Экономика • Бүгін, 10:40

«Салық амнистиясы»: кімдердің айыппұлы кешіріледі?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2026 жылдың алғашқы тоқсанында микро және шағын кәсіпкерлерге салықтық қарыз жүгін жеңілдетуге мүмкіндік беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске қосылатын амнистия айыппұлдар мен өсімпұлдарды толық кешіруді көздейді, деп жазады Egemen.kz.

«Салық амнистиясы»: кімдердің айыппұлы кешіріледі?

Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда салықтық амнистия жарияланады. Амнистия 2026 жылға дейін қалыптасқан салық берешегіне қатысты қолданылады және микро, шағын бизнес субъектілерінің өсімпұлдары мен айыппұлдарын толық есептен шығаруды қарастырады. Сондай-ақ жыл басындағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында тіркелген айыппұлдар да кешіріледі.

Амнистия мерзімі шектеулі. Кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында негізгі қарыз сомасын толық өтеген жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұлдар автоматты түрде есептен шығарылады. Қосымша өтінім берудің қажеті жоқ, рәсім электронды жүйе арқылы жүргізіледі.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов бұл қадам бизнесті жаңа салықтық кезеңге қарызсыз бастауға жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, амнистия қаржылық тәртіпті күшейтіп, есеп жүргізуді жеңілдетеді және ел көлеміндегі мыңдаған микро әрі шағын кәсіпкерге тыныс береді.

Сонымен қатар, нарықтың жаңа талаптарға бейімделуіне уақыт қажет екені ескерілді. Ұлттық тауарлар каталогындағы кодтардың болмауына байланысты сынақ кезеңінде ешқандай бұғаттау немесе санкция қолданылмайды.

Айта кетейік, желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа Салық кодексінің жекелеген нормаларын іске асыруға қатысты бизнес өкілдерінің өтініштерін мұқият талдауды тапсырған еді. Үкімет пен «Атамекен» палатасы жыл соңына дейін жаңа талаптарды кәсіпкерлікке салмақ салмай енгізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, амнистия шарттарын уақытылы орындау кәсіпкерлерге жаңа жылды қарызсыз бастауға нақты мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар