Фото: Sport5.by
«Реал Мадрид» Хаби Алонсоны клубтың бір бөлшегі болып қала беретінін жеткізіп, аңыз ойыншы мен ол бастаған бапкерлік құрамға ризашылығын білдірді.
«Біздің клуб Хаби Алонсоға және оның барлық бапкерлік құрамына осы уақыт аралығындағы клубқа сіңірген еңбегі мен адалдығы үшін алғыс айтады. Оларға өмірінің жаңа тарауында сәттілік тілейді», делінген «Реал Мадридтің» ресми сайтындағы мәлімдемеде.
Ал клубтың жаңа бас бапкері болып Альваро Арбелоа тағайындалды. Альваро Арбелоа 2020 жылдан бері «Реал Мадридтің» бапкерлік құрамында болып, академияда қызметі өрлеп келеді. Ол 2020-2021 жылғы футбол маусымында «Infantil А» командасын чемпиондық деңгейге дейін жеткізді. Содан кейін 2021-2022 жылғы футбол маусымында «Cadete А» командасын сәтті басқарды.
«Реалдың» жаңа бапкер жетекшілігіндегі алғашқы ойыны 14 қаңтарға жоспарланған. Сол күні құрама Испания кубогінің 1/8 финалында «Альбасетеге» қарсы алаңға шығады.
Айта кетейік, Альваро Арбелоа корольдік клуб сапында 2009 жылдан 2016 жылға дейін доп тепті. 238 ресми матчқа қатысып, сегіз кубок жеңіп алды.
«Реал Мадрид» Хаби Алонсоны қызметінен босату туралы шешімді Сауд Арабиясының Джидда қаласында Испания суперкубогінде «Барселонадан» жеңілгеннен кейін жариялады.
Еске салайық, Чемпиондар лигасы аясында «Реал Мадрид» алматылық «Қайратпен» кездесіп, қонақтар 5-0 есебімен алға шыққан еді.
«Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынын тамашалауға 5 мың шетелдік турист келді.