25 Маусым, 2015

Талантты ұштайтын талап

731 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
казгу Қазір қазақтың әні берекесі шамалы дуылға, жас­тарды шуылдатқан шоуға, сөзі тілі кемістеу тіршілікке ұқсап тұрған тұста, осыған жандары күйіп, шыр-пыры шығып жүргендер руханият өкілдері. Олардың мұндай жанайқайына кейбір күнкөрісін күйттегендер «айта береді» деп жалт беріп жақтырмаса да, олар аларына қарамай, айтарын іркіп қалмай талқыға салып жүрген журналистер қауымы екені де белгілі. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ», деп Шерағаң (Мұртаза) айтпақшы, осы саланың теориялық жағында кадр дайындап жүрген, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлын жедел жанр өкілдерінің мерекесіне орай әңгімеге тартқан едік. Сағатбек Медеубекұлы– Сағатбек Медеубекұлы, сіз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналис­тика факультетінің деканысыз... – Түсіндім. Факультетіңізде не жаңалық демексіз ғой. Басты айтарым, тәуелсіз елдің ақпаратын алдыңғы толқынның жақсы тәжірибесін ескере отырып, жаңа дәуірдің жастарын жақсы маман етіп шығарсақ деген ниетте жұмыс жасап жатырмыз. Журналистика факультетінің 81 жылдық тарихы бар. 81 жыл бойы факультет ұстаздарының әр толқыны өз заманының, уақы­тының, қоғамының қажетін өтей­тін кадр дайындауға атсалысып келді. Бүгін де солай. Әдетте, «кешегі журналистер жақсы еді, бүгінгі журналистерге көңіл толмайды» деген сөздерді айту әр буын үшін заңдылық секілді көрінеді. Алдыңғы толқынның кейінгі толқынға дәл өзіндей болмағанына кейитін немесе соған сын айтатын әдеті жазылмаған қағида секілді қашанда адамдармен бірге өмір сүреді. Өз заманында Абай да: «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деген. Біздің де әкелеріміз: «Әй, осы сендер адам болар ма екенсіңдер?» деп күдіктене сұрақ қоятын. Біз де қазір өзімізден кейінгі жас­тарға: «Әй, сендер біздердей бол­мадыңдар-ау, біздің кезде былай еді», дейміз. Әр заманның талабы, уақыт­тың талғамы, қоғамның сұранысы өзгермей тұрмайды. Оның үстіне заман адамды, адам заманды толықтырып отыратыны және бар. Қалай десек те, алдыңғы толқын кейінгі толқынға дұрыс бағыт беруі арқылы, өзінен оздырсам дейтіні сөзсіз. Кейде «мен мықтымын» деп кеуде қаққанмен, өзегі әлсіз, қабілеті қауқарсыз болса, жеме-жемге келгенде кейін­гі толқынның тегеурініне шы­дай алмай өмір сахнасынан табанын тайдырып алатындар да жоқ емес. Соны мойындағысы келмейтіндер де кездеседі. Иә, әр толқынның қоғамдағы орны өзіне биік, өзіне қажет. Біздің журналистика факультеті 1934 жылы шаңырақ көтерген тұстағы уақыттың талабы мен сұранысы және ондағы материалдық база, оқу-әдістемелік, одан кейінгі со­ғыс жылдарындағы мүмкіндік қандай болды, 50-60-70-жылдары жалпы идеология, қоғамның талабы нендей еді, осының барлығын ескере келгенде әр кезеңнің өзі­нің озық сәттері де, олқы тұс­та­ры  да болды. Мысалы, әріге бармай-ақ бе­ріден тізгін тартсақ, біздің ұрпақ арасында кітап оқымаған бала оқу­­шы қатарына саналмайтын. Осын­дай үлкен мәдениет қа­лып­­тасқан еді. Ұлдың қызға, қыз­­дың ұлға сыйлығының ең үлкені – кітап еді. Кітапты бірі­нен-бірі сұрап, бірінен-бірі ауыстырып, түн ішінде шамның жарығымен оқитын. Біз «Абай жолын», «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Қаһарды», «Ор­мандағы отты», «Менің атым – Қо­жаны», «Көкейкестіні» мектепте оқыдық. Газет, журналды да қалыс қалдырмадық. Қазір заман мүлдем бас­қа. Мектептегі бала емес, балабақ­шадағы бүлдіршіннің қолында айфон, смартфон, планшет жүр. Осындай ақпараттар тасқыны мол кезде, жас ұрпақ әдеби көр­кем шығармаларды оқуға, оны іздеуге құлқы болмайтыны анық. Оның үстіне қазіргі уақыт ыл­ғи асығыстықтан тұрады. Баяу қимылдасаң ағыстан қа­лып қоясың. Бүгінгі журналис­терден осы мінез-құлықты көруге болады. Сөйте тұрып, өзге­лерге қарағанда кітапты ең көп оқитындар – журналистер десем, артық айтқандық емес. Олар оқымаса ақпараттан құр қала­ды. Оның үстіне, соңғы үш жылда білім ордасының ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бас­тамасымен «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» акциясы жыл сайын қарқын алып ке­леді. Қазір ҚазҰУ студентінің қолынан кітапты жиі көресің. Біздің оқу орнында Еуразия кеңістігінде кездесе бермейтін «әл-Фараби кітапханасы» жұмыс істейді. Оқимын деген кітабының электрондық нұсқалары сақ­талған электронды кітапхана бар. Тіпті, өте сирек кездесетін кітабыңыздың электронды нұс­қасын қолма-қол жасап беретін заманауи техника да осында. «Оқы­майды» деген сөзді айтарда «нені оқымайды» дегеннің басын ашып алуымыз керек-ау шамасы. – Филология факультетімен салыстырғанда, журналистика факультетінен мықты маман аз шығады деген әңгімелер естіліп қалады. Сіз бұған не дер едіңіз? – Біз кімді оқытамыз? Біз ақ­­паратты сараптап, сарап­та­ған ақпаратын бұқараға жеткі­зетіндерді, яғни қажетті ақпа­ратты дер кезінде жедел жазатындарды, оқиғаны теледи­дар көрермендеріне дәл, тиім­ді тәсілмен бере алатындар­ды оқытамыз. Қоғамдағы болып жатқан сан алуан оқи­ғалар­дың ортасында жүріп күн­де­лік­ті ақпаратты алу, тарату ма­шығын үйренетін, сол арқылы жұрттың санасын оятатын, қоғам­дық санаға қозғау салатын мамандарды даярлаймыз. Жур­налистерге әдебиетші, тіл мама­нының талғамы мен танымы тұрғысынан қарау қисынсыз секілді. Журналистика теориясын филология факультетінде оқытпайды ғой. Яғни, филология факультетінің студенті журналистика теориясын оқымайды. Кей азаматтар екі мамандықтың біріне бірін қарсы қояды. Ендеше, журналисті филолог-тілші, фило­лог-әдебиетші, филолог-педа­гогтың безбеніне салып салмақ­тауға келмейді. Филология терең­детіп оқытатынды журналистика­да үстірт қана шолып шығады. Айталық, тіл мамандарына тіл теориясын тереңдетіп оқытады. Журналистерге оның негізгі ережелерін оқытса жетеді. Оның есесіне кәсіби шеберліктің қыр-сырына терең мән береді. Жазуға көбірек көңіл бөледі. Журналистің қаруы – жетік тіл, нәрлі сөз. Факультет беделін көтеретін түлектер баршылық. Біз ең бас­тысы мамандықпен бірге азамат тәрбиелеуді алға оздырсақ ұтылмаймыз. Жақсы азаматтан жақсы маман шықпай қоймайды.  Жан-жақты қалыптасқан азаматтар жұртты біріктіреді, жаңа­лықтың жаршысы, жоғалғанның жоқ­шысы, кісінің жанашыры болады. – Қазіргі қазақ журналисти­касы ешкімнен кем де, кенде де емес. Қазақ журналистерінің беделін жолай қосыл­ғандар, ақша төлесең қандай маман­дықты да «дайындап» жіберетін кейбір ақылы оқу орын­дары түсіріп барады десек, сіз келі­сесіз бе? – Ондай бар. Бір кездері жу­р­­­налисті тек ҚазМҰУ дайын­дайтын. Сан емес, сапа қатаң қадағаланатын. Қазір бір емес, ондаған жоғары оқу орны оқытып жатырмыз дейді. Міне, мәселе қайда, сан бар, сапа кемшін. Сөйте тұрып, қазақ журналистикасы анадан, мынадан қалып қойды деп даурығамыз. Шынына келгенде, орыс, ағыл­шын, болмаса француз журналистикасы қазақ шындығы үшін күрескен жоқ. Қазақ ақиқаты үшін қазақ журналистикасы күресіп жатыр деп айта аламыз ба? Жоқ. Қазақ ақиқаты үшін қазақ журналистикасы күреседі, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын да – сол. Ол әлемдік талаптарға, яғни барлық елге бірдей ортақ стандарттарға сай еңбек ете отырып, ұлтының бүгіні мен келешегі үшін жанкештілікпен ақпарат айдынында азуын көрсетіп, айбынын танытады. Ұлтының тілі мен ділі жолында сәт