Мәдениет • 12 Қаңтар, 2026

Шұбаттан жасалған балмұздақ нарыққа шықты

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында шұбаттан дайындалған балмұздақ өндіріле бастады. Сарыбұлақ ауылындағы шағын фермада жасалатын бұл өнім бүгінде «қазақы балмұздақ» атауымен танылып, ұлттық тағамды жаңа форматта ұсынудың жарқын үлгісіне айналып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Шұбаттан жасалған балмұздақ нарыққа шықты

Балмұздақ авторы – Еңбекшіқазақ ауданындағы Сарыбұлақ ауылында тұратын 38 жастағы кәсіпкер Азангүл Әлбосын.

Жоба «Қазақтану» мәдени-ағартушылық бағыты аясында іске асып жатыр. Оның мақсаты – көне дәстүрлердің қазіргі өмірмен үндесе алатынын көрсету. Бұл жерде ұлттық ас жай ғана тағам емес, тұтас бір өркениеттің, тарих пен дүниетанымның көрінісі.

Әке арманы – қыз мұраты

Азангүл Әлбосын мамандығы – заңгер. Қазақстанға көшпей тұрып Қытайда судья қызметін атқарған. Тарихи отанына оралу туралы арман бала кезінен пайда болған. Ата-анасы үнемі ата жұрт туралы айтып, әкесі түйе шаруашылығын ашуды аңсаған.

Шамамен он бес жыл бұрын Азангүл елге қоныс аударып, тұрмыс құрып, жұбайы Жарқын Жұмағазымен бірге шаруа қожалығын дамыта бастайды. Алғашында ешкі мен жылқы өсіріп, ешкі сүті мен қымыз сатады. Кейін түйе өсіруге бел буады.

балмұздақ

Алғашқы түйелер көлікті сатқаннан түскен қаржыға алынған. Тәжірибе жүзінде үйреніп, түрлі фермаларды аралап, шұбат дайындау технологиясын меңгерген.

«Ол кезде түйе сүтін стақанмен сатып жүрдік. Базарға, адам көп жүретін жерлерге апаратынбыз. Көлік те жоқ, күйеуім өзі таситын. Қиын болды, бірақ сұраныс өсті, кейін адамдар өздері келе бастады», дейді Азангүл.

Сарыбұлақтағы ферма

Отбасы он жыл бұрын Сарыбұлақ ауылына көшіп келді. Қазір фермада сексенге жуық түйе бар. Шұбат, құрт, түйе майы тек аудан ішінде емес, өзге өңірлерге де жөнелтіледі.

Үш жыл бұрын кәсіпкерлер Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке бизнес-жобасын ұсынды. Жоба қолдау тауып, Қаражотин ауылдық округінен бос жер телімі берілді.

«Түйе шаруашылығы бизнес қана емес. Қазақ үшін тіршілік көзі. Сүтін, жүнін, терісін тұрмыста пайдаланған. Біз осы дәстүрдің болашағы бар екенін көрсеткіміз келеді», дейді кәсіпкер.

Азангүл түйе жүнінен көрпе, жастық, белге арналған емдік белбеу тігеді. Алдағы жоспары - ауыл әйелдеріне арналған қолөнер мектебін ашу.

Шұбаттан балмұздақ қалай жасалады?

Халықаралық оқудан өтіп, арнайы құрал-жабдық сатып алған Азангүл былтыр «Қазақ қызы» брендімен шұбаттан балмұздақ шығара бастады.

«Сүтті баяу қайнату керек. Ол 20 сағатқа дейін созылады, қоюланып қоюландырылған сүтке ұқсайды. Сосын тосап қосамын. Қазір жиырмаға жуық дәм бар: шоколад, құрма, карамель, жидек, қауын», дейді ол.

Балмұздақ толықтай табиғи. Консервант жоқ, қант мөлшері аз. Дәстүрлі балмұздақтан кем емес, бірақ дәрумені мен қуаты мол.

балмұздақ

Алғашында өнім Шелек ауылындағы шағын дүкенде сатылды. Қазір Алматыдағы дәмханалар мен мейрамханалар тапсырыс береді. Қаптама дизайнын да кәсіпкердің өзі әзірлеген.

Ұлы мақсат

Өткен жылы Азангүл «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, көрмеге шықты. Шұбат балмұздағы көпшілікке ұнағанымен, мемлекеттік қолдау сол жолы бұйырмады.

«Қазақстанды әлемге танытатын дүние – дәстүр мен мәдениет. Біздің де өз гастрономиялық брендіміз болуы керек. «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар өнім көбейсе деймін», дейді ол.

Алдағы уақытта түйе санын арттырып, бөтелкеге құйылған шұбат цехын ашу және балмұздақ өндірісін кеңейту жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар