Фото: pixabay.com
Ғалымдардың айтуынша, түскі уақытта алынған коронограф суреттерінде Күннен әр бағытқа тараған зат массасы анық көрінеді. Алайда жарылыстың ошағы Күннің Жерге көрінбейтін арғы бетінде орналасқан. Сол себепті оны қазіргі таңда бірде-бір ғарыштық спутник тікелей бақылай алмай отыр.
Зертхана дерегінше, екі апта бұрын Күннің дәл осы беті Жерге қараған кезде айтарлықтай белсенділік байқалмаған. Тек орташа деңгейдегі екі белсенді аймақ тіркелген.
Астрономдар жарылыс сол аймақтардың бірінде болуы мүмкін екенін айтады. Заттың таралу бағытына қарағанда, құбылыс Күн дискісінің оң жақ төменгі бөлігінде, экватордан төмен орналасқан дақтар тобында орын алған. Каталогтағы нөмірі – 4321.
Ғалымдардың болжамынша, жарылыстың нақты орнын көзбен көру тек шамамен бір аптадан кейін мүмкін болады. Сол кезде дақтар тобы Күннің шығыс жиегінен Жерге қарай көріне бастайды.