25 Маусым, 2015

Арқаулық зейнетақы мөлшері жұмыс өтіліне байланысты көбейетін болады

317 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, оның күн тәртібіне 15 мәселе енгізілді. Қаралған мәселелердің ішін­дегі күрделісі де, барынша көп талқыланғаны да кейбір заңна­малық актілерге халықты зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы болды. Бірінші оқылымда қаралған заң жобасы көптеген мәселелер бойынша сұрақтар тудырды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова: «Азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етудің қолайлы деңгейіне қол жеткізу мақсатында мемлекеттің, қызметкердің және жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейте отырып, зейнетақымен қамсыздандырудың қолданыстағы көпдеңгейлі жүйесін сақтау ұсынылады. Сонымен қатар, заң жобасы 2017 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекет тарапынан берілетін арқаулық зейнетақы тағайындау тәртібін өзгертуді, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің қаражаты есебінен 5 пайыздық қосымша зейнетақы жарналарын енгізуді және оларды қызметкерлердің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарымен бірге бірыңғай есепшоттарда жинақтауды жалғастыруды және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруді қарастырады», – деді. Министр келесі кезекте базалық зейнетақы төлемін тағайындау азаматтар зейнетақы жасына жеткен кезде ғана, сондай-ақ, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты жүзеге асырылатынын айтты. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін күнкөріс шамасының 50 пайызы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгіленеді. Ал өтілі 10 жылдан асқандарға оның мөлшері әрбір жылға 2 пайызға ұлғайтылады, ал 35 жыл және одан артық болса, күнкөріс деңгейіне теңгеріледі, деді Т.Дүйсенова. Ұсынылып отырған өзгерістер қазіргі зейнеткерлердің де және болашақ зейнеткерлердің де мүддесіне сай келеді, деді Т.Дүйсенова әрі қарайғы сөзінде. Өйткені, қазіргі зейнеткерлер үшін 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі зейнетақы жүйелеріне қатысу деңгейі ескеріле отырып, базалық зейнетақы қайта есептелетін болады. Мұның еңбек өтілі көп болса да лайықты зейнетақы ала алмай наразы болып жүрген жандардың біразын қуантып тастары сөзсіз. Министрдің сөзіне қарағанда, бұл қуаныш қазіргі барлық зейнеткерлердің 75 пайызына дейін қамтып, базалық зейнетақы мөлшерін екі есеге дейін арттырады екен. Заң жобасы осы және басқа мәселелерді қамтыпты. Қарастырылған мәселеге байланысты алғашқы сұрақ берген депутат Р.Халмұрадовтың айтуынша, ауылды жерлерде өзін өзі қамтамасыз еткен көптеген жандар бар, ал олардың ішінде әйелдер басым. Олардың не жұмыс өтілі, не зейнетақы жүйесіне қатысы жоқ. «Сондықтан, көп балалы аналарға базалық зейнетақыны тұтастай төлеуге болмас па еді?», – деген сұрақ қойды депутат. Оған Министр қолданыстағы заң бойынша төрт бала өсірген аналарға 12 жылдық жұмыс өтілі есептелетінін айтты. Ал енді базалық зейнетақыны өзгерткен кезде де сол тәртіп сақталып, төрт бала өсіріп, жұмыс өтілі болмаған әйелдерге 12 жылдық өтіл есептеледі, деді. Осы мәселе депутаттардың көптеген сұрағын туғызды. Әсіресе, төрт және одан артық бала өсіргендердің бәріне бірдей 12 жылдық жұмыс өтілі есептелетініне біраз депутат наразылық білдірді. Тым болмаса, төрт баладан артық баланың әрқайсысы үшін 2 жылдан өтіл неге қосылмайды деген ұсыныстар да айтылды. Ал «Ақ жол» фракциясының мүшелері Т.Ерғалиев пен А.Перуашев жұмыс берушінің әрбір қызметкердің зейнетақы төлеміне қосымша 5 пайыз төлейтіні өндірістің дамуына нұқсан келтіретінін айтып, қара аспанды төндіріп бақты. Олардың бұл алаңдаушылығына депутат Гүлжан Қарағұсова өзінің талқылаудағы сөзінде жауап беріп, жұмыс берушінің зардап шекпейтінін, керісінше, бұл қызметкерді ынталандыратынын, сөйтіп, еңбек өнімділігін арттыратынын айтты. Сонымен қатар, жалпы отырыста «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы ілеспелі түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы қызметін атом энергиясын пайдалану саласында жүзеге асыруға лицензиясы бар тұлғаларды радиацияның әсері және радиоактивтік зақымдану салдарынан туындайтын, персоналдың немесе үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтіруі мүмкін залалдан сақтандыруды жүзеге асыруды міндеттейтін нормалармен толықтырылатын болды. Жалпы отырыста қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда қаралды. Осы заң жобасы бойынша келіп түскен ұсыныстар жұмыс тобының сегіз отырысында және комитеттің кеңейтілген екі отырысында мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қаралыпты. Заң жобасын қарау барысында депутаттар қаржы мониторингіне жататын операциялар үшін шектердің деңгейін жоғарылату жөнінде, сондай-ақ, «қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» және «шетелдік жария лауазымды адам» ұғымдарын нақтылау жөнінде түзетулер енгізді. Сондай-ақ, отырыста бірқатар ратификациялық құжаттар талқыланып, депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Олар: Литвамен, Ресеймен реадмиссия туралы үкіметаралық келісімді және Ресеймен реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын, сонымен қатар, Қазақстан мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялауға бағытталған. Сонымен бірге, екінші деңгейдегі  банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету мен қаржы ұйымдары, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қызметі мәселелері бойынша түзетулер жұмысқа қабылданса, ілеспелі түзетулерімен қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы заң жобалары бойынша жұмысты жалғастыру туралы қаулы қабылданды. Жақсыбай САМРАТ, Егемен Қазақстан».