09 Шілде, 2010

КҮМБЕЗДІ ЕЛ – КӨРІКТІ ЕЛ

745 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Алматы облысы, Қаратал ауданының Айту ауылдық округінің орталығы Көкпекті ауылында еліміздегі 2190-шы мешіт бой көтерді. Алла үйінің тұсаукесер рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дәрбісәлі қатысып, бүгінде Қазақстанда мешіттер санының артып, елдің имандылыққа бет бұрып келе жатқанын жеткізді.Салтанатты жиын ҚМДБ-ның Талдықорған өңіріндегі өкіл има­мы, қари Жұманәлі Амановтың ме­шіттің ашылуына орай Құран оқып, сауабын жаманатқа бағыш­тауымен басталды. – Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде бар-жоғы 68 ғана ме­шіт болды, – деді жиылған қауым­ды қуаныштарымен құттықтаған Бас мүфти. – Олардың өзі бұ­рын­ғы дүкен, мәдениет үйі сияқты ескі ғимараттар еді. Ол кезде мынандай зәулім мешіттер салу жұрттың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Бүгінгі таңда әуелі бір Алланың, сосын тәуелсіздіктің, мемлекетті басқарып отырған Елбасының салиқалы саясатының арқасында 19 жылдың ішінде 2190 мешіттің тұсауын ке­суді нәсіп етіп отыр. Жаңа мешітке қасиетті “Құран Кәрім” кітабын тарту еткен Бас мүфти, одан әрі кәсіпкердің де кә­сіпкері болатынын, қанағаты жоқ, бір тиынды екі тиын етсем деп жүр­гендердің де, елдің игілігі үшін жол, көпір, мешіт салып берсем деп жүрген азаматтардың да бар екенін айта келіп, Көкпектідегі Алла үйін салған кәсіпкер Нұрбол Бо­латұлын солардың қатарына жат­қызып, өз ризашылығын білдірді. Бүгінде Көкпекті ауылында 300-дей түтін бар. 50 сотық жерді алып жатқан, шамамен жүз орындық ме­шіт үйі 10 айдың ішінде салынып, жан-жағы түгел қоршалып, айна­ла­сына шырша, емен ағаштары отыр­ғызылды. Ауылдың ажарына ажар, көркіне көрік қосқан мешіттің өзге салынған мешіттерден ерекшелігі – мұнда ауыл имамына екі қабатты үй салып, барлық жаһаздарымен қоса берілген. Егер дін қызмет­кер­лерінің мемлекеттік қызметке жат­пайтынын, оларға кесімді жалақы­ның берілмейтінін ескерсек, бұл бір сауапты іс болып тұр. Соңғы кез­дері діни оқу орындарын бітірген білімді, сауатты түлектер өз жүрек қалауларымен еліміздің түкпір-түкпіріне жолдамамен барғанмен, тұратын баспананың жоқтығынан, ондағы билік өкілдері тарапынан ешқандай қолдау көрмегендіктен бір жылдың айналасында қайтып кетіп жататыны белгілі жайт. Мә­селен, биыл 100-ге жуық түлектер бітіріп отыр. Сондықтан, мүмкіндігі келіп жатса, осындай сауапты істі қолға алған азаматтар өздері салған мешіт­терінде оқыған, білімді имам болсын десе, осы мәселеге де ден қойып, істің шешілуіне ұйытқы болса дейміз. Облыстық әкімдіктің атынан құт­ты болсын айтуға келген облыс­тық мәслихаттың хатшысы Ардақ Сыдық, ел ағалары Болат Әбішұлы, Қайрат Сатыбалды және де өзге азаматтар сөйлеп, “жаңадан ашыл­ған мешіт іші жамағатқа толсын” деген игі тілектерін білдірді. Ардақты пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (с.ғ.с.): “Кімде-кім жерде құрқылтайдың ұясындай болса да мешіт тұрғызса, Алла тағала ол үшін жәннатта бір үй салады” десе, ха­дис­те: “Көптеген жария сада­қа­лардың ішінде Алла тағаланың разылығы үшін ғибадат жасайтын мешіт салса, иншалла оның сауабы ақыретте соңынан барып тұрады” делінген. “Жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға тұт” деген, жасы кіші бол­са да үлкен ағаларының жолын қу­ып, көкпектіктерге осындай зәулім мешіт салып берген Нұрбол бала­ла­рына тағылымы мол ауыл ақса­қал­дары – Алтынбек пен Төлеген аталары батасын берді. Келген қонағына астындағы атын түсіп беретін қазекең емеспіз бе, ауыл тұрғындарының атынан Нұрболға тұлпар мінгізіп, сыйлы қонақ­тар­дың иығына шапан жапты. – Мешіт – масжит деген сөз­ден шыққан. Яғни, бас қоятын, Ал­ла тағалаға құлшылық, ғибадат ете­тін орын деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да мешітімізде Алла тағалаға ғибадат етіп, дүниелік және ақыреттік жақсылығын тілеу­ге жиналатын жандарымыз көбей­сін. “Күмбезді ел – көрікті, бе­ре­келі, иманды ел” дейді. Бірлікке ша­қыратын осындай мешіттеріміз са­ны арта берсін, – деді Көк­пек­тідегі Төлеген мешітінің имамы, Нұр-Мүбәрак ислам-мәдениет уни­верситетінің түлегі Ерік Бөлекбаев. Көгілдір жіп қиылған соң жиналған жамағат ішке еніп, намаз оқыды. Соңында ас беріліп, сал­танатты жиынға жиналған жұрт дәмнен ауыз тиді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.