12 Мамыр, 2015

Ақтөбеде екі соғыс ардагерінің үйіне жөндеу жүргізілді

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ардагер ПащенкоАҚТӨБЕ. 12 мамыр. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсетті. «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның филиалы болып саналатын кәсіпорын арнайы 2 миллион 600 мың теңге бөліп, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерін жөндеп берді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бүгінгі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ардагерлер кеңесінде 687 қария есепте тұр. Оның төртеуі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, үш адам осы мәртебеге теңестірілгендер, 130-ы тыл еңбеккерлері және 7-і соғыста қаза тапқандардың жесірлері. Ардагерлер әрдайым зауыт әкімшілігінің басты назарында. Олардың талап-тілектері, өтініштері қашан да шешімін табады. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында зауыт әкімшілігі соғыс ардагелерінің пәтері мен үйлерін жөндеу жұмыстарын ойдағыдай аяқтап, мереке алдында үлкен қуаныш сыйлады. «Ардагерлерге құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз. Біз тек Жеңіс күнінде ғана емес, оларға әрдайым қамқор болып, талап-тілектерін, өтініштерін қанағаттандырып отырамыз. Биыл да осы игі дәстүр өз жалғасын тауып, ардагеріміз Николай Пащенконың (суретте) өтініші бойынша оның пәтеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес қала тұрғыны, соғыс ардагері Өтеш Жалмағамбеттің де үйінің шатыры алмастырылып, іші жөнделді және сырты заман талабына сай материалдармен қапталды», – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақыткерей Каванов. Сондай-ақ, оның айтуынша, зауыттың 4 соғыс ардагеріне 70 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және азық-түлік салынған қалталар, осы мәртебеге теңестірілген 3 ардагерге 50 000 теңге, 130 тыл еңбеккеріне 26 600 теңге, 7 соғыста қаза тапқандардың жесірлеріне 20 000 теңге және 27 ауған соғысының интернационал жауынгерлері мен Чернобыль апатынын салдарын жоюға қатысқандарға 17 800 теңге көлемінде ақшалай сыйлық жасалды. Шара соңында ардагерлер мерекеге орай жайылған дастарханнан дәм татты. Бұдан бөлек, қаладағы «Евразия» медициналық орталығында ардагерлерге тегін қызмет көрсету мүмкіндіктері қарастырылды. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.