ҚОСТАНАЙ. 12 мамыр. Қостанайлықтар Жеңіс күнін атап өтті. Түнімен, күнімен құйған ақ жауын аталар рухына тағзым етуді мақсат тұтқан мерекелік шараға кедергі болған жоқ. Мыңдаған қостанайлықтар майданда Отан үшін кеудесін оққа тоқсан аталарының, әкелерінің портретін көтеріп, орталық алаңға келді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыстық әкімдіктің алдында Ұлы Отан соғысындағы аталар ерлігін паш ететін театрландырылған көрініс көрсетілді. Курсанттар және соғысқа қатысқан аталарының портретін көтерген қалалықтар Жеңіс саябағына қарай бет түзеді. Онда белгісіз солдат пен мәңгілік отқа гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов соғыс ардагерлерін және қостанайлықтарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Майдангерлерге құрмет көрсетілді.
Сұрапыл соғыстың әр отбасында бүгінге дейін ізі бар. Әкесінің портретін көтеріп келгендердің бірі Гүлзихан Асқарқызы толқып тұр екен. Біз тілдескенде көз жасына ерік берді.
Қостанай қаласының тұрғыны Гүлзихан Асқарқызы: «Әкем Асқар Бектібаев 17-18 жас шамасында майданға кеткен. Украин майданында соғысып, Венгрияға дейін барған. Сол жерде ауыр жараланған. Соғыстан келген соң қалада партия және кәсіподақ қызметтерінде істеді. Бірақ соғыста алған жарасы оның денсаулығын нашарлата берді. Денесінде қалған снаряд жарықшақтарынан 52 жасында қайтыс болды. Бүгін Жеңіс күні жаңбырдың құйып тұрғанына қарамастан әкемнің әруағы риза болсын деп, мәңгілік оттың басына келіп тұрмын. Мына қабырғада соғыстан қайтпаған қаншама әкелеріміздің, аталарымыздың аты жазылған. Кеудесін оққа тоқсқан сол боздақтардың арқасында бүгінгі бейбіт күннің қызығын көріп отырмыз», деді.
Соғысқа Қостанай облысынан 73500 адам аттанған екен. Соның жартысынан көбі майдан даласында қалған, туған жердің топырағын басқан жоқ.
Жеңіс саябағына жиналғандар белгісіз солдат ескерткіші жанындағы Мәңгілік оттың жанына келіп, бүгінгі бейбіт күн үшін фашизммен алысқан аталарымыздың рухына тағзым етті. Жылдағы дәстүр бойынша солдат ботқасынан дәм татты. Ерлікпен қаза тапқан аталарымыздың бүгінгі ұрпақтары солдат ботқасынан дәм татты.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz