылысы, бір көлік айрығы, айрық құрамындағы бір жол өткелі, бес бұрылыс алаңы, 61 су өткізу құбыры салынды. Нысан құрылысына 305 маман, 104 бірлік құрылыс техникасы жұмылдырылды.
Жоба тек жол желісін жергілікті деңгейде жақсартуды ғана емес, елдің негізгі көлік дәліздерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Салалық операторлар мен өңірлік билік органдарының үйлестірілген іс-қимылы инфрақұрылымдық шешімдерді экономика, логистика аймақ тұрғындарының қажеттіліктерімен қатар ұштастыруға мүмкіндік берді. Күрежолдың ашылу салтанатында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаманың маңызын атап өтті.
– Ұзындығы 67 шақырымды құрайтын «Күрті – Қонаев» автомобиль жолы – Алматы облысының көлік инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Тек биылдың өзінде өңірде облыстық маңызы бар 178 км жол, көше-жол желісінің 473 шақырымы ретке келтірілді. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде республикалық маңызы бар 341 км автожол жөндеуден өтті. Бұл жобалар жол жүру уақытын қысқартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, бизнес пен облыс тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді әкім.
Сонымен қатар ұлттық оператор Алматы облысындағы республикалық маңызы бар автожолдарда осы жылы атқарылған жөндеу жұмыстарын қорытындылады. Өңірдегі республикалық жол желісінің жалпы ұзындығы 1734 шақырымды құрайды, оның ішінде І санаттағы жолдар – 683 км. Желінің құрамында (ақылы учаскелерді қоса алғанда) цемент-бетон жамылғысы бар 327 км автожол, 134 көпір мен жол өткелі, сондай-ақ жер төсемінің тұрақтылығы мен су бұруды қамтамасыз ететін шамамен 2 200 су өткізу құбыры пайдаланылады.
– Біз «Орталық – Оңтүстік» дәлізінің негізгі учаскелерін кезең-кезеңімен қазіргі заман талабына сай деңгейге жеткізіп келеміз. «Күрті – Қонаев» бағытында төрт жолақты қозғалыстың ашылуы – көлік шығындарын төмендетіп, логистиканың болжамдылығын арттыратын, сапарды мейлінше қауіпсіз әрі жайлы ететін нақты нәтиже. Алматы облысына бұл жоба өте маңызды. Өйткені бұл жол жолаушы, жүк тасымалы айналымының өсуіне тікелей ықпал етіп, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Биыл 341 км автожол жөнделген. Оның 109 шақырымына қайта жаңғырту жұмысы жүргізілсе, 1 км жол күрделі жөндеуден, 232 км жол орташа жөндеуден өткен. Бұл басым бағыттарда инфрақұрылымды кешенді жаңартуға, жол желісінің пайдалану сипаттамаларын жақсартуға мүмкіндік береді. Қайта жаңғырту аясында «Ұзынағаш – Отар» автожолының 42 шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. «Алматы – Бішкек» автожолындағы (25 км, шығыс бағыты) күрделі жөндеу жобасы бойынша «таға» үлгісіндегі көлік айрығының құрылысы жалғасып жатыр. Биыл 54 бұрғылап-құю қадасын қоса алғанда төрт тірек, төрт ростверк, тірек қаңқасы тұрғызылды. Жоба 2026 жылы аяқталады.
Бірқатар учаскеде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтқанда, «Алматы – Бішкек» жолының 19-27 шақырым аралығын 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейту, «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» бағытының 13-21 шақырымдарын 4 жолаққа дейін ұлғайту, «Алматы – Өскемен» автожолының 43 шақырымында жерүсті жаяу жүргінші өткелін салу, сондай-ақ «Ақсай – Шонжы – Қалжат» (0-7 км), «Көкпек – Кеген – Түп» (53-68 км) учаскелері жөніндегі жобаларды түрлі деңгейдегі мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарда бар.
Орташа жөндеуден өткен «Алматы – Бәйтерек – Бәйдібек би» (14-43 км), «Алматы – Шамалған – Ұзынағаш» (20-23 км), «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» (187-230 км), сондай-ақ «Жалаңаш – Саты» (18-24 км) учаскелері пайдалануға берілді. Өтпелі нысандардың бірқатарында жол негіздері мен жамылғының төменгі қабаттарына қатысты жұмыстар орындалды, үстіңгі қабаттарды төсеу алдағы жылдың еншісінде.
Сондай-ақ «Алматы – Шелек – Қорғас» ақылы автожолында осы жылы жолдағы ақауларды жою жұмысы кешенді жүзеге асты. Көпір құрылыстарында 101 мың шаршы метр алаңда жабын ауыстырылып, жарықтандыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ алдағы жылы Алматы облысында жол жобаларын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырады. Оның ішінде өтпелі учаскелерді аяқтау, қозғалыс қауіпсіздігін, өткізу қабілетін, жайлылықты арттыруға бағытталған инфрақұрылымды одан әрі дамыту көзделген.
Алматы облысы