Қоғам • Кеше

Ғалымдар көлік жүргізіп келе жатып музыка тыңдау қауіпті екенін ескертті

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зерттеулерге сүйенсек, автокөлік жүргізушілерінің 80 пайыздан астамы әр сапарында музыка тыңдайды, ал жас жүргізушілерге музыкасыз зейін қою қиынырақ. Алайда ғылыми деректер музыканың рөлін біржақты қауіпсіз деуге болмайтынын көрсетеді. Бұл туралы The Conversation жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғалымдар көлік жүргізіп келе жатып музыка тыңдау қауіпті екенін ескертті

Мета-талдауларға негізделген деректерге сәйкес, музыка кей жағдайда көмектессе, кей жағдайда керісінше кедергі келтіреді. Орташа есеппен алғанда, музыка тыңдап келе жатқан жүргізушілерге жылдамдық пен арақашықтықты тұрақты бақылауда ұстау қиынға соғады. Ал реакция жылдамдығы мен жолақта қозғалу көрсеткіштері нақты жағдайға байланысты өзгеріп отырады.

Музыка миға түсетін жүктемені де арттырады. Бұл жүргізушіге сергектік сезімін беруі мүмкін, бірақ бір мезетте жолды бақылау мен дыбысты өңдеу арасында бәсеке күшейеді. Шаршаған адамға музыка уақытша көмектескенімен, оның әсері көбіне 15-25 минуттан аспайды.

Музыканың қаттылығы мен сипаты да маңызды. Орташа немесе қатты дыбыста жүргізушілердің жылдамдықты сәл арттыруға бейім болатыны байқалған. Ал баяу әрі тыныш әуендер сабырлы жүргізу мәнерімен жиі байланыстырылады. Музыканың темпі әрдайым шешуші фактор болмаса да, агрессивті әрі эмоциялық тұрғыда «қатты» тректер кейбір жүргізушілердің тәуекелге баруын күшейтуі мүмкін.

Зерттеулерде музыканы таңдаудың өзі де үлкен рөл атқаратыны анықталған. Жүргізушінің өзі таңдаған таныс әуендер эмоциялық күйді реттеуге көмектесіп, азырақ алаңдатады. Ал ұнамайтын немесе еріксіз тыңдалатын музыка керісінше зейінді төмендетіп, қателіктер мен жол ережесін бұзудың артуына әкеледі.

Ең осал топ – тәжірибесі аз жүргізушілер. Ғалымдардың айтуынша, оларда музыка менталдық жүктемені айтарлықтай күшейтіп, қауіпті жағдайларды дер кезінде байқауды қиындатады әрі жылдамдықты асыру ықтималдығын арттырады. Бұл әсер әсіресе көңілді әрі қарқынды әуендер кезінде анық көрінеді. Ал тәжірибелі жүргізушілерде мұндай қауіп әдетте төмен болады.

Зерттеу авторлары музыкаға толық тыйым салу тиімді шешім емес екенін атап өтеді. Дегенмен жүргізу тәжірибесі мен жол жағдайын ескеруге кеңес береді. Көпшілік үшін ең қауіпсіз нұсқа – таныс әуендер, орташа дыбыс деңгейі және тыныш жанрлар. Ал жаңадан көлік тізгіндегендерге тығыз қозғалыс, қолайсыз ауа райы немесе бейтаныс бағыттарда музыка дыбысын азайту немесе мүлде өшіру ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар