Іс материалдарына сай Тараздағы мектептердің бірінде 9 сынып оқитын кәмелетке толмаған Р. есімді азамат қатарласы А. есімді азаматпен жанжалдасып, құрдасына күш қолданған. Нәтижесінде ол мойын жарақатынан оқиға орнында көз жұмған еді.
Сотта айыпталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жасөспірімге 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал марқұмның жақындары моральдық зиянды өтеуді талап етті.
Бестеректегі төрт баланың өліміне себепкер болған жүргізуші 9 жылға сотталды
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелетке толмағанын, істеген әрекетіне өкінетінін және жағымды мінездемелерін ескеріп, жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда кәмелетке толмағандарға қатысты арнайы нормалар қолданылып, жаза ең төменгі шекте белгіленді.
Сот үкімімен Р. кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот сотталушының заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндіруді міндеттеді.Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Тараз