09 Шілде, 2010

ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қызылордада шетелдермен тау­ар қатынасы жыл сайын артып келеді. Индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы аясындағы жобалар сыртпен байланыстың жа­ңа көздерін ашуда. Бір ғана “Ба­тыс Европа-Батыс Қытай” автожо­лы­ның 800-ден аса ша­қырымын құрайтын бөлігі облыс­тың барлық аудандарынан дерлік өтеді. Ал бұл жол құрылысы қа­жетті тауардың да, арнайы техни­каның да тасқы­нын молайтуда. Мұнан басқа, жер­гілікті шикізат өнімдерін өңдеу мен ұсынуға ар­налған бизнес жо­балар да жеткі­лікті. Міне, осындай ірі ша­ралардың салмақты жүгін жеңіл­детуге елеулі үлес қосатын жаңалық – Арал және Шиелі ау­дандарының орталығындағы кеден бекеттерінің автоматтандырылуы. Бұған дейін бұл бекет қызмет­керлері жергілікті кәсіпкерлерге кедендік ресімдеу және бақылау амалдары бойынша кеңес беріп қана келсе, енді олар­дың тауарын облыс орталығына та­сымай, осы жерде ресімдейтін бо­лады. Жаңа­қорған, Шиелі ауданда­ры­ның кәсіпкерлері Шиелінің орта­лы­ғындағы, ал Қазалы мен Арал ауда­ны­ның сыртқы елмен тау­ар қатынататын тұлғалары Арал­дың орталығындағы ке­ден беке­т­те­рінен тауарын ресімдеп, кел­ген жүк­ті бірден өз өндірісіне орна­лас­тыратын мүмкіндік алды. Кедендік ресімдеу мен бақылау амалдарын жетік меңгерген қызметкерлер осы бекет­тер­де алғашқы ресімдеу амал­дарын жасап та үлгерді. Шиелі­лік­тер кен орнынан алынатын сұйық натрды экспорттаса, қазалылықтар импортталатын құрылыс материал­дарын өткізіп жатыр. Кеденшілердің алдында және бір міндет – ресімдеудің тиімді амалдары мен әдістерін пайдалану туралы оларға кеңес беру, насихат жүргізу тұр. Көп ұзамай, елдегі кә­сіп­керлер елеулі жеңілдікті сезі­нетін болады. Ең бастысы, жергілікті кәсіп­кер­дің уақыты мен қаржысы үнем­де­летін болды. Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.