Фото: ашық дереккөз
Америкалық The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, кеңеске мемлекеттік хатшы Марко Рубио, қорғаныс министрі Пит Хегсет және армия басшылығы қатысады. Олар президентке Ирандағы тәртіпсіздіктерге байланысты бірнеше нұсқа ұсынады. Оның ішінде әскери соққы беру, кибершабуыл жасау және жаңа санкциялар енгізу де бар.
Сондай-ақ АҚШ Иранда интернет өшірілген жағдайда, шерушілердің байланысын сақтау үшін Starlink спутниктік жүйесін жіберу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Қазіргі уақытта Пентагон Иран шекарасына қосымша әскер әкелген жоқ.
Трамп Масктен Ирандағы интернет байланысын қалпына келтіруді өтінбек
Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ Ирандағы жағдайға бейжай қарамайтынын және қажет болса күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармайтынын айтқан.
Ирандағы жағдай желтоқсан айының соңында ушыға түсті. 29 желтоқсанда Тегеранда ұлттық валютаның күрт құнсыздануына наразы болған саудагерлер көшеге шықты. Келесі күні оларға студенттер қосылды. Наразылық елдің ірі қалаларына тарады.
8 қаңтарда жағдай ең ауыр кезеңге жетті. Ресми дерек бойынша, сол күні кемінде 13 бейбіт тұрғын, оның ішінде үш жасар бала қаза тапты. Сонымен қатар 38 полиция мен әскери қызметкер мерт болған. Тегеран билігінің мәліметінше, бүлікшілер мешіттерді, банктерді, ауруханалар мен мемлекеттік ғимараттарды өртеп, ондаған көлікті жойған.
Иран билігі бұл оқиғаларға сыртқы күштерді, соның ішінде АҚШ пен Израильді айыптап отыр.