Әлем • Кеше

Конгрестің келісімінсіз Венесуэлаға шабуылдауға болмайды: Сенат Трампқа шектеу қойды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ Сенаты президент Дональд Трамптың өкілеттігін шектеу бағытында қадам жасап, екі партия өкілдері қолдаған резолюцияны қабылдады. Бұл құжат Конгрестің алдын ала келісімінсіз Венесуэланың «ішінде немесе оған қарсы» әскери күш қолдануға тыйым салады. Заң жобасын 52 сенатор қолдап, 47 сенатор қарсы дауыс берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конгрестің келісімінсіз Венесуэлаға шабуылдауға болмайды: Сенат Трампқа шектеу қойды

Фото: Global Look Press

Дауыс беру Трамптың Венесуэлаға қарсы ықтимал «екінші толқын» шабуылдары туралы соңғы қоқан-лоққыларына жауап ретінде өтті. Бұған дейін ол  Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындау және экстрадициялау мақсатында әскери операция жүргізу туралы бұйрық берген. Резолюцияны барлық 47 демократпен бірге 5 республикашыл сенатор қолдады.

Заң жобасының бастамашысы – Вирджиния штатынан сайланған демократ сенатор Тим Кейн. Ол «Трамптың соғысы айқын заңсыз, өйткені бұл әскери операция Конгрестің рұқсатынсыз бұйырылған» деп мәлімдеді. Сенатор әріптестерін батылдық танытып, сайлаушылардың мүддесін қорғауға шақырып, әскери іс-қимылдар басталмас бұрын Конгресте талқылау мен дауыс берудің маңызын атап өтті.

АҚШ Конгресі Венесуэлаға қатысты әрекеті үшін Трампты айыптады

Енді заң жобасы келесі аптада Сенатта тағы бір дауыс беруден өтіп, кейін Өкілдер палатасының мақұлдауын алып, президенттің қол қоюына ұсынылуы тиіс. Осыған байланысты оның түпкілікті қабылдану ықтималдығы төмен. Дегенмен бұл құжат Трампқа сыртқы саясат мәселелерінде Конгрестің пікірін ескеру қажеттігі жөнінде маңызды белгі береді.

Өз кезегінде Дональд Трамп резолюцияны қолдаған республикашылдарды қатаң сынға алып, олардың әрекетін «ақымақтық» деп атады және бұл қадам президенттің бас қолбасшы ретіндегі өкілеттігін шектеуге бағытталғанын айтты. Сондай-ақ ол мұндай дауыс беру АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептейді.

Кентукки штатынан республикашыл сенатор Рэнд Пол заң жобасын қолдап, Конгрестің кейбір мүшелері соғыс бастау жауапкершілігін президенттің мойнына жүктегісі келеді деп мәлімдеді.

«Басқа бір елдің бас шаһарын бомбалау және оның басшысын құлату – бұл соғыс әрекеті», деді ол.

Пхеньян АҚШ-тың Венесуэладағы әрекетінен сескене ме?

Соңғы жаңалықтар