Ислам дінінде білім алудың орны ерекше. Қасиетті хадисте: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз», деп айтылуы да ілімнің адам өміріндегі маңызын айқындайды. Осы ұстанымды басшылыққа алған жаңа орталық жас ұрпақтың діни сауатын ашып, рухани тәрбие беру жолындағы маңызды қадам болып отыр.
Салтанатты шараға Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы қатысып, жамағатты жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде мұндай білім ошақтарының қоғам үшін мәні зор екенін, жасөспірімдердің дұрыс бағытта тәлім-тәрбие алуына үлес қосатынын жеткізді.
Жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрайтын ғимаратта асхана, ұстаздарға арналған жеке кабинет, сондай-ақ балаларға арналған жатын орындар бар. Бұл шәкірттердің білім алуымен қатар, қолайлы тұрмысын жасаған кешенді орталық екенін көрсетеді.
Жаңа сауат ашу орталығының ашылуы – бүгінгі жастардың діни сауатты болуына ықпал етеді. Балалар мен жасөспірімдер тек діни білім алып қана қоймай, ізгілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеленеді.
«Мешіт жанынан ашылған бұл сауат ашу орталығы алдағы уақытта Қаражал қаласындағы діни-ағартушылық жұмыстардың маңызды тірегіне айналмақ. Мұнда шәкірттер Құран әліппесін меңгеріп, рухани-адамгершілік бағыттағы тағылымды білім алады», деді Қаражал қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Талғат Советов.
Ұлытау облысы