09 Шілде, 2010

ЕЛ ДЕСЕК ЕРЕН ЕСКЕ ТҮСЕДІ

722 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Неге екенін білмеймін, замандасым әрі досым Ерен Жұмағұлов есіме түссе болды – көз алдыма Алтайдың айбақ-сайбақ алып шыңдары, бір-біріне іркес-тіркес созылып кете беретін қоңыр жон жоталары, қақ күмісше жарқыраған Мұз­тау­дың ақшаңқан келбеті көз алдыма келеді де тұрады. Тауда туып, таста өскен біз секілді па­қыр­ларыңыз әлі күнге “табиғат” дегенді мұнар таулар мен мұзарт шыңдар, ит тұмсығы өтпес тайга, сабалақ сақал қара орман деп білеміз. Өйтпегенде қай­те­міз, шыр етіп дүниеге келіп, көз ашқандағы көргеніміз сол сурет болса... Жерлес жазушы Дидахмет Әшімханұлы ел орталығы Алма­тыдан Арқа жаққа көшкен жыл­дары Астанада үш ай қызмет істеп, “тауы жоқ екен” деп Алма­тыға қашып кеткен деседі. Дәл осы әңгімеге мен сенемін. Алтайда өсіп, Алатаудың бауы­рында ғұмыр кешкен Дидахметті мен де түсінгендеймін. Арқада өскен ағайын мұндай сөзді көңілдеріне ала қоймас деп ойлаймын. Сол Астанада қызмет істеп, өсіп-өніп біздің де тұрып жатқанымызға, мінеки, он жыл­дан асты. Судай сіңіп, тастай баттық, құдандалы-жекжатты бол­дық. Астана біздің де туы­мыз, намысымыз, үміт артқан келешегіміз. Сөйте тұра, осы он жылдың ішінде бірде-бір рет тү­сіме қаладағы тірлігім кіріп көр­мепті. Апырай десеңші, пай­ғамбар жасынан астық, әлі күнге дейін ауылдағы қызыл қарағай төрт қанат үйлер, сегіз ай қыс, төрт ай ғана жаз болатын та­биғаты қатал, тірлігі тауқыметті, бірақ жерұйықтай таңғажайып туған жерім көлденеңдей береді. Қазір ауыл десек, ел десек болды, алдымен Ерен еске түсе­тіні бар. Қызық, Өр Алтайдағы әлгі таңғажайып табиғаттың жалғыз қожайыны, иесі Ерен секілді елестейді де тұрады. Оның дәйекті себебі де бар сияқты. Анау бір жылдарғы оңтай­лан­дыру тұсында Шығыс Қазақ­стан облысының Катонқарағай ауданының заты кетіп, аты ғана қалған. Аудан орталығы жүз шақырымдағы Үлкен-Нарын ауылына ауысты. Сол-ақ екен, жергілікті жұрт үдере көтеріліп, қопарыла көшкен. Біреулер аудан орталығына, біреулер облысқа қарай бет түзесті. Енді бір топ Алматы мен Астанаға қарай жылжыған (солардың қатарында мына мен де бармын). Қаңырай бастаған Катонқарағайда қалған азаматтар бірен-саран ғана еді. Соның бірі Ерен Жұмағұлов болатын. Оның жұбайы Айтжамал – аудандағы жоғары категориялы жалғыз бак­териолог дәрігер-ді. Екеуі қара шаңырақтың отын өшірмей, қарапайым тірліктерін жасап алаңсыз ауылда қала берді. Олар әлі күнге сол орындарынан тап­жылған жоқ, сол ауылда аман-есен тұрып жатыр. Үйдегі бала­лар да қанаттанып ұшып, әлде­қашан жан-жаққа тарасып кет­кен. Жыл құсындай жылына жалғыз рет келіп қайтысады... Олжас пен Алмас қауіпсіздік органының офицерлері. Кенже­лері Ерасыл Астанадағы Қонаев атындағы колледждің оқушысы, болашақ заңгер. Үлкені Олжас үйленген, келіндері Әлия екеуі Әмина атты немере сүйдіріп отыр. Сөйтіп, бүгінде қара шаңы­рақта екеуі ғана қалған. Бірақ жалғызсырап жүрген олар жоқ, ала жаз, қоңыр күз бойы үйле­рінен қонақ арылған емес. Өзімен аралас-құралас достарын былай қойғанда, Астана мен Алматының Алтайға демалуға ағылған зиялысының ат шал­ды­рып аттанысатын бекеті осы үй. Ел десек ең бірінші Ерен еске түсетіні тегі содан болса керек. * * * Ол орта мектепті 1967 жылы бітіре салысымен, бірден еңбек жолын “Чернова” бұғы-марал кең­шарында жұмысшы болып бастаған еді. Онан кейін меха­низаторлыққа оқыды. Екі жыл әскери борышын өтеп қайтты. Дене