25 Маусым, 2015

«Сағындым Алматымды» – Бүкілодақтық сахнада шырқалған ән

537 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сазы да, сөзі де үйлескен, жа­зыл­ғанына қырық жылдан асса да жұрт жатқа айтатын, хит болудан ешқашан қалмаған, қостанайлық ақын Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған жақсы әннің бірі – «С­а­ғындым Алматымды» туындысы. Бұл әннің туу тарихы талай рет жазылған, айтылып та жүр. Дегенмен, жүрекке жеткізіп жазатын Алтынбек Қоразбаев секілді  дарынды композитордың осы әнінен аттап кете алмасымыз белгілі. – «Сағындым Алматымды» әні Құрманғазы атындағы консерваторияны енді ғана тәмамдап, Жамбыл облыстық «Алатау» ән-би ансамблін басқарып жүрген кезімде шыққан еді. Нағыз жастық дәурен, бес жылдық студенттік қызықты кездерімнің бәрі Алма­тыда өтті. Осы туындыда  айтылатын Көктөбе мен Алматының саябақтарында қыдырған күнде­рімді шын сағынып, әннің алғашқы шумақтарын ептеп құрастыра бас­тадым, – дейді композитор. Сонымен, 1974 жылы Алтынбек Қоразбаев ағамыз Алматыға «Алтыбақан» деген телехабарға келеді. Бұл өзі ұйымдастырған «Алатау» триосының халыққа енді таныла бастаған кезі екен. Содан сазгер Қазақ радиосындағы досы Әнуар Бекжановқа сағыныштан туған жаңа шығармасын орындап береді. Мәтіні шалағайлау әнді тыңдаған досы: «Жақсы дүние екен. Бірақ, осында менімен бірге жұмыс істейтін Серікбай Оспанов деген жігіт бар. Өлеңін соған жаз­дырайық», деген ұсыныс айтады. Келесі күні жамбылдық қонақ жатқан «Жетісу» мейманханасына ақын бес жасар ұлын ертіп, сәлем бере келеді. Сол арада «Сағындым Алматымды» әні бірнеше мәрте орындалады. Біраз уақыттан кейін әдемі саз үнін  әрі тыңдап, бері тыңдап ойланып қалған ақын үндеместен кетіп қалады. Сөйтіп, ертеңіне қайта есік қағып, қазір кең таралып кеткен өлеңді композитор қолына ұстатады. Қосамын әнге атыңды, Тосамын әр хатыңды. Сағындым алма бағын, Арайлы Алматымды. Сағындым аққу үнді, Сағындым ақ гүлімді. Алматым, сыйладың сен, Шабытты шаттығымды...Коразбаев2 IMG_2276цв (1)Мәтін композиторға қатты ұнайды. Алғашқы жылдары  әнді  өзі орындап, кейіннен  Жамбыл  облыстық  «Алатау» триосының репертуарына енгізеді. – 1982 жылы Жамбыл облыстық филармониясын басқарып жүр­генімде, біздің өңірге Ресей халық артисі Валентина Толкунова гастрольдік сапармен келді, – дей­ді композитор. – Қадірлі меймандарды қонақжайлылықпен күтіп отырғанымызда, Валентина: «Жолдас директор, сізді композитор деп естіп едік. Бір әніңізді орындап бермейсіз бе?» деді. Мен домбырамен «Сағындым Алматымды» туындысын шырқап бердім. Ән аяқтала салысымен, ол кісі: «Мына әніңізді маған сыйға тартыңыз. Мен орысша аударып, оркестрге түсіріп, Ресейдің үлкен сарайларында орындаймын»,  деді шын көңілмен. Әншімен бірге киносценарист, әрі ақын Оскар Волин және атақты эстрадалық пианист Давид Ашкенази бірге келген болатын. Оскар Волин менен әннің мағынасын сұрады. Түсін­діріп беріп едім, ол табан астында: Древний город в цветах, Мудрый ты, как аксакал. Лебедем белый плывешь, Город мой Алма-Ата, – деп орысшаға аударып жіберді. Бізді бағанадан бері тыңдап отырған Давид Ашкенази әнді нотаға түсіріп алды да: «Бұл әнді ертең кешке жұртшылыққа тарту ететін боламыз», деді. Келесі күні Валентина Толкунова Қаратау қаласында концерт қойды. Мен осы шараға жау­апты болғаннан кейін кеш барысын тексеріп келгенмін. Сөйтсем, Валентина сахнадан: «Жолдас директор, бүгін сіздің әніңізді орындаймыз», дейді. Залда отырып, әнді қазақ және орыс тілдерінде тыңдап, өзімді керемет бақытты сезіндім. Осы уақыттан бастап менің шығар­машылығымның шарықтау шағы басталды, – дейді Алтынбек Қоразбаев журналист Қаншайым Байдәулетке берген сұхбатында. – Бірақ, мен Валентинаның сол күні айтып кеткеніне тіпті, сенген жоқ едім. Менің әнімді Ресейдің өнер жұлдыздары орындап тұрғаны шығармашылығыма үлкен қуаныш сыйлады. Ал бір ай өткен соң, ұмытпасам, қазан айында Валентина осы әнді Алматыдағы бұрынғы Ленин қазіргі Республика сарайында орындады. Одан кейін Алматыда 1984 жылы бүкіл Кеңес Одағы композиторларының симпозиумында да ән Ресей әншісінің орындауында шырқалды. Сол себепті де, мен «Сағындым Алматымды» әнінің халыққа кеңінен таралуы­н Валентина Толкунованың есімімен байланыстырамын. Дегенмен де, бұл әнді Мақпал Жүнісова, Нұр­ғали Нүсіпжанов та өз дең­гейінде жақсы орындады. Ал «МузАРТ» тобының орындауын ән­нің қайта тууы деп түсінемін, – дейді Алтынбек Қоразбаев. Валентина Толкунова Мәскеуге оралған соң, қазақ композиторына берген уәдесінде тұрып, әнді эстрадалық-симфониялық оркестрмен айтады. 1983 жылы Одақ бойынша «Өмірді әнмен өрнектеп» фестивалі Алматыда өтеді. Сол басқосуда он бес респуб­лика өнерпаздары алдында Кеңес Одағының сүйікті әншілерінің бірі Валентина Толкунова «Сағындым Алматымды» нақышына келтіріп шырқайды. Ән ұзақ уақыт телеарналардан түспейді. Табиғатты қолына қалам ұста­ғаннан бері жырлап келе жатқан талантты ақындарымыздың бірі Серікбай Оспанов та: «Алма­тым­ды сағынғанда осы әнді тыңдап жүремін», – дейді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.