сайын мылтықсыз майданға шығып, сыртқы күштерге қарсылық танытып келе жатқан да сол қазақ журналистикасы. Біз журналистиканы техникалық жабдықталуына қарап емес, сол жабдықты атқа­ратын негізгі қызметіне қай деңгейде, не үшін пайдаланып отырғанына қарай бағалауымыз керек. Түбіміз бір деген күннің өзінде өзбек журналистикасы Қазақстанның қамын ойлайды, не орыс журналистикасы қазақ деген ұлттың жоғын жоқтайды дегенге нанасыз ба? Журналистиканы тек ақпарат алу мен тарату құралы деп тү­сіну де қате. Әр ақпараттың астарында мемлекеттік мүдде, ұлттық мақсат, адамзаттық мұрат жатқанда ғана журналистика өз міндетін толық орындайды. Екіншіден, «шетелдегідей демократия жоқ» деген әңгімеге қатысты айтарым – бізде өз еркіндік, азат сана, бостан рух дегеннің барлығы бар. Бірақ, ол ар мен ұяттың, Ата Заңның шеңберінде. Ұяттан, ардан, заңнан шығып кеткен демократия – демократия емес. Демек, ең әуелі әр журналист өзінің арының алдында, халқының, Отанының, мемлекетінің, соның заңының алдында жауапты болуы керек. – Салалық журналистика туралы пайымыңыз қандай? – Бұған байланысты айтарым,  Еуропа елдерінде, айталық, Фран­цияда журналистерді магистратурада дайындайды. Бакалаврда әу баста таңдаған саласында оқиды. Мысалы, сен бакалавриатта медицина саласын оқыдың. Бірақ жазуға деген қабілетің күшті. Медицинаға қатысты білімді игердің. Енді сол медицина саласына бейімделген журналист болғың келеді. Енді магистратурада журналистиканы оқи ала­сың. Сонда сен екі жылда журналистиканың теориясын да, тәжірибесін де үйреніп шығуға тиістісің. Сол уақыт ішінде өзіңнің бірінші мамандығыңның кәсіби білігін екіншісімен ұштастырып, салалық маман журналист болып шығасың. Бізде осы жағы кемшін болып жатыр. Біздің журналистер тәжірибе жинағанша медицина туралы жаз десең, жалтақтайды, қиналады. Медицина мамандарына барып мақала жаз деңіз, ол да қашқақтайды. Мамандығы бөлек екенін алға тартады. Осы арада мынаған мән бермек керек. Бізде өз саласын ғана жетік білетін маман ғана емес, сонымен қатар, ең алдымен қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді терең сезінетін, саяси-экономикалық ахуалды аңғара алатын, мем­лекеттік мақсат-мұраттарды айқын білетін, сол үшін жанымен күйетін отаншылдық рухы жоғары патриот адам даярлау басты мұрат. Біз бойында сондай қасиет бар талапкерлерді таңдап алып оқытсақ, ұтылмаймыз. – Қанша мамандық түріне журналистер дайындайсыздар? – Журналистика факультеті тек журналистерді ғана даярламайды. «Баспа ісі» мамандығы бойынша корректор, техникалық редактор, әдеби редактор, редактор-технолог секілді баспа-полиграфия мамандарын, газет, журнал, радио, теледидар редакторларын; газет, журнал, кітап безендірушілерін дайындайды. Бұлардың бәрі – қоғамда үлкен сұранысқа ие мамандықтар. Осы мамандықтарды игерсем деген студенттің қай-қайсысы да алғаш дәрісханаға кірген күннен бастап жазуды, ойын қағазға түсіруді, сөйлем құруды үйренеді. Бұған шорқақтар радио, теледидар жағына баруға талпынады. Өз басым жазып үйренбеген, жазуға қалыптаспаған студенттің радио мен теледидарға бірден барғанын құптамаймын. Ойын қағаз бетіне түсіре алмаған талапкер сөйлегенде де пікірін жүйелі жеткізе алмай берекесіз тірлікке ұрынады. Ондайлардан жылтылдап көрінгенімен журналистикаға келер пайда шамалы. Сын да осындай жағдайда көрінеді. Жалпы, журналистиканы телехабарлар арқылы бағалау – біржақтылық. Журналистиканы газеттер, журналдар, интернеттегі порталдар, сайттар және радио арқылы да бағалау әділетті болмақ. Осы тұста айтарым, журналистика сыны деген пәннің керектігі алдан шығады. – Телебағдарламаларды әр­тіс­тер жаулап бара ма, қалай? – «Айташы» деген сөз бар қазақта. Біз орыс тіліндегі «ведущий» деген сөзді «жүргізуші» деп аударып, орынсыз енгізіп алдық та енді одан әлі күнге арыла алмай жүрміз. «Жүргізушінің» аудармасы «водитель» ғой! «Айташы» деген сөзді мен тапқан жоқпын. Ол – өз заманында Бұқар жыраулар қолданған атау. Айташы деп – Алланың сөзін сөйлеушілерді, Алланың қалауын халыққа ұғындырушыларды, бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушыларды, патша мен халықтың ортасындағы дәнекерлерді атаған. Бір кездерде қазақ телевизиясында осы атау жаңағы «жүргізуші» дегеннің орнына қолданыла бастаған болатын. Ол атауды қолданғандар орнын басқалар басты да қазақтың «айташы» деген төл сөзі елеусіз қалды. Тележурналистикада «айташы» деп студиядағы айтармандармен де, экран сыртында отырған көрермендермен де байланыс жасап, телекөрсетілімнің тізгінін ұстаған маманды айтады. Енді сұрақтың екінші астарына келейін. Кей телеарна редакцияларының басшылары бағдарламаға әртістер айташы болса, көрермендер көп болады деп ойлайды. Олар көрерменге не беріп отыр? Соның рухани қажетін өтеп отыр ма? Рас, кей әнші әнді жақсы айтады, ал сөйлегенде дәл маман журналист секілді орнықты ой айта алмай жатады. Әрине, еркін сөйлеу, өзін өзі бос ұстау – көрерменді жалықтырып алмаудың бір ғана амалы. Бірақ теледидар тек көңіл көтеру, бос уақытты өткізудің, өзіңді жарнамалаудың құралы ғана емес қой. Ол миллиондардың санасын мемлекеттік мүдде, ұлттық мақсат, халықтық мұраттарға ұйыстыру механизмі екенін неге естен шығарамыз? Теледидар – әлемдік ақпарат кеңістігіндегі ең қажетті жаңалықтарды дереу қабылдап, өз мемлекетінің мүддесі тұрғысынан қайта қоры­тып, танымы мен талғамына жауап беретіндей сапада бұқараға қайта ұсынатын алып құрал. Ол бұқараның рухани қажетін өтеу үшін ғана емес, мемлекеттік идео­логияны жүргізуі үшін де пайдаланылады. Сол арқылы халықтың санасын көтереді. Сонымен бірге, танымдық көр­сетілімдер арқылы көрушінің таным-түсінігін кеңейтеді, бі­лімін молайтады. Демек, онда отырғандардың барлығы сал­мақты сөз айта алатындай, қо­ғамдық санаға қозғау салатындай болуы керек. Ал бізде сырттан көшірілген сапасыз шоу көбейді. Көбігі көп концерт, суы көп сұхбат, әлсіз әзіл, орынсыз оспақ, қисынсыз қылжақ, сүйкімсіз сықақ жайлап барады. Сатира керек, бірақ, арзан сатира емес, салмақты сатира, адамның рухын, намысын оятатын сатира керек. Ойлана отырып күлетін, күле отырып ойланатындай сатира болу керек... – Елбасымыз үштілділік саясатын ұсынды. Журналист даярлау ісінде бәсекелестік осы тұрғыда өрістей ала ма? – Қазір оқуға талапкерлер өз тілін, орыс тілін, сонымен бірге, ағылшын тілін де меңгеріп келе бастады. Оған дәлел, факуль­тетімізде бірінші курстан бастап ағылшын тобының құрылуы. Сабақ ағылшын ті­лінде өтеді. Демек, күні ертең қазақтың мұңын ағылшын тілінде мұңдайтын, ұлттың жоғын ағылшын тілінде жоқтайтын бұқаралық ақпарат құралдары өмірге келеді. Олардың басында негізінен мемлекеттік тілдің уызына жарығандар, ағылшын тілін тел емгендер отыр­са екен дейік. Өйткені, қазір журналистика факультетіне келетіндердің дені – жергілікті ұлт өкілдері. Қазақ журналистикасы – болашақта әлем санасатын журналистика болатынына мен кәмілмін. Өйткені, қазіргі студенттер интернет журналис­тиканы мектеп қабырғасында меңгеріп келеді. Біз оны одан әрі сапалық деңгейге көтереміз. Қазір әр студенттің қолында интернет. Кез келген уақытта кез келген ақпаратты алып, сұрыптап әлемге тарату машығын меңгерген студент ағылшын тілін меңгеріп алса, ертең-ақ өз ұлтының атын әлемге танытатынына иманым кәміл. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».