шынықтыру техникумын тәмамдағаны тағы бар. Кейіннен университеттің табиғат қорғау факультетін бітірді. Мектепте мұғалім болды, біраз жыл ди­рек­торлық қызметті атқарды. Алты жыл аудандық аң шаруашылығы қоғамын басқарды. Оңқай асықтай шымыр, тумысынан спортшы Ерекең, табиғат қорғау ісімен тығыз байланысты, әсіресе, осы жұмысқа бар ынта-жігерін салған. Ауданның табиғат жағдайын, аң мен құсын, жан-жануарлар дүниесін жақсы білетін бұл жақта біреу болса – ол Ерен еді. Соны ескеріп, 2001 жылы Ерен Жұмағұловты жаңадан құрылған Катонқарағай мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркіне директор етіп тағайындаған. Бұл Қазақ­стан Алтайындағы тұңғыш та­биғи парк болатын. Алтайда си­рек кездесетін аң-құстар, дәрі­лік-шипалық шөптер, орман мен тоғай жеткілікті ғой. Әсіресе, қыл­қан жапырақты алтай тайга­сы кеңес заманында аяусыз оталып кетті. Ендігі міндет – тәуел­сіз Қазақстанның байлы­ғын сақтау керек-ті. Парктің ұйымдасуымен табиғат кешенін тиімді сақтау және қалпына келтіру үшін ерекше қорғалатын табиғат аумағының тәртібі енгізілді. Атқарар істер ұлан-ғайыр еді. Бей-берекет аулаудан үркіп, Ресей ауып кеткен жа­байы аңдар санын көбейту, бра­коньерліктің жолын кесу жұмыс­тарын қолға алумен бірге, био­техникалық шаралар кешенін жүзеге асыру, қолдан көшет отырғызып, аумақтағы орман көлемін ұлғайту, тұнып тұрған тайганы өрт апатынан сақтау секілді күрделі міндеттер тұрды. Ерен Жұмағұловтың ұжымы осы шаруаның бәріне бел шешіп кірісті, көптеген игілікті баста­малардың ұйытқысы бола білді. Белқарағай орманшылығындағы бұрыннан бар питомникті қал­пы­на келтірді. Миллиондаған ағаш көшеттері өсіріліп, жан-жаққа таратылды. Алды Астанаға да жеткізілді. Ауданның барлық мектептерінде мектеп орман­шылықтары мен экологтар клубы құрылды. Соның нәти­же­сінде Өрел орта мектебінің жас орманшылары Санкт-Петербург­те өткен Халықаралық конкурста “Алтын бүршік” Гран-При жүл­десін жеңіп қайтты. “Егеменнің” “Ереннің шәкірттері ерледі” деп жазатыны сол тұста болатын. “Жасыл алаң” атты экологтар мен туристер слетін өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды. Туризмді дамыту жөнінде де біршама шаралар жүзеге асы­рылды. Қаракөлде, Рахман қай­нарында туристік базалар салын­ды. Туристер жүретін соқпақтар құлаған ағаш, көлденең тастар­дан тазартылып, жол бойы әр тұста демалатын көптеген бе­седкалар пайда болды. Бір сөз­бен айтқанда, сол кезде Ерекең­нің жетекшілігімен атқарылған шаруалар шаш-етектен еді. Әрине, жаңадан құрылған ұлттық парктің аяғынан тұрып, қалыптасуына Ереннің сіңірге­н еңбегін бүгінде ешкім де жоққа шығара алмас. Сол үшін де оны жерлестері әлі күнге құр­меттейді, сыйлайды... Өрт де­мекші, осыдан екі жыл бұрынғы аптап жазда Алтайда үш ай бойы тамшы тамбай, жер дүние күйіп кеткен-ді. Сонда Рахман қай­нарындағы жыныс орманда алапат өрт болған. Найзағайдан шықты ма, жоқ әлде пәтуәсіз біреу мәшине терезесінен шы­лы­мын шертіп жіберді ме, табиғат апаты аяқ астынан бұрқ ете қалған. