Ұлт театрының тұңғыш қойылымына байланысты ақтаңдақ жайында Р.Рүстембекова, Б.Қойшыбаев, Д.Қамзабекұлы, Г.Орда есімді ғалымдар зерттеуін, соғыс және еңбек ардагері Н.Сансызбаев танымдық мақаласын жазды. «Мемлекет театрының туған күні» атты зерттеу мақалада былай көрсетілген: «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы қаңтар айындағы бірнеше санының бірінші бетінде басылған хабарландыру тексі төмендегідей: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше» («Руханият» кітабы. Алматы, «Білім» баспасы, 1997, 207–208 б.).

Халық ағарту комиссары (бүгінгіше – министр) Смағұл Садуақасұлы 1925 жылы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке келгенде, қолға алған маңызды жұмысының бірі – Ұлт театрын ұйымдастыру болды. Осы мақсатта ел астанасы Қызылорда қаласына болашақ театр өнерпаздары шақырылды. Қазақстанның әр аймағында әуесқой театрларда қойылып жүрген пьесалар сараланды. Солардың қатарында Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасын да театрды ұйымдастыратын комиссия назарға алды.
Қошке Кемеңгерұлы – қазақ халқының алғашқы кәсіби драматургтерінің бірі. Қаламгер ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде қалыптаса бастаған жаңа жанр – драматургия саласының дамуына үлес қосты. Қ.Кемеңгерұлы қаламынан мынадай пьесалар туды: «Әулие-тәуіп» (1918), «Бостандық жемісі» (1919), «Қасқырлар мен қойлар» (1920), «Алтын сақина» (1920), «Арманда» (1923), «Шәкең молда» (1925), «Парашылдар» (1926), «Ескі оқу» (1927), «Күнәсіз күйгендер» (1930). Бұл пьесалардың ХХ ғасыр басында еліміздің әуесқой театрларының сахнасында қойылғаны туралы ақпаратты «Жас азамат», «Бостандық туы», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» басылымдарынан оқи аламыз.

«Алтын сақина» драмасы 1920 жылы Қызылжар қаласында жазылды. «Ақ жол» газетінің 1921 жылғы 16 қаңтардағы санында мынадай хабарландыру берілген: «Қызылжардағы қазақ жастарының «Талап» иірімі атынан «Новый совет» театрында тамашаға Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» қойылды. Ойнаушылар «Талаптың» драма бөлімшесінің мүшелері еді. Ойын әйел рөлін алып ойнаған еркектің, денесінің нақ әйелдей болып келмегенін есептемегенде, жақсы шықты. Иін тіресіп отырған тамашашылар ойнаушыларды перде түскенде қол шапалақтап қайта-қайта шақырды... (Үнемші)». «Алтын сақина» драмасы жеке кітапша болып Орынбор қаласынан 1923 жылы жарық көрді.

Қошмұхаммет Кемеңгерұлы.
Алтын сақина. Драма. 4 бөлімді.
«Қазақстан мемлекет баспасы».
Орынбор, 1923 ж.
Қайраткер С.Садуақасұлы Қызылордада театрдың ашылғанына байланысты бірнеше мақала жазды. Олар биліктің ресми басылымы – «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Газеттің 1926 жылғы 20 қаңтардағы санында «Баянды еңбек күтеміз» атты мақаласында қазақта мәдениет жөнінен жетіспеген көп нәрселер бар, соның бірі – ұлт театрының жоқтығы еді деп көрсетті. Театр өнерінің сипаты, оның мәдениетті жұрттарда болуы, қазақта театрдың ашылуы – тарихи оқиға екені, бұрын Қазақ елінің әр аймағында сауық кештердің болып тұрғаны, сол кештерде ойын көрсеткен өнерпаздар бір театрға жиналғаны жайында жазды. «Ғинуардың 13-і күнгі Ұлт театрының ашылу күніне арнап қойылған ойындарында ойнаушылардың келешегінен үміт тудырғандай болды» деген баға берді.
«Еңбекші қазақ» газетінің 24-ші қаңтар күнгі санында шыққан «Алтын сақина» ойыны туралы» атты мақаласында қайраткер былай деп көрсетті: «Ғинуардың 13-і күні Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнады. Концерт бөлімінде ән салынып, күлдіргі тақпақтар айтылды. Сауық кеші ұлт театрының ашылуына арналды» (С.Садуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы, «Алаш» баспасы, 2003, 270-б.).

Сауық кеші театрдың ашылуына арналғандықтан, оған халық ақы төлемей тегін кірді. «Алтын сақина» езілген қазақ әйелдерінің тұрмысын бұлжытпай суреттейді» деп жазды С.Садуақасұлы. Сауық кешінде Қалибек Қуанышбаев, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаев сынды әртістер өнер көрсетті. С.Садуақасұлының дерегі бойынша Ұлт театрының ресми шымылдығын ашқан сауық кешінде «Алтын сақина» пьесасы ғана аталады. Одан басқа пьеса көрсетілмейді.
Ұлт театры туралы [Мәтін] / С. Садуақасұлы; Бастырушы: «Еңбекші қазақ»... – Қызылорда: Қазақ мемлекет баспасы, 1926. – 30 б. 17х12,5 см – («Еңбекші қазақ» кітапханасы № 2. - Мәтін араб графикасымен жазылған. – 5000 дана: 10 т. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1661638
Қызылорда қаласында 1926 жылы «Алтын сақина» ойынын көруге алаш ұрпағы, асылдың сынығы Гүлнар Міржақыпқызы әкесімен бірге барғанын сұхбатында айтады. Гүлнар Міржақыпқызы сауық кеші Мемлекеттік ұлт театрының ашылуына арналды деп растайды. Бұл сұхбат 2002 жылы «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Көзкөрген. Қошке Кемеңгерұлы» деректі филімінде сақталған. Фильмнің авторы – журналист, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, бұл күнде ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы.

Театрдың ресми шымылдығын ашқан тұңғыш қойылым туралы шындықтың кеңестік кезеңде бұрмалануының саяси себебі болғаны белгілі. Ұлт театрын ұйымдастырған қайраткер Смағұл Садуақасұлы (1900–1933), театрдың тұңғыш директоры Дінше Әділұлы (1900–1931), тұңғыш қойылым авторы Қошке Кемеңгерұлы (1896–1937) сталиндік тоталитарлық жүйе заманында қуғын-сүргін құрбаны болды.

Олардың есімі кеңестік кезеңде мансұқталып, мұрасын насихаттауға тыйым салынды. Алайда тәуелсіздіктің 35-жылында әлі күнге дейін кеңестік ұстаныммен тарихымызды танығанымыз ешбір қисынға келмейтіні ақиқат. Мысалы, кеңестік дәуірде оқулықтарда, ресми деректе қазақтың тұңғыш романы С.Көбевтің «Қалың мал» шығармасы деп білдік. Кейін алаш қайраткері М.Дулатұлы ақталғаннан кейін бұрмаланған шындық түзетілді. Осы күнде біз қазақ халқының тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамал», оның авторы Міржақып Дулатұлы деп танимыз. Осылайша, театр тарихына қатысты сайттарда, оқулықтарда әлі күнге дейін бұрмаланып келе жатқан қате түзетіліп, өнер ордасының тұңғыш қойылымы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасы екені жазылады деп сенеміз.

Біз қазақ әдебиетінің классигі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің театр өнерінің тарихындағы орнын биік бағалаймыз. Сонымен бірге тарихи шындықтың бұрмаланбауын, әділдіктің орнағанын да қалаймыз. Әлі күнге дейін театр тарихы жазылған мақалаларда, хабарларда жаңылыс ақпарат жиі кездеседі. Оларда ескіше театр шымылдығы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегімен» ашылды деп қате көрсетілген. Біле білсек, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасұлы – ниеттес, қаламдас, дос адамдар болған. Олар да тарихи шындықтың бұрмаланбағанын тілер еді. «Әдебиет тарихы» кітабында М.Әуезов: «Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса… Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» еңбегін қарап өтсін дейміз», деп жазды. Қошке Кемеңгерұлымен қаламдас достығын, алаш рухында ниеттес жан болғанын Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған.

Қ.Кемеңгерұлының қысқаша өмірбаянын жазған
М.Әуезовтің қолтаңбасы
Қос қаламгер 1918 жылы сәуір айында Омбы қаласында өткен Қазақ жастарының тұңғыш сиезінде танысқан. Мұхтардың тырнақалды мақалалары Қошкенің редакторлығымен Қызылжардан шыққан «Жас азамат» газетінде басылды. Екі қаламгер 1924 жылдың жазында Германиядан келген неміс профессоры Макс Кучинскимен бірге Абай елінде, Шәкәрім ауылында экспедицияда қатар жүрген. Туған жұртына риясыз қызмет етуді көздеген қос білімпаз 1928–1930 жылдары Ташкент қаласында САГУ-дің аспирантурасында қатар оқыған. 1930 жылдың күзінде аспирантурадан бір бұйрықпен шығарылып, тұтқынға алынып, абақтының азабын екі жылдай бірге тартқан. Мұхтар бостандыққа шығып, Қошке қуғын-сүргіннен құтыла алмай Валуйкеге жер аударылып, ақыры 1937 жылдың күзінде Омбы қаласында оққа ұшты.
Қ.Кемеңгерұлы бір мақаласында қазақ кітаптарындағы қателер жайында: «Қазақ баспасөзінің қатесін көрсе, Еуропа әйелдері бала тастар еді», деген Ә.Бөкейханның сөзін тілге тиек етеді. Арада бір ғасыр уақыт өтсе де, ұлт театры тарихындағы қатені әлі де түзете алмай жатқанымыз өкінішті. Биыл театрдың ресми ашылғанына 100 жыл толса, қаламгер Қошке Кемеңгерұлының туғанына 130 жыл. Осынау мерейлі жылда Ұлт театры тарихы жазылған ресми ақпаратта, оқулықтарда, мектеп оқушыларының тест сұрақтарында, әлеуметтік желідегі өзге де дерек көздерінде тарихи шындық қатесіз дұрыс жазылса деп тілейміз.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры