Атақонысымызда орын тепкен өлкеде туып-өссек те заманалар ағымына сай шекараның шетінде қалған мына біздер орайын келтіріп, өз Отанымызға оралып жатырмыз. Яғни, келешек ұрпағымыздың баянды болашағы үшін Қытайдың Үрімжі аймағынан Қазақстаныма келгеніме жыл жарым уақытқа таяды. Егер алдағы 2-3 жыл ішінде азаматтық алар болсам, менің өмірім мен құқымның кепілі осы елдің Ата Заңы болып табылады.
Қазіргі кезде мен отбасыммен – ұл, қызым, жолдасым және өзім Астана іргесіндегі Көбетей деген ауылдан үй алып, сонда тұрып жатырмын. Өз ата-анам, бауырларым он шақты жыл бұрын келіп жайғасқандықтан, солардың іргесінен біз де орын тептік. Бұл күнде ықтияр хат арқылы жеке басымды куәландырып, «Астана тазалық» мекемесіне қызметке тұрып, еңбек етіп келемін. Алла амандығын берсе, Елбасының Жарлығымен Қазақстан азаматтығын көп күттірмей аламын деген үміттемін. Мамандардың түсіндіруінше, ол құжат та алдағы бірер жылда беріліп қалатын көрінеді. Қалай дегенмен де, осы күніме мың да бір тәубемді айтып, шүкіршілік етемін.
Ал енді өз басым, шынымды айтсам, Ата Заңымыз болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясындағы баптармен әлі таныс емеспін. Оның себебін түсіністікпен қабылдайтын шығарсыздар, өйткені біздің жақта төте жазу оқытылатындықтан, кирилл әріптерін тани алмай өстік. Осында келгелі латын әріптеріне ұқсайтын кейбір әріп, таңбаларды біліп, үйрену үстіндеміз. Ал Қазақстанға өтер кезде құжаттарымызды жинап, арнайы мекемелерге тапсырғанымызда сол жердегі қызметкерлердің жөн сілтеп, жол көрсетуімен және құжаттарды қайдан алып, қайда тапсыратындығымызды айтып отыруымен ғана заңдық, құжаттамалық білімімізді тәжірибе тұрғысынан ғана білдік. Мұндай жағдай мен секілді көптеген қандастарымыздың басынан өткен шығар деп ойлаймын. Ал енді Ата Заңым маған қандай мүмкіндіктер береді деген мәселе туралы айтар болсам, ең алдымен, мен Қазақстан азаматы атанамын. Міне, сол кезде менің мемлекет алдындағы бірқатар міндеттерім артатын болады. Өз кезегінде мемлекеттің де менің алдымда бірқатар жауапкершілігі күшейеді. Атап айтсам, шетелге шыққанда мені Қазақстан азаматы ретінде құқымның қорғалып, жағдайымның жасалуына мүмкіндік береді. Ал менің мемлекет алдындағы міндеттерімнің бірі – заң шеңберінде жүріп-тұрып өмір сүруіме, тәртіпке бағынып, тиісті алым-салықтар төлеуге және мемлекет тарапынан көрсетілетін өзіме тиесілі жеңілдіктер мен жәрдемақылар алуыма болады. Сол секілді, өсіріп отырған балаларымның да азаматтық алып, білім алуына жағдай жасалады. Орайы келгенде бірқатар мәселелерді атап өтпеуге болмайтын сияқты. Себебі, мұндай жағдай менің ғана емес, мен секілді бірнеше қандастарымыздың да басында бар.
Біздің тұңғышымыз биыл он бестен өтіп, он алтыға толады. Міне, сол қызымыздың азаматтығын алу да біздерге тәп-тәуір уайым болғалы тұр. Себебі, естуімше оған жеке куәлік аларда бірден азаматтық берілмейтін көрінеді. Біршама құжаттар тапсырып, біраз уақыт күтіп, содан кейін береді екен. Ал ол қызымыз тоғызыншы сыныпты осында бітіріп, орта арнаулы кәсіпке баулитын колледжге түскісі келіп еді. Сол мақсатымызға жете алмай, құжат тапсыратын уақытты өткізіп алатын сыңайдамыз. Біздің отбасымыз үшін бұл түсініксіздеу жағдайға айналды. Бірақ, қызымның талабы қайтқан жоқ. Келер жылға дейін құжаттарымды реттеп, оқуға тапсырамын деп отыр. Ал мен өзім, біздің еліміз тәуелсіз мемлекет болғандықтан өз азаматтарын заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қорғайды және олардың құқының сақталуын қамтамасыз етеді деп ойлаймын.
Содан кейінгі тағы бір жағдай, қазіргі жұмыс орнымның бір жақсысы – жалақымыз орташа болса да тұрақты. Сонысы көңілімнен шығады. Алайда, өткенде бір сырқаттанып қалып, жұмыс орныма «Жұмысқа жарамсыздық» жөніндегі анықтаманы ұсынғым келгенде, ықтияр хатпен еңбек етіп жүргендердің бұл мәселесі оңтайлы шешілмегендігіне көзім жетті. Яғни, осы жерде бір түсініксіз жағдай бар. Сырқаттансаң, «жұмысқа жарамсыздық» парағын бермейді, берсе де жұмыс орнымыз оны мойындап, тиісті еңбекақы төлеуге құлықсыздық танытады. Бұл енді адамгершілік тұрғысынан алып қарағанда дұрыс емес, ал заңнамалық тұрғыдан қалай шешілетіндігіне көз жеткізе алмадым. Бар айыбымыз әлі азаматтық ала алмағанымыз болса керек. Себебі, біз Қытай азаматтығынан шығуға өтінім бергенімізбен, Қазақстанның азаматы атанып үлгермедік. Міне, егер біз азаматтық алсақ, осындай мәселелердің оңтайлы шешілуіне оң септігін тигізетіні анық. Сондықтан да мен Ата Заңым – азаматтығымның айғағы дегім келеді.
Бақытжан ҚАБИДОЛЛА,
«Астана тазалық» ЖШС жұмысшысы.
АСТАНА.