Экономика • 09 Қаңтар, 2026

Сенатор бір жылда 44 мың теңге табыс тапқан. Басқалар ше?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат сайтында 2024 жылға арналған табыс декларациялары жарияланды. Құжаттар сенаторлардың жеке парақшаларында арнайы бөлімде орналастырылған. Қазіргі уақытта ашық қолжетімді дерек 6 сенаторға қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Сенатор бір жылда 44 мың теңге табыс тапқан. Басқалар ше?

Жарияланған мәліметтердің көпшілігі депутаттардың өз табысын емес, жұбайларының кірісін көрсетеді. Ашық деректе тек Сағындық Лұқпановтың жеке декларациясы бар. Ол 2024 жылы 44000 теңге табыс тапқанын көрсеткен.

Қалған сенаторлар бойынша жұбайлардың табысы жарияланған. Нұрлан Бекеновтің жұбайы Сара 2024 жылы 11 400 000 теңге тапқан. Сұлтан Дүйсембиновтің жұбайы Рая Қыдырбаева 5 000 000 теңге табыс алған. Зәкіржан Көзиевтің жұбайы Тасмияның кірісі 3 300 000 теңгені құраған. Жанболат Жүргенбаевтың жұбайы Дания 12 000 000 теңге табысын көрсеткен. Шәкәрім Бұқтұғұтовтың декларациясында да тек жұбайы Гүлнәр Бұқтұғұтованың кірісі бар. Оның 2024 жылғы табысы 12 300 000 теңге болған.

Қазіргі таңда Сенат сайтында басқа сенаторлардың 2024 жылға арналған декларациялары ашық түрде жарияланбаған. Бұл ретте көптеген депутаттың жеке парақшасында тиісті бөлім бар, алайда дерек әлі толықтырылған жоқ.

Мұндай ақпараттың жариялануына заңдағы өзгерістер негіз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы заңға енгізілген түзетулер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Соған сәйкес мемлекеттік органдар өз басшыларының және олардың жұбайларының табысы туралы мәліметті ашық көрсетуге міндеттелді.

Бұған дейін де шенеуніктер жыл сайын декларация тапсырған. Алайда ол ақпарат салық құпиясына жатқызылып, көпшілікке жарияланбаған. Енді бұл тәртіп өзгерді.

Алғаш рет мұндай деректер Ақордада, Үкіметте және әкімдіктерде жарияланды. 2024 жылғы мәлімет бойынша ең жоғары табыс көрсеткен лауазымды тұлғаның жұбайы Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнәр болды. Оның кірісі 2 300 000 000 теңгені құраған.

2025 жылғы желтоқсанның соңынан бастап декларациялар міндетті түрде жариялана бастады. Дегенмен олар жеңілдетілген форматта ұсынылады. Ашық деректе тек аты жөні мен жиынтық табыс көрсетіледі. Активтер мен банк шоттары туралы мәлімет берілмейді.

Соңғы жаңалықтар