Спорт • Бүгін, 08:55

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияның Анталья қаласында өткен Яшар Доғу, Вехби Эмре, Хамит Каплан мемориалын еліміздің грек-рим күресі шеберлері төрт медальмен қорытындылады. Бағдат Сабаз (67 кг) бен Юсуф Ашрапов (72 кг) қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. Еркебұлан Ардақов (63 кг) пен Рахат Бержанов (97 кг) қола медальды еншіледі.

Жарыс күнделігі
  • Қатар астанасы Дохада үстел теннисінен халықаралық турнирдің тұсауы кесілді. Бұл жарыста Лин Шидун (Қытай, әлемдік рейтингте №2), Уго Кальдерано (Бразилия, №3), Томокази Харимото (Жапония, №5), Лян Цзинкунь (Қытай, №7), Лин Юн-Чжу (Тайпей, №9), Куай Мэн (Қытай, №3), Чжу Юлин (Макао, №7), Че И (Қытай, №8), Шин Юбин (Оңтүстік Корея, №12) сынды мықтылар бақ сынайды. Парсы шығанағында еліміздің намысын Ескендір Харки мен Сарвиноз Мірқадырова қорғайды.
  • Аса ауыр салмақтағы қазақтың кәсіпқой боксшысы Асхат Жантұрсынов кезекті жекпе-жегін 29 қаңтарда Таиланд астанасы Бангкокта өткізеді. Қарсыласы – Аписит Сангмуанг. Тай спортшысы 36 мәрте рингке көтеріліп, 22 рет жеңіске жетті. 17 бәсекеде айқын басымдық танытты. 14 рет ұтылып, тағы екі кездесуде тең есеп тіркелді. Асхат – базалық кикбоксшы. Спорттың осы түрінен Әлем кубогінің иегері, Азияның екі дүркін чемпионы. Кәсіпқой бокс­тан 11 кездесу өткізіп, 10 рет мерейі үстем болды. Тоғыз қарсыласын есінен тандырды. Сағатбек Мұсахановтың шәкірті осыдан төрт жыл бұрын әзербайжандық Сурат Гараевтан ұтылды. Бірақ ашық айқаста емес, жарақат алуына байланысты дәрігерлер оған жекпе-жекті жалғастыруына рұқсат бермеді.
  • Oktagon промоушенінде күш сынасып жүргендер арасында Еуропаның ең үздік аралас жекпе-жек шебері анықталатын күн жақын. Үміткерлер қатарында Жалғас Жұмағұлов та бар. 37 жастағы Ақтөбе қала­сының тумасы «Еркін күш» клубында өнер көрсетеді. Спорттың осы түрінен мансабын 12 жыл бұрын бастаған. 28 мәрте октагонға шығып, 19 рет жеңіс тойын тойлады. 10 бәсекеде айқын басымдық танытты. 2020–2023 жылдар аралығында Жұмағұлов UFC-де жұдырықтасты. Кейіннен Oktagon ұйымына оралып, чемпиондық белбеуді иеленді. Соңғы жекпе-жегін Жалғас Прагада чехиялық Давид Дворжакқа қарсы өткізіп, оны мерзімінен бұрын ұтты. Қазіргі кезде қандасымыз P4P рейтингінде 3-орында тұр. Алдында тек ирландиялық Уилл Флери мен германиялық Керим Енгизек. 
Соңғы жаңалықтар