Қоғам • Бүгін, 09:48

Басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыс нәтижесі қай өңірдің де даму көрсеткішіне әсер ететіні сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс аясы жыл сайын артып, әлеумет әлеуетінің жақсаруына сеп болып келеді.

Басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Сыр өңірінде биылға жоспарланған жұ­мыс­пен қамтудың жол картасында 46 560 жұ­мыс орны ашылатыны межеленсе, 11 ай қо­рытындысында бұл жоспар 92% орын­дал­ды, оның 65,3%-ы немесе 27 964-і – тұ­рақты жұмыс орындары. Жыл басынан бері атаулы көмек алатын, мүмкіндігі шек­теулі, көпбалалылар мен асыраушысынан ай­рыл­ғандар арасынан 1 556 адам өзінің кәсіп­керлік бастамасына 1 572 800 теңгелік қайтарымсыз мемлекеттік грант алды.

Осы жылға белгіленген кво­та­ға сәйкес 76 мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасып, жылдық жоспар 100%-ға орын­далды. Облыс әкімдігінің қаулысымен келесі жылы 64 мекемеге 81 тұрғынды жұмысқа орналастыру жөнінде квота бекітіліп отыр.

Былтыр мүгедектігі бар адам­­дарды оңал­ту­дың жеке бағ­дарламасын орындауға рес­­пуб­ли­калық және облыстық бюджеттен 6,8 млрд теңге бөлінсе, биыл қаралғаны 8,3 млрд теңге болып отыр. Қазіргі мәліметке сәйкес, әлеуметтік қызметтер порталы арқы­лы 35 604 мүгедектігі бар адамның 33 368-і тех­никалық оңал­ту құралдарымен қамта­ма­сыз етіліп, көрсеткіш 93,8%-ды құрады.

Облыста инватакси қызметін 67 авто­көлік жүзеге асырады. Биыл осы салаға бюджеттен 268,9 млн теңге бөлініп, жыл басы­нан бері 1 742 адам инватакси қыз­метімен қамтылды. Бір айта кетерлігі, мүм­кін­дігі шектеулі жандардың жүріп-тұруын жеңіл­детіп, қоғамға араласуына жағ­дай жасау­ға ай­мақта жұмыс істеп жат­қан ком­паниялар да үл­кен үлес қосып отыр. Жуыр­­да ғана Қы­зыл­­ордадағы жылу-электр орта­лығының құ­ры­лысын жүр­гізіп жатқан «INTERTASCO» ЖШС облыстық мүгедектер қоға­мы­на инватакси автокөлігін сыйға тартып, сауапты істен сырт қалмайтынын көрсетті.

ера

Былтырдан бастап «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ба­ла­лар орталығы» базасында іске қосылған «Үй жағ­дайын­да мүге­дектігі бар балаларды оңал­ту» жобасы аясында «Қа­зақ­стан хал­қына» қоғамдық қоры тарапынан 283 млн теңгеге мүге­дек­ті­гі бар балаларды оңалтудың 95 құ­ралы жеткізіліпті. Бүгінде реа­билитолог-мамандар 142 балаға осы жабдықтарды пайдалануды үй­ретіп жатыр.

Мемлекет ешкімді қолдаусыз қалдырмайды. Бірақ әлеуметтік көмек шын мұқтажға жетуі керек. Олай дейтініміз, осы күні ай сайын үйіне кіріп отырған табысын жасырып, мемлекет кө­мегіне де ортақтасатындар жоқ емес. Бұлайша «екі жеп, биге шы­ға­тындардың» әрекеті өскелең ұр­пақ тәрбиесіне де теріс әсерін тигізеді. Қоғамды «Дайын асқа тік қасық» деген осындай ұста­ным­нан арылту мақсатында қазір мониторингтік топтар да жұмыс істеп жатыр.

«Осы топ жұмысының нә­ти­­­же­сінде кейінгі үш жылда әлеу­­меттік көмек алатындар 3,2% тө­мен­деп, 5,4 млрд теңге үнем­делді. Биыл да негізсіз көмек алу­шы­ларды 33 759 адамнан 27 007-ге төмендету жоспарланған. Облыста учаскелік комиссиялар құрамы жаңарып, барлық ауданда үйлерді аралап, атаулы әлеуметтік заңсыз алып отыр­ған­дарды анықтау арқасында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көмек алатындар қатары азайды. Көп отбасында сонда тұрып жатқан табысы бар адамдар тіркелімнен шығып, үйде тек жұмыс істемейтіндер қалған. Жеке кәсіпкерлерде жұ­мыс істейтіндердің жалақысын азай­тып көрсеткендері де аз емес. Осы бағытта салық орган­дарымен жұмыс істеп, шын табысын жасырғандар анықталды. Мем­лекетті майшелпекке ай­налдырып келгендердің біразы негізсіз алған қаржысын сотқа дейін төледі», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.

Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық ауданда ашылған отбасын қолдау орталықтары қазір жүйелі жұмыс істеп тұр. Олардың қызметін қамтамасыз етіп, жұмысын үйлестіруге биылға 449,3 млн теңге қарастырылған. Орталықтар отбасыларға заңгер­лік, психологиялық көмек көр­сетуден бастап кәсіпкерлік негіз­де­ріне оқыту, бизнес-жоспар құрып, грант, шағын несие алуға, жұ­мысқа орналасуға көмек көр­сетеді.

Қазірде еңбек нарығындағы жағ­­дайға байланысты жұмы­­сыңыз­дан, түрлі жағдай себе­­бі­мен кәсібіңізден айырылып қалу оңай. Өңірде осындай қиын жағдайға ұшыраған адамдарды анықтап, оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыратын 1 561 мобильдік топ құрылған. Олар маусым айы­нан бастап қолданысқа ен­гі­зілген «FSM Social» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы 975 әлеуметтік қолдау шарасы жай­лы хабарламаны тіркеді. Оның 395-сі бойынша нәтиже бар, қалған 580 азаматты оңалту шараларына қатысты салалық органдармен бірлескен жұмыс жүріп жатыр.

Биыл басқармаға қарасты 5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы арқылы ста­цио­нарлық, жартылай ста­ционарлық жағдайда барлығы 2 746 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі артып, орталықтардың материалдық-тех­никалық базасы жыл сайын жаңартылып отыр.

«Өңірде қолдауды қажет ете­тін жандарға бюджеттен тыс кө­мек жүйелі түрде көрсе­тіліп келеді. Компаниялар мен жеке кәсіпкерлер түрлі мереке қар­саңында көпбалалы, әлеу­меттік жағдайы төмен, мүгедек жандарға қайырымдылық шара­ларын жасап отырады. Тұр­­ғындар жағдайына байланысты кәсіптегі азаматтарға өтініш жасайтын кезіміз де бар. Мысалы, жақында ғана көп жылдан бері төсек тартып жатқан анасына арнаулы кереует сұраған қала тұрғыны келді. Мүгедектер порталы ар­қылы керекті жаб­дықтарды жет­кізіп беретін кә­сіпкерлерге өтініш айтып, олар дер кезінде қа­жетті тауарды алып берді. Ондай азаматтардың көпшілігі жаса­ған көмектерін жариялауды жөн көрмейді», дейді басқарма бас­шысының орынбасары.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар

Тәртіпті тізгінші

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:58

Жұмыс орны және өңірлік карта

Аймақтар • Бүгін, 09:55