ПЕТРОПАВЛ. 12 мамыр. Қалада солтүстікқазақстандықтардың көңіл-күйі ерекше көтеріңкі. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тағатсыздана тосқан олар әлем тарихында алтын әріптермен өшпестей жазылып қалған осынау ұлық мерекені тойлау үшін Театр алаңына қарай толассыз ағылды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге арналған шаралар бағдарламасының «Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты әдеби-сазды композиция беташары нақ осы жерден басталды. Бұл туралы egemen тілшісі хабарлады.
«Нұр Отан» жастар қанатының белсенділері «Біз мақтан тұтамыз және ұмытпаймыз» акциясын ұйымдастырып, жұртшылыққа «Жеңіс лентасын» таратқаннан кейін еске алу митингісі болды. «Мәңгілік алауға» құшақ-құшақ гүл дестелері қойылып, отан қорғау жолында шейіт болған боздақтардың аруақтарына тағзым етілді. Соғыс уақытындағы көріністерді бейнелейтін сахнагерлер отырған автопойыз, отты жылдардағы әскери н шеруі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы Әскери институты курсанттарының марш-парады қала тұрғындарына ерекше әсер қалдырды. «Мәңгілік полк» колоннасының қозғалысына үлкен де, кіші де еріп, Пушкин – Сүтішев – Жамбыл - Қазақстан Конституциясы көшелерін бойлай жүріп, мәдениет және демалыс саябағындағы Даңқ обелискісіне аялдады. Бұл жерде соғыс және тыл ардагерлерін жұртшылық алаулата-жалаулата қарсы алып, зор қошемет көрсетті. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры және Н. Погодин атындағы орыс драма театры шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Ол күндердің өшпес даңқы» театрландырылған көрінісі қойылды. «Мәңгі жас рота», «Жеңіс кескіні» акциялары, «Ұрпақтар ұмытпасын» қойылымы, театрландырылған майдан миниатюралары, солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының батырлары туралы «Біз даңқты Жеңісті ұмытпаймыз» көрмесі, 40-шы жылдардың би марафоны, тағы басқа шаралар мазмұндылығымен көрермендерді баурап алды.
Абай-Пушкин ескерткіші жанында көзі тірі майдангерлерге арналған «Ерліктеріңізге тағзым етеміз» әдеби-сазды композиция тамашаланса, Тәуелсіз стелласы маңайында ұсынылған «Атамның жеңісі – менің жеңісім» балалар концерттік бағдарламасы, «Жеңіс рекорды» жастар спорттық акциясы мереке шырайын аша түсті.
20-шы ықшам ауданда орналасқан Жеңіс саябағы да ерекше думанға бөленді. Мұнда Даңқ аллаеясы ашылды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қатысушыларына арналған әскери-дала асханасы жұмыс істеді. Одан қалалықтар да дәм татты. Әскери-спорттық эстафета, шағын футболдан жарыстар ұйымдастырылды. Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған мото және автошерулерге 20 мотоцикл, 80 автомобиль қатысып, Пестрое көлі жағасынана Жеңіс саябағына дейін жүріп өтті.
Өңірдің өзге жерлерінде де тойлау шаралары жан-жақты көрініс тапты. Новоникольское елді мекенінде Кеңес Одағының батыры Т.Куренковтың мүсіні орнатылды. Астраханка, Новоишим, Бескөл ауылдарында скверлер, обелискілер бой көтерді.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: egemen.kz