Отырыс барысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары, салалық реформалардың мазмұны, сондай-ақ 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде өткізуге қатысты міндеттер жан-жақты қаралды. Үкімет басшысы тиісті министрліктер мен ведомстволарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Премьер-министр Президент сұхбаты ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындап бергенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Үкімет алдына қол жеткізілген экономикалық өсімді сақтап қана қоймай, ұзақмерзімді нәтижеге негізделген жаңа даму қарқынын қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Бұл міндет энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік пен логистика, инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешені, туризм секілді негізгі салаларды қамтиды.
Олжас Бектенов фискалдық саясаттың жаңа тәсілдеріне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысының ұстанымына сәйкес, бақылау мен қысымнан гөрі серіктестікке негізделген модельге көшу қажеттігі айтылды. Бұл ретте қоғамдағы және экономикадағы теңсіздіктерді жүйелі түрде азайту маңызды. Энергетика мен коммуналдық сектордағы реформаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру – осы бағыттағы басты шарттардың бірі.
Үкімет басшысы «Әділетті тарифтер» қағидатын әлеуметтік саясаттың маңызды тетігі ретінде атап өтті. Мемлекет тек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана тікелей қолдау көрсетуге тиіс. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны нақты іске асыруды жедел бастауы қажет.
Көлік-логистика саласына қатысты да нақты міндеттер айқындалды. Премьер-министр көлік-логистикалық тораптарды дамыту, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл салада жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар белгіленген. Көлік министрлігі, өңір әкімдіктері мен ұлттық компаниялар бекітілген іс-шаралардың уақытында әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған Олжас Бектенов Мемлекет басшысының егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді жоғары бағалағанын жеткізді. Бұған қоса мал шаруашылығын дамытуға тың серпін беру қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір аптада ет өндірісі мен экспорт көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралар, сондай-ақ мал шаруашылығын одан әрі дамытуға арналған ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Премьер-министр егіншілерді тікелей субсидиялаудан гөрі жеңілдетілген несиелеу тетігінің тиімділігін атап өтті. Бұл құрал өзінің нәтижелілігін көрсетті. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, ауыл шаруашылығын қолдаудың осындай тиімді қаржы құралдарын кеңейтуді жалғастыруы қажет.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Туризм саласы да Үкімет отырысында кеңінен қаралды. Президенттің бағдарламалық сұхбатында туризм экономиканың бірнеше секторын қамтитын мультипликативті сала екені айтылған. Осыған орай барлық орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктерінің үйлесімді жұмысы қажет. Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу арқылы 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасына түзетулер енгізуді тапсырды. Бұған қоса Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, саладағы кадрлық әлеуетті күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдау міндеттелді.
Сирек жер металдары мәселесі де назардан тыс қалмады. Премьер-министр бұл бағытта Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске өзгерістер енгізілгенін, геологиялық барлауға қомақты қаржы бөлініп жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне квазимемлекеттік сектор және шетелдік серіктестермен бірге қол жеткізілген келісімдерді жедел іске асыру тапсырылды. Ал Энергетика министрлігі салалық агенттікпен бірлесіп, атом энергетикасы жобаларының жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауға міндеттелді.
Әлеуметтік салаға қатысты мәселелер де отырыстың өзегіне айналды. Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатынын жеткізді. Сонымен қатар жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау қажеттігіне назар аударды. Артық қаржыландыруды тоқтату, адал бәсекеге қабілетсіз құрылымдарға бюджет қаражатын жұмсамау қажеттігі баса айтылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеуге тиіс. Ал Ішкі істер министрлігі цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алу жұмыстарын күшейтуге міндеттелді. Оқу-ағарту министрлігі жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізу жұмысын жалғастырады.
Олжас Бектенов Президенттің бағдарламалық сұхбаты таяу кезеңге арналған нақты мақсат-міндеттерді айқындап бергенін атап өтті. Барлық орталық пен жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар бұл міндеттерді іске асыру үшін нәтижеге бағытталған жұмыс істеуі керек. «Есеп пен презентацияға емес, нақты іске көшейік. Нәтиже болмаса, қалғанының бәрі – бос сөз», деді О.Бектенов.
Отырыста 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде өткізу мәселесіне айрықша назар аударылды. Премьер-министрдің айтуынша, басты мақсат – озық технологияларды енгізу арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Цифрлық өнімдердің нақты пайдасын әрбір азамат күнделікті өмірде сезінуге тиіс.
Елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылып отыр. Бұл бағытта еліміз цифрлық шешімдер мен қызметтерді жасап қана қоймай, оларды экспорттай алатын жетекші елдердің қатарына қосылуға ұмтылуы қажет. Былтыр цифрландыру мен жасанды интеллект саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылды, заңнамалық база қалыптасты, есептеу қуаттары қамтамасыз етілді, alem.ai ұлттық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Отандық IT-қызметтер экспорты шамамен 1 млрд долларға жетті.
Бұған қоса Үкімет басшысы практикалық қолдануға дайын цифрлық шешімдердің жетіспейтінін сынға алды. Жаңа технологиялар прототип деңгейінде қалып қоймай, нақты өмірге енгізілуге тиіс. Ескірген бизнес-үдерістерден арылып, құрылыс саласында BIM-модельдерді, өндірісте роботтандыруды, ауыл шаруашылығында серпінді IT-шешімдерді кеңінен енгізу қажет.
Жасанды интеллектінің дамуы алаяқтықтың жаңа түрлерін де туындататынын ескерген Олжас Бектенов Ішкі істер және Жасанды интеллект министрліктеріне осындай қатерлерді тиімді анықтайтын тетіктер әзірлеуді тапсырды. Қоғамның цифрлық шешімдерге деген сенімін нығайту үшін тұрақты әрі проактивті жұмыс жүргізу маңызды.
Цифрландыру жылын табысты өткізу үшін кәсіби қауымдастық пен халықты кеңінен тарту қажет. Осыған байланысты Жасанды интеллект министрлігіне қаңтар айының соңына дейін жылдық іс-шаралар жоспарын бекіту мен «Digital Qazaqstan» стратегиясын жедел әзірлеу тапсырылды. Бұған қоса қабылданған Цифрлық кодексті іске асыру аясында заңға тәуелді барлық құқықтық актілерді сәйкестікке келтіру және қоғамға кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Премьер-министр жасанды интеллектіні мемлекеттік секторда енгізу формалды автоматтандырумен шектелмей, басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауға алып келуі керектігін айтты. Мемлекеттік функцияларды орындаудың тиімді модельдеріне көшу, бюрократияны қысқарту – басты мақсат. Бұл бағыттағы үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді. Оның айтуынгша, 2027 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілетінін айтты.
«Президент азаматтардың цифрлық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде алдағы екі жылда 3 мыңнан астам ауыл интернетке талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылатын болады», деді ол.
Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрінің айтуынша, бүгінде 5G желісі еліміздің 20 қаласында қолжетімді екен. Осы жылы базалық стансаларды орнату жұмыстары әрі қарай жалғасуға тиіс. «Осы қалалар аумағының 75%-на дейін қамту мақсатында жаңа 5G базалық стансаларын орнату жұмыстары жалғастырылады. Сондай-ақ автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылды. Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды құрайды. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарланып отыр», деді Ж.Мәдиев.