Қоғам • Кеше

Жас параспортшы-боччистермен кездесті

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан бочча федерация­сының президенті Мәулен Әшімбаев Федерация ұжымы­мен және параспортшылармен кездесті. Онда биыл атқарыл­ған жұмыс қорытындыланып, алдағы міндеттер талқыланды.

Жас параспортшы-боччистермен кездесті

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысу­шыларға ілтипат білдіріп, өткен жыл спорттық іс-шараларға толы болғанын және қазақстандық атлеттер жарқын жеңіс­терге қол жеткізгенін атап өтті. Бұл жетістік спортшылар мен жаттық­тырушылардың үйлесімді жұмысының және отбасылар мен жанкүйерлердің қолдауының нәтижесі екені айтылды.

«Өтіп бара жатқан 2025 жыл отан­дық бочча үшін нәтижелі болды және елімізде бұл спорттың дамуына серпін берген жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қазақстанда алғаш рет Astana World Boccia Challenger халықаралық тур­нирі ұйымдастырылды. Бұл еліміздің параспорт тарихындағы ең маңыз­ды оқиғалардың бірі болды. Сон­дай-ақ параатлеттеріміз халықара­лық жарыстарда топ жарып, жүлдеге ілікті. Спортшыларымыздың жігері мен табандылығының арқасында қазір Қазақстан құрамасы боччадан әлемдік рейтингте 18-орында тұр. Ал Орталық Азияда абсолютті көш­бас­шымыз. Бұл жетістікте боччаны серік еткен әрқайсыңыздың үлесі­ңіз бар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз және қолдауды жалғастыра береміз. Алды­мызда өңірлерде боччаны дамыту, жаңа жарыстар, оның ішінде елімізде боччадан Әлем кубогі жолындағы сайыс өткізу, Қазақстанның әлемдік рейтингтегі позициясын одан әрі нығайту сияқты жаңа міндеттер тұр», деп Сенат төрағасы спортшыларға, жаттықтырушыларға, ата-аналарға және жанкүйерлерге алғыс білдірді.

М.Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы елімізде мүгедектігі бар азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл бағытта кешенді реформалар іске асырылып, мүдделі тараптармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Инклюзивті қоғам құру жолындағы осындай өзара іс-қимылдың маңызды жетістіктері мен нәтижелерінің бірі Астанада Инклюзивті спорт орталығы­ның ашылуы екені сөзсіз. Жаңа кешен ерекше қажеттілігі бар балаларға өз мүмкіндігін жүзеге асырып, жаңа дос­тар табуға ықпал етеді және ортаға, ересек өмірге бейімделуге жол ашады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен салынған Инклюзивті спорт орталығы жай спорт нысаны ғана емес. Бұл – тең мүмкіндіктер, даму, қарым-қатынас және өзара қолдау кеңіс­тігі. Өткен аптада орталыққа Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Соның нәтижесінде еліміздің барлық өңірін­де осындай инклюзивті спорт орталық­тарын құру туралы тапсырма берілді. Бұл – біз, яғни параспортшылар, ата-аналар, жаттықтырушылар, федерация мүшелері мен серіктестер үшін үлкен жетістік. Осы ретте сіздерге еліміздегі инклюзивті спортты дамытуға қосқан үлестеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз үшін тағы да алғыс айтамын. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Келе жатқан 2026 жыл елімізге жаңа жетістіктер мен жеңістер әкелсін», деді Сенат төрағасы. 

Соңғы жаңалықтар