Сурет: abai.kz
Әлемде ең бай әрі бақуатты АҚШ, Қытай, Жапония секілді мемлекеттер бүгінгі көшбасшылық дәрежеге қалай жетті? Олар осы өнертапқыштардың жұмысын бағалау арқылы, тіптен шетелдік маман болса да шақырып, ел өнеркәсібін аяққа тұрғызу арқылы жеткенін бүгінде көзіқарақты қауым жақсы біледі.
Ал «Қазпатент» секілді ондай мекеме бізде де бар. Бірақ ол мекеме не істейді? Ел қажетіне жарар қандай жаңалық ашылды және олардың қаншасы өндіріске жіберілді? Өнертапқыштарға қандай көмек беріліп жатыр, бұл туралы ешкім білмейді. Өйткені халық ондай мекеменің ел алдына шығып есеп бергенін естіген де, көрген де емес.
Әйтсе де мен сол ұйыммен көптен бері таныспын. 2014 жылы «Күн электр стансасына» алған инновациялық патентім бар. 2021 жылы автомобильді жол апатынан сақтайтын магниттік құрылғыға алған патентім және бар. Бұдан бөлек, 2024 жылы күз айында тапсырған «Жасыл энергетикаға» арналған төрт патенттік жобам тағы жатыр. Бірақ мен әлі күнге дейін олардан толыққанды жауап алған жоқпын. Дегенмен патентті алған күнде де, ол сызбалар бойынша жасалатын макетті қайда жасатып, қайда сынақтан өткізем деген екіұдай үрейдемін. Өйткені мен оны «Күн электр стансасының» патентін алғанда көргенмін.
Әрине, өнертапқыштық өте абыройлы және сауапты іс. Қазір күнде қолданатын электр энергиясы, газ бен мұнай өндіру әдістері, ұшақтар мен автомобильдердің бәрі – осы өнертабыстық ізденудің арқасында табылған. Егер менің жол апатын болдырмайтын магниттік қондырғым қазір қолданыста болғанда талай жанның өмірін жалмаған жол апаты азаяр еді деп ойлаймын.
Еліміздегі патенттік қызметтің жұмысына қарап отырып, өнертапқыштарға берілетін патент пен қолдау мүлде сын көтермейтінін айтқым келеді. Бүгінгі өнертапқыштардың жұмысын бағалап, олармен дұрыс жұмыс жүргізу, ел өнеркәсіптерімен байланыс жасау мүлде ақсап жатыр. Сондықтан бұл жұмыстың бәрін жолға қою үшін өнертабыс орталығын қайта құру керек деп білемін. Егер ондай жағдай болса, мен оған мынадай өз жобамды ұсынамын.
Меніңше, өнертабыс жаңалықтарын жасайтын бұл мекеме мынадай үш бөлімнен тұрса деймін.
Бірінші – түскен ұсыныстарды талдау бөлімі. Мұнда 2 немесе 3 – мықты физик, химик және биолог болуы керек. Мекемеге келіп түскен ұсыныстарды ең бірінші кезекте осы мамандар қарап, көңілге қонымды, елге игілігі тиетін жақсы идея болса, оны келесі конструкциялық бөлімге тапсырып, ал жарамсыз ұсыныстардың кемшілігін көрсетіп, екі-үш күннен қалдырмай, иесіне хат арқылы хабарлауы қажет.
Екінші – конструкторлық сынақ бөлімі. Мұны кішігірім зауыт ретінде қарастырып, онда токарлық, дәнекерлеу станоктары мен құрылғылар, сондай-ақ осында жұмыс істейтін техникалық инженерлер, білікті электриктер, слесарлар, дәнекерлеуші және құрастырушылар болуы тиіс.
Үшінші – ел өнеркәсібімен менеджерлік байланыс бөлімі. Бұл бөлімде өнертабыстық сынақтарда жақсы нәтиже көрсеткен жасалымдар дәріптеліп, тиісті өнеркәсіптік компанияларға ұсыныс жасалады. Ұсыныстарды дизайндық үлгіде қайта жасау және сатып алу бойынша келіссөз жүргізіледі.
Бұған соншалықты көп қаржы кетпейді. Мұндай ұйымды әр облыста ұйымдастыруға болады. Сондай-ақ өнертапқыш жастарды осы салаға одан әрі қызықтыру, ынталандыру үшін мемлекет жиі байқаулар өткізсе деймін.
Міне, біз тек осындай бір орталықтан басқарылатын патенттік мекеме арқылы ғана өнертапқыштарға жеңілдік жасап, ел экономикасының одан әрі дамуына жол ашамыз.
Бердалы РЫСБЕКОВ,
зейнеткер ұстаз
Түркістан облысы