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ, аудан болып күн демей, түн демей айға жуық арпалысты. Ақыры өрт зорға өшірісті. Мұндайда белгілі ғой, қа­тысы шамалы болса да, бірінші басшы жауап беруге тиіс. Солай болды да, Ерен қадірін кетірмей жұмысын тапсырған болатын. *  *  * Ерекең көп сөзге жоқ, ұстам­ды, сабырлы азамат. Достары көп, әсіресе, жазушылар, журна­листер, өнер адамдары арасында. Келемін деушілерге, елді, жерді аралап көремін деушілерге әр­қашан да құшағы ашық, қолдан келген көмегі қашанда әзір. Астанада, Алматыда тұратын бір топ қаламгерлер жаз, күз уақы­тын­да Алтайға бірнеше рет бар­дық. Ондағы жер төресі Шабан­бай жайлауына, Рахман қайна­рына, жер кіндігі деп жүрген атақты Мұзтауға, Көккөл, Шын­дығатай рудниктеріне, Тарғы­батай жайлауына, Марқакөлге мәшинемен, атпен, жаяулап сан рет сапар шеккеніміз есімізде. Сол сапарларда бірге жүрген қа­ламгерлер жазған-сызған­дарымен осы өлкені насихат­тауға елеулі үлес қосып жүр. Катонқарағайдың тумасы, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров туған жердегі сапар-саяхат­тарының қорытындысы іспетті етіп өткен жылы “Алтай-алтын бесік, атажұрт” атты көркем безен­дірілген тамаша кітап шы­ғарды. Тарихи-танымдық сипат­тағы жазбалары Өр Алтайдың тамаша табиғатын, туризмді наси­хаттаудың айқын үлгісі десе де болғандай. Қазір бұл кітап әрбір туристің жолбасшысы болып, қолдан-қолға тимеуде. Алтайға барған ағайын бұл кітапты қалап алып, тәбәрік ретінде қолтықтап кетісіп жүр. Айтайын дегенім, мінеки, осы кітаптың бас кейіпкері де Ерен Жұмағұлов. Әлекеңді қолды-аяққа тұрғызбай жыл сайын табанын тау мен тасқа салып, түзде түнетіп, тағылыққа үйрет­кен осы Ерекең. Сый-сияпаттан, ел ықыла­сынан Ерен бүгінде кенде емес. Елбасының Алғысы мен Құрмет грамотасы, республикалық Ор­ман және аңшылық комитетінің, Туризм және спорт министр­лі­гінің, облыс пен аудан әкім­дерінің марапаттары қажырлы еңбектің, ел құрметінің куәсі болса керек. Ол қоғамдық істерге де бел­сене атсалысып жүр. Аудандық мәслихатта “Нұр Отан” ха­лық­тық-демократиялық партиясы фракциясының төрағасы. Екі шақырылуда қатарынан аудан­дық мәслихаттың депутаты болып сайланды, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы. Ерен Жұмағұлов бұл күндері мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын ұйымдастыру жөніндегі Берелдегі жұмыстарға басшылық етуде. Ол жерде көп ұзамай аспан астындағы ашық мұражай ашылмақ. Амандық бол­са, бұл жерге еліміздің түк­пір-түкпірінен, шет елдерден туристердің ағылатын күні де туар. Үкімет шешімімен атқа­ры­лып жатқан мұндағы шаруалар сәтін салып ойдағыдай аяқталса, маңызы аса зор абыройлы іс боларына ешқандай күмән жоқ. Мұндағы көне дәуірдің көш­пенділер мәдениетіне жататын біздің арғы ата-бабаларымыз деп жүрген скиф-сақ халықтарының – ежелгі түркілердің Алтайды мекен еткендігінің, олардың Алтайдан тарағандығының ай­қын дәлелі болып табылатын бұл жәдігерлердің ғылым үшін ма­ңызы ерекше екендігі айтылып жүр. Осындай бұлтартпас дерек­тер арқылы тарихи сана мен тарихты жаңаша пайымдауға мүмкіндік жасауға жол ашыла­тыны қуанарлық жайт. Алайда, бұл тарихи-мәдени кешенді салу жұмыстары енді-енді ғана басталып жатыр. Алда атқары­лар іс көп және бұл өзі өте жауапты шаруа болайын деп тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыруға орасан зор күш-жігер, қажыр-қайрат пен біліктілік қажет болатыны өзінен-өзі түсінікті. Бір қуа­нар­лығы – іс басында Ерен секілді тәжіри­белі, ой-өрісі кең, мықты азаматтың жүргендігі. Қадірлі замандасымыз, ардақ­ты азамат Ерен Кәдөшұлы Жұмағұловтың өнегелі өмірін айтудағы мақсат – егемен еліміз­дің буыны бекіп, бұғанасы қатуына өзіндік үлес қосып жүрген, туған жерінің нағыз пат­риоты жайлы әңгімені өзгелер де білсе, жастар өнеге тұтса деген ниет еді. Жақсының жақсылы­ғын айту да бір ғанибет іс қой. Қайырды НАЗЫРБАЕВ, жазушы.