Жерлестерін қуантып, жақсылыққа сеп болған қайырымды жандарға Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, аудан прокуроры Алмас Таспихов, еңбек ардагерлері бастаған халық өкілдері алғыс айтты.
– Қоғам тек экономикалық көрсеткіш, дамыған инфрақұрылыммен алға баспайды. Қоғамды алға жетелейтін – адамдар арасындағы өзара қолдау, мейірім мен сенім. Осындай құндылықтарды күнделікті өмірде нақты іспен насихаттап жүрген азаматтар – елдігіміздің шынайы тірегі. Бүгінгі марапат – бір адамның еңбегіне берілген баға ғана емес, жақсылықты дәріптеу, жауапкершілікті арттыру жолындағы маңызды қадам. Қайда жүрсе де туған ауылының өркендеуіне үлес қосқан азаматтар жасай берсін! – деді аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы.
Биыл Ақжайық ауданында жерлестердің, мектеп түлектерінің мұрындық болуымен 70 млн теңге жиналып, түрлі деңгейдегі 19 жоба жүзеге асқан екен. Бұл көзге көрінетін, ауыз толтырып айтатын ірі істер ғана.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дегендей, олардың кейбірін айта кетейік: Көнеккеткен ауылдық округінің Қамыстыкөл ауылындағы шағын мектепті 1995 жылы тәмамдаған түлектер өздері білім алған мектеп кітапханасына 80 дана жаңа кітап сыйлаған. Бұған қоса сыныптастар ауыл көшелеріне жарық шамдарын орнатып, жарқыратып қойыпты. Ал округ орталығының 2005 жылғы түлектері өздерінің алтын ұясы Ораз Исаев атындағы мектептің акт залын толықтай жаңартып берген. Көрші ауыл Есенсайда осыдан 10 жыл мектеп бітірген ұл-қыздар мұқтаж жанға жаңа баспана сатып алып берген. Жамбыл ауылында 1983 жылғы түлектер ауыл ішінде мемлекеттік рәміздер алаңын жасақтап, патриот жастардың бас қосатын мүйіс пайда болыпты. Аудан орталығының 2000 жылғы түлектері «Ауылым – алтын бесігім» жарық диодты композициясын орнатса, шағын ғана Жаңажол ауылының 2004-2005 жылғы түлектері де осындай архитектуралық нысан салып, ауылға кіреберіс жолға еңселі қақпа орнатқан. Базартөбені ауылының 2005 жылғы түлектері мен 1988 жылы туған ауыл азаматтары туған жердің атауын әдемі ескерткіш белгіге айналдырса, 2005 жылғы түлектер Алмалы ауылының кіре беріс жолын самаладай жарқыратып берген. Қабыршақты, Ілбішін ауылдарына кіре берістегі сәнді арка, Ақсуаттағы жазғы сахна, Алмалы мектебіндегі субұрқақ, Бударин ауылындағы «Жастар» ойын алаңы да осындай ұйымшылдық нәтижесінде пайда болған. Базаршоландық бір топ азамат 15 млн теңгедей қаржы жинап, ауылға спорт кешенін салып берсе, Тайпақта ауыл тұрғындары мен белді кәсіпкерлер бірлесіп, жалпы құны 24 млн теңгеден асатын жазғы спорт алаңы мен футбол алаңын ел игілігіне сыйға тартқан.
Әрине, бұл Ақжайықтағы атымтай жомарттар атқарған істердің толық тізімі емес. Ең бастысы, жерлестеріне жүрек жылуын сыйлаған жандар елдің ықыласына бөленді.
Батыс Қазақстан облысы