Шәкәрім университеті, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада әуелі М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханұлына тұрғызылған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішіне гүл шоғы қойылды. Бұдан кейін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абайтанудың асқан білгірі» атты мәдени іс-шараның куәсі болдық. Келген қонақтар «Алдымда ақын Абай – темірқазық» арнайы көрмесін аралап, ғалым мұрасымен кеңірек танысты.
Жиында құттықтау тілегін білдірген Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдық мерейтойы өңірде жыл бойы өтетінін жеткізді. Оның айтуынша, облыс әкімі Берік Уәлиұлының тапсырмасымен ғалымның еңбек жолын насихаттауға бағытталған рухани-танымдық жобалар ұйымдастырылмақ және мерейтой қарсаңында республикалық деңгейде ғылыми конференция өткізу жоспарда екен.
Музей директоры Ұлан Болатұлы Абай мұражайы М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың бастамасымен құрылғанын, Қайым Мұхамедханұлы хакімнің рухани қазынасын мұқият сараптап-жинақтап, жанкешті еңбек еткенін айтты. Ал Шәкәрім университетіне қарасты «Абай және ұлттық руханият» орталығының басшысы Ақмарал Смағұлова ғалымның шығармашылық мұрасын зерттеуге ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетовтің бағыт бергенін әңгімеледі. Оның сөзінше, қаладағы бұрынғы Интернационал көшесін Қайым Мұхамедханұлының атына ауыстыру да оңайға соқпаған. Осы көше бойындағы әр үйдің есігін қағып, келісім жинау үшін біраз тер төккен. Бұған Арап Еспембетовпен бірге Қ.Мұхамедханұлының шәкірті, М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева зор үлесін қосқан көрінеді.
– Қайым Мұхамедханұлы – қазақ әдебиеттануындағы тұлғалық феномен. Ол тек абайтанушы, шәкәрімтанушы ғана емес, ғылыми әдіс, ұлттық жауапкершілік және дерекке адалдықтың үлгісін қалыптастырған зерттеуші. Осы тұрғыдан Қайым мұрасын жүйелі түрде зерттеу қажеттілігі қайымтану атты дербес ғылыми бағыттың қалыптасуын талап етеді. Ол Алаш ойымен тамырланды. Алаш аңсарын, Алаш аманатын жеткізу үшін жаралғандай. Себебі Қайым – Алаш арыстарының әңгіме-дүкенін рухына сіңіріп өсті. Елдің танымал ақын-әншілерінің сағаттап отырып ән мен жырға толтырған өнер базарының куәсі болды, – деді Ақмарал Смағұлова.
Ғалымды көзі тірісінде екі рет көріп, ғылыми зерттеуге кіріскен қаршадай қыз бүгінде филология ғылымдарының кандидаты. Ұлағатты ұстаз туралы әр сөзі тебіреніске толы.
– «Мұхтарды сат, диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді». Бұл – Қайымның сегіз ай тергеуде жатқанда естігендері. Тергеушілердің лажсыздан ойлап тапқан әрекеттері еді. Әдебиетті саясаттың құлы еткен қоғам Қайымды өз үдесінен шығара алмады. Себебі жалған айта алмады. Осы мінезі оны ҚарЛаг-тың қан шеңгеліне тоғытты. Иә, ол ғұлама Мұхтардың жанторсығы атанды. Тіпті жазықсыз айыптауларда «Әуезовтің көлеңкесі» деушілер де болды. Ол, шын мәнінде, Мұхтардың ғылымдағы сенімді серігі, рухани інісі еді. Ал оларды телқоңырдай жақындастырған Абай, – дейді Ақмарал Төлеуғазықызы.
Бұдан соң ғалымды еске алу кеші М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде жалғасып, «Өзі – музей, өзі – архив, өзі – мектеп» атты рухани шара өтті. Open space форматында өткен іс-шараға Семей қаласының білім бөлімі басшысы Дидар Асқарқызы, Астана қалалық Қайым Мұхамедханұлы атындағы №90 гимназияның директоры Гүлжанар Асанова, сонымен қатар ғалымның ұрпақтары қатысты.
Кешті аталған коллеждің директоры Шағангүл Алдамжарқызы жүргізіп, университетте ғалымның дәрісін төрт жыл тыңдаған бақытты шәкірттің бірі екенін айтты.
– Лекциясына көп газет алып келетін. 82–86-жылдардың аралығы. Сол кездің өзінде аға Алаш идеясын айтып отыратын, – дейді Ш.Жанаева.
Іс-шара барысында Қайым Мұхамедханұлының ғалымдық болмысы, азаматтық ұстанымы, Абай мұрасын сақтау жолындағы қажырлы еңбегі мен ұлт ғылымына қосқан үлесі туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Оның ішінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Сләмұлының естеліктерін жиналған жұрт ерекше ықыласпен тыңдады.
– Ғалымның Абай музейіне сіңірген еңбегі – қазақ руханияты тарихындағы өлшеусіз мұра. Ол Абайдың өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыда жүйелеп қана қоймай, ұлттық сананың өзегіне айналдырды. Абай музейін қалыптастыру, қорын байыту, ғылыми беделін арттыру жолындағы қажырлы еңбегі арқылы Қайым Мұхамедханұлы ұлтқа мәңгілік қызмет етті. Бүгінгі шара «өзіне және еңбегіне сенген», жазықсыз түрме тозағын бастан кешкен қайраткер тұлғаға деген құрметтің бір көрінісі, – дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры Ұлан Болатұлы.
Семей қаласының білім бөлімінің басшысы Дидар Асқарқызы Астанаға Қайым Мұхамедханұлы есімін танытқан, насихаттаған – ғалымның шәкірті, ұстаз Ербол Іргебай екенін айтты.
– Ол – Қайым Мұхамедханұлының ғылыми және мәдени мұрасын зерттеу, түсіндіру және насихаттау ісіне айрықша үлес қосқан қайымтанушы. 1951 жылғы 1 желтоқсанда тұтқынға алынып, 1952 жылы «КСРО-ның саяси жүйесіне қарсы күрес жүргізді» деген жалған айып тағылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылып, темір торға жабылған ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханұлы «Балаларыма» атты өлеңінде «Алтын көріп адал жолдан таймадым» деп жазыпты. Міне, осы өлең жолдарын Ербол Ісләмұлы әрдайым аузынан тастамай, ұран ретінде айтып, ұстазы Қайым Мұхамедханұлының ұстанымын басшылыққа алды, – дейді.
Оның айтуынша, Ербол Ісләмұлы 2020 жылы 19 қарашада «Астана ақшамы» газетіне «Ұлылардың ізбасары» атты көлемді мақала жариялаған. Онда Қайым Мұхамедханұлының өмірі мен шығармашылығын жастарға таныстыру, тұлғасын ұлықтау жобаларын іске асыру бағытында қоғамдық ұсыныстар мен идеялар ұсынған.
– Қайым Мұхамедханұлы бар қажыр-қайратын ұлы Абай шығармаларын зерттеуге арнаса, Ербол Іргебай бар күш-қуатын Қайым Мұхамедханұлы мұрасын жинақтап, ғалым мұрасын насихаттауға сарп етті. Ербол Іргебай ғылым жолындағы жетекшісі Тұрсын Жұртбаймен бірге Қайым Мұхамедханұлының 10 томдық шығармалар жинағын құрастырды. Бұл – қазақ әдебиеті мен абайтану саласындағы маңызды бастама. Жинақта Абайдың ақындық мектебі туралы тұжырымдарын, текстологиялық еңбектерін, Алаш арыстары мұрасын сақтаудағы ерлігін, ұлттық әдебиет тарихындағы орнын ғылыми деректерге сүйене отырып талдаған, – дейді Семей қаласының білім бөлімі басшысы.
2018 жылы Астанада Қайым Мұхамедханұлының атына көше берілді. 2010 жылдан бастап Ербол Ісләмұлы Астанадағы бір мектепке Қайым Мұхамедханұлы есімін беру туралы басқармаға ұсыныс тастап, әр жылы министрлікке хат жазып, рухани күрес жүргізеді. Сөйтіп, 2020 жылы Астанада жаңадан ашылған №90 гимназияға Қайым Мұхамедханұлының есімі беріледі. Мектепке тұлғаның есімі берілу жөніндегі құжаттарға денсаулығы сыр берсе де, ауруханада жатып қол қойып, бар жан-тәнімен еңбектеніпті.
– Ербол Ісләмұлы Қайым Мұхамедханұлына арнап «Ер қазақ» деген журнал шығарды. «Ер қазақ» және «Қайым» деген сөздерді егіз деп қарайтын. Қайым оқулары да жыл сайын қалалық деңгейде өтетін, биыл аумақтық көлемде өткізілу жоспарланып отыр, – дейді Дидар Асқарқызы.
Абайдың әдеби ортасын, шәкірттерін, ақын мұрасының текстологиялық мәселелерін терең зерттеп, ұлттық руханияттың дамуына айрықша еңбек сіңірген ғалым еңбектерін дәріптеу жыл бойы жалғаса бермек.
Абай облысы