Шарайна
Нигерияда бес адамды мерт етіп, жиырмаға жуық тұрғынды жарақаттаған террорлық әрекетті жеті жастағы қыз бала жасаған. Қайғылы жағдай Потискум базарында болыпты.
«Франс-пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, базарға кірер кезде күзетшілер қыздан тексеруден өтуді сұраған. Сол сәтте ол жарылғыш затты іске қосқан. Бұл террорлық әрекетті ешқандай ұйым өз жауапкершілігіне әлі алған жоқ. Дегенмен, Нигерия билігі адам өліміне соқтырған аталған әрекетке «Бока харам» радикалды тобының қатысы бар болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Осыдан бір аптадай уақыт бұрын осы елде бір жасөспірім қыз автобуста жарылыс жасап, соның салдарынан 16 адам қаза тапқанын айта кетейік.
Паром апатының салдары ауыр
Бангладеш аумағында жолаушылар паромының апатқа ұшырауы салдарынан 60-тан астам адам опат болды. Оқиға Падма өзенінде орын алған.
Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, паром өзенде қарсы келе атқан траулермен соқтығып, аударылып кетіпті. Онда 150-ден астам жолаушы болған екен. Көз жұмғандардың көпшілігі әйелдер мен балалар сияқты. Ел билігі болған жағдайды тексеруді бірден қолға алған. Пароммен соқтығысқан траулердің капитаны мен екі команда мүшесі тұтқындалды. Атап өтейік, бұл елде осындай апаттар жиі орын алады. Себебі, Бангладеш аумағын екі жүзге жуық өзен басып өтеді.
Содырлар 10 мың кітапты өртеп жіберді
«Ислам мемлекеті» топтарының содырлары Ирактың Мосул қаласындағы орталық кітапхананы жарып жіберді. Соның кесірінен 10 мыңға жуық кітап жанып кеткен.
«Элаф» интернет-порталының хабарлауынша, жарылыстан үш қабаттан тұратын кітапхана ғимараты отқа оранған. Ал кітапхана директорының айтуына қарағанда, исламшылар кітапхана ауласында Ирак елінің мәдени мұралары болып табылатын кітаптар мен көне қолжазбаларды үйіп қойып өртепті. Жойылған басылымдар ішінде мәдениет, тарих пен философияға қатысты өте сирек кездесетін кітаптар да бар екен. Анбар провинциясы кеңесінің мүшесі Адал әл-Фахдауи соңғы апталарда радикалдар бірнеше кітапхананы талқандап, оларда сақталған 100 мыңнан астам кітапты жойғанын атады.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Нижний Новгород (Ресей) қаласының тұрғыны, 28 жастағы Ирина Шутова төрт сәбиді аман-есен дүниеге әкелді. Сәбилердің біреуі ұл, қалғаны қыз балалар. Нәрестелердің әрқайсысының салмағы 1,5 килоға жуық екен.
*Кәсіпқой боксшылар Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяоның жекпе-жегінен түсетін табыс 400 миллион АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл ақшаның жартысы екі боксшыға беріледі. Бокс тарихында әлі бірде-бір боксшы осындай көлемде сыйақы алып көрмепті.
*Оңтүстік Суданда мектепте емтихан тапсырып жатқан кезде содырлар 89 оқушыны ұрлап кеткен. Олардың ең кішісінің жасы 13-те сияқты. Оқиғаны қандайда бір ұйым мойындарына алған жоқ.
*Грузия президенті Георгий Маргвелашвили іздеуде жүрген елдің экс-президенті Михаил Саакашвилидің Украина басшысы Петр Порошенкоға кеңесші болып тағайындалуы Киев пен Тбилиси арасындағы қатынастарға әсер етпейтінін мәлімдеді.
Шах кесенесі қауіпсіз жерде
Түрік Республикасы өзінің елі аумағынан тысқары жатқан, стратегиялық нысаны ретінде саналатын Сириядағы Сүлеймен шах кесенесін қауіпсіз жерге көшірді.
Көшіру операциясы кеше кешкісін жүзеге асырылды. Оған Түркия қарулы күштерінің 39 танкісі мен 100-ден астам әскери көлігі, сондай-ақ, 750 әскериі қатысқан. Соның нәтижесінде кесенедегі мемлекеттік тулар мен белгілер және діни жоралғыларды сақтай отырып, кесенедегі зираттан үш табыт қазылып алынды. Бұдан бөлек, Сүлеймен шах кесенесін сегіз айдан бері күзетіп келген күрең беретті 44 сарбаз аман-есен еліне оралды. Ал қазір кесене Сирияның Ешмеси аталатын елді мекеніне жеткізілді. 1921 жылдың 20 қазанында Түркия мен Франция үкіметтерінің келісімімен Осман империясының негізін қалаушы Осман Газидің атасы Сүлеймен шах кесенесі және оған тиесілі жер аумағы толығымен Түркияның иелігі деп танылған болатын. Сондықтан ел аумағынан тыс жатқан кесенені Түркияның қарулы күштері осы кезге дейін салтанатты қарауыл қойып, күзетіп келген еді.
Кеншілердің барлығы құтқарылды
«Рейтер» ақпарат агенттігі бұдан екі күн бұрын алтын өндіруші «Harmony Gold» компаниясының шахтада өрт шығуына байланысты жер астында қалған 486 кеншінің 287-сі құтқарылғанын хабарлаған еді.
Кешегі күнгі дерек бойынша, жер астында қалған кеншілердің барлығын оңтүстікафрикалық құтқарушылар жер үстіне алып шыққан. Алдын ала жасалған мәліметтерге қарағанда, кеншілердің ешқайсысы жарақаттанбаған. Олардың барлығы медициналық тексеруден өтетін болады. Құтқару операциясына жеті құтқару бригадасы қатысқан. Қазіргі кезде шахтадағы өрт толығымен сөндірілді. Йоханнесбург қаласынан 70 шақырымдай жердегі шахтадан өрт жексенбі күні техникалық жұмыстар барысында шыққан болатын. Ал өрттің себеп-салдары қазірге анықталған жоқ.
Аруначал-Прадеш кімнің аумағы?
Қытай үкіметі Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің даулы аймақ саналатын Аруначал-Прадеш штатына баруына байланысты наразылық нотасын жолдады.
Дерек көздеріне қарағанда, ресми Бейжің бұл аймақты Тибетке тиесілі деп санайды. Ал қытайлық БАҚ-тардың хабарлауынша, ҚХР сыртқы істер министрлігі осыдан бірер күн бұрын Үндістанның Қытайдағы елшісін шақырып, егер Үндістанның үкімет басшысы аталған аймаққа баратын болса, Қытайдың шекаралық тұтастығын бұзған болып есептелетіндігін ескертіпті. Алайда, Нарендра Моди бұған қарамай, өткен жұма күні Аруначал-Прадеш аумағына штат мәртебесі берілгенінің 28 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараларға қатысу үшін барған. Оқырмандар есіне сала кетейік, осы даулы аймаққа байланысты 1962 жылы Қытай мен Үндістан арасында қарулы қақтығыс болған еді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.