Білім • Кеше

Студенттер сыйлыққа кенелді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарда болашақ жұмысшы мамандық­та­рының өкілдері – колледж студенттеріне арналған «Шебер асуы» сыйлығының қоры­тын­дысы шығарылды.

Студенттер сыйлыққа кенелді

Сурет: pavlodarnews.kz

«Шебер асуы» – өңір әкімінің арнайы сыйлығы. Марапат алғаш рет табысталып отыр әрі бұл білімімен, еңбегімен, талантымен, табандылығымен кәсіби шеберліктің шегі жоқ екенін дәлелдеген жас­тарды ынталандыруға бағытталған.

Облыс әкімі Асайын Байханов жеңімпаздарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Өздеріңізге белгілі, жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізі. Бүгін сіздер – үздік студентсіздер, ал ертең сұранысқа ие маман болып, өңіріміздің тірегіне айналасыздар. Алдағы уақытта да үнемі даму көшінде болып, жаңа мақсаттар қойып, Павлодар облысының атын республикалық және халықаралық деңгейде асқақтата бересіздер деп сенемін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен бел­сенді азаматтық ұстанымдарыңыз Ертіс-Баян өңі­рінің болашағының берік іргетасы», деді өңір басшысы.

Марапатталғандардың қатарында Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің студенті, «WorldSkills Kazakhstan – 2025» конкурсында «Электрмонтаж» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иегері Максим Сорозидинов, Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледж студенті, волонтер, «Қазақстанның 100 үздік студенті» республикалық конкурсының жеңімпазы Назерке Қайыргелдинова, технологиялық колледж студенті, «WorldSkills Kazakhstan – 2025» конкурсында «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша күміс жүлдегер, Мәскеуде өткен «Кондитер. Дети» шоуының жартылай финалисі Мейрам Асылжан бар.

Жалпы, биыл «Шебер асуы» аталымы бойынша облыс әкімінің біржолғы сыйлығымен кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін және дамуға деген ұмтылысын көрсеткен өңір колледждерінің 30 студенті марапатталды.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар