АСТАНА. 24 ақпан. 2015 жылға бюджет тапшылығына қарамастан, ауыл шаруашылығы саласына 20 млрд. теңге қосымша қаржы бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов айтты.
Baq.kz порталының хабарлауынша, депутат әлем нарығындағы бағалардың төмендеуі еліміздің экономикасына өзінің әсерін тигізіп жатқанын тілге тиек еткен.
«Соңғы кездері əлем нарығындағы шикізат ресурстары бағаларының төмендеуі еліміздің экономикасының дамуына өз əсерін тигізуде. Түбінде жер қойнауы байлықтары таусылуы да мүмкін. Ал əлем халықтарының саны мен олардың əл-ауқатының өсуі, ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс күн санап арта түседі. Егер біз жерді тиімді пайдалана білсек, оның құнарлығын арттырып, инновациялық технологияны ендірсек ауыл шаруашылығынан тұрақты түрде мол өнім алып, табысқа жетуге болады. Үстіміздегі жылы үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы қазіргі экономикалық ахуалға байланысты «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы жаңа шаралармен толықтырып, агроөнеркəсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды ұлғайтуға тапсырма берді. Елбасы тапсырмасына сəйкес, Үкімет нақтылаған 2015 жылдың бюджеті туралы заң жобасында бюджет тапшылығына қарамай, ауыл шаруашылығына 20 млрд. теңге қосымша қаржы бөлініп отыр», - деді депутат.
Сонымен қатар, 2015 жылы ауыл шаруашылығының алдына жалпы өнім көлемін 2,7 пайызға арттыру мəселесі қойылғандығын айтқан Қуаныш Айтаханұлы: «Қазір оңтайландыру барысында барлық саланың өсу көлемі қысқарды, бірақ ауыл шаруашылығының сол күйінде 2,5 пайызда қалды. Осының өзі ауыл шаруашылығына қайсыбір қиын кезеңдерде де басымдық беруге болатынын, оны дұрыстап пайдалана білетін болсақ елімізге үлкен экономикалық табыс алып келетін саланың бірі екендігі айқындалып отыр», - деп атап өтті.
Мұрат Айтқожа.