Экономика • Кеше

Мұнай өңдеу зауытындағы жаңашылдық

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі байырғы кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауытында жабдықтардың жұмысын бақылауға жасанды интеллект енгізілді. Бұл – цифрлық трансформация аясындағы қанатқақты жоба.

Мұнай өңдеу зауытындағы жаңашылдық

Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімовтің айтуынша, мұндай жобаны іске асыру үшін осы салада мол тәжірибесі бар серіктес қажет. Өйткені жасанды интеллектімен мұнай өңдеу зауытындағы түрлі жабдықтың істен шығуына предиктивті талдау жүйесі қолданылады. Міне, осындай себеппен аталған жобаны енгізуге АҚШ-тың өнеркә­сіп­тік автоматтандыру және техно­логиялық үдерістерді басқару саласында озық тәжірибе жинақ­таған «Honeywell» корпорациясы серіктес ретінде тартылыпты.

«Мұнай өңдеу технологиясы күрде­лі­лігімен ерекшеленеді. Осы орайда предиктивті талдау жабдықтарда жұ­мыс параметрлері негізінде ықтимал ақау­лар­дың бастапқы белгілерін анықтайды. Жабдықтардың техникалық жай-күйін болжауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект жүйесі ауқымды деректерді талдайды. Технологиялық ауытқуларды анықтап, жабдықтардың нақты жағдайына сәйкес техникалық қызмет көрсету мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Техникалық персоналға арнайы ұсыныстар дайындайды», дейді Қ.Бишімов.

Оның дерегіне қарағанда, мұнай өңдеу зауытында предиктивті талдауды енгізу бірнеше үдерісті біріктіретін бірыңғай мониторинг жүйесін құруға бағытталып отыр. Біріншіден, деректерді жинауға басымдық беріледі. Екіншіден, жабдықтардың техникалық күйіне талдау жасалады. Үшін­шіден, басқарушылық шешімдерді қол­дауға бағыт ұсталады.

«Бұл оқыс жайттар мен апаттық жағ­дайда тоқтату тәуекелін төмендетеді. Жаб­дықтардың сенімділігін арттырып, қыз­мет көрсету мерзімін ұзартады. Мұндай тиімділік өндірістік активтерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді», дейді бас директор.

Қазір мұнай өңдеу зауытында дамыған цифрлық экожүйе қалыптасқан. Бұл жүйе­де өндірістік, энергетикалық және зертханалық үдерістерді басқару, оның ішінде Honeywell PHD деректерді сақтау платформасы, MES санатындағы шешімдер мен жабдықтарды мониторингілеу бағыты бар.

«Цифрландырудың жаңа кезеңі за­уыт­тың аса маңызды технологиялық қон­­дыр­ғыларын қамтыды. Атап айт­қанда, қазан айында «Honeywell» корпорациясымен бір­лесе іске қосылған пилоттық жоба каталитикалық крекинг қондырғысының компрессоры мен үздіксіз каталитикалық риформинг қондырғысы бар CCR кешенінің негізгі жабдықтарына енгізілді. Зауыт өндірісіндегі жаңа технологияның тиімділігі дәлелденіп отыр. Бұл жүйе компрессордағы жасырын аномалияны анықтап, ақау жос­парлы алдын алу жұмыстары кезінде жо­йылды», деп мәлімдеді Қ.Бишімов.

Сондай-ақ зауыт «Динамика» ғылыми-өндірістік орталығымен ынтымақтастықты нығайтып отыр. Бұл – дірілді диагнос­тикалау, компьютерлік мониторинг, өнер­кәсіптік жабдықтардың техникалық жай-күйін кешенді бағалау технологиялары мен жүйелерін әзірлеуге, енгізуге маманданған ресейлік компания.

«Былтыр аталған компанияның дірілді диагностикалау жүйесі зауыттағы 819 техниканы қамтыды. Ал (каталитикалық крекингтің бензинін гидротазарту ке­шеніндегі Prime G қондырғысының функ­ционалын кеңейту аясында жүйеге қосымша қысым, температура және деңгей параметрлері енгізілді. Жасанды интеллект модельдері мұнда да жоғары нәтиже көрсетті. Жүйе сорғылардың кірісіндегі қысымның төмендеуін автоматты түрде анықтап, нәтижесінде жабдықтың жұмысы дереу тұрақтандырылды», дейді кәсіпорын басшысы.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы бұл жобаларды операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның негізі ретінде қарастырып отыр. Ал Атырау мұнай зауыты үшін предиктивті талдауды енгізудің үш жылдық бағдарламасы әзірленді. Мәселен, алдағы мониторинг жүйесі енгізілетін аса маңызды 28 бірлік жабдықтың тізімі жасақталды. Қазір компания сарапшылары өзге де жетекші вендорлардың техникалық шешімдерін жан-жақты зер­делеуді қолға алды